Қарағанды қаласында “Жас Бүркіт – 2026» әскери-патриоттық жиыны өз мәресіне жетті

Қарағанды өңірінде орналасқан 6505 әскери бөлімінде өткен «Жас Бүркіт – 2026» әскери-патриоттық жиыны жоғары деңгейде ұйымдастырылып, салтанатты түрде қорытындыланды. Аталған іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру, әскери қызметке деген қызығушылықты арттыру және патриоттық тәрбиені нығайту болды.

Жиынға Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп, №33 жалпы білім беретін мектеп және Ж.К. Бөкенов атындағы Қарағанды жоғары колледжі студенттері мен оқушылары белсенді қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар түрлі әскери-спорттық кезеңдерде ептілік, шапшаңдық, күш-жігер және төзімділік сияқты қасиеттерін көрсетіп, жоғары дайындық деңгейін дәлелдеді.

Сайыс барысында жасөспірімдер саптық дайындық, кедергілер жолағынан өту, әскери эстафета және басқа да практикалық тапсырмалар арқылы өз мүмкіндіктерін жан-жақты сынады. Әрбір кезең қатысушылардың ұйымшылдығын, тәртіптілігін және командалық рухын айқындады.

Іс-шараның маңыздылығын арттыра түскен құрметті қонақтар да арнайы шақырылды. Солардың қатарында Аналар жүрегі – сарбаздар аналары комитетінің өкілі Каражанова Дана Рахматиллаевна қатысып, жас буынға ақжарма тілегін білдіріп, елге қызмет етудің маңыздылығы жөнінде әсерлі ойларымен бөлісті.

Жиын қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар мен қатысушылар I, II және III дәрежелі дипломдармен, сондай-ақ бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл – олардың табандылығы мен қажырлы еңбегінің, жеңіске деген ұмтылысының айқын көрінісі.

Осындай тағылымы мол іс-шаралар жас ұрпақтың елге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.

ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі