Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары марапатталды

Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасының қорытындысы шығарылды. Қысқа уақыт ішінде бұл бастама жай ғана байқау шеңберінен шығып, ауқымды оқу қозғалысына айналды. Оған оқушылардан бастап еңбек ұжымдары мен тұтас отбасыларға дейін ондаған мың адам қатысты.

Жоба Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып, пилоттық форматта Қарағанды облысында бастау алды. Кейін оған Қостанай облысы мен Шымкент қаласы қосылды. Соның ішінде ең жоғары қамтуды дәл Қарағанды облысы көрсетті — мұнда 67 824 адам қатысқан.

Жеңімпаздарды марапаттау 23 сәуір — Ұлттық кітап күніне орай өтті.

Байқау қазақ және орыс лигалары бойынша екі бағытты, сондай-ақ алты номинацияны қамтыды. Жоба барысында қатысушылар жас ерекшелігі мен мақсаттарына сай сарапшылар іріктеген 15 кітаптан оқыды. Тізімде отандық және шетелдік авторлардың шығармалары, оның ішінде Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов және Бауыржан Момышұлының еңбектері бар.

Қатысушылар электронды оқырман күнделіктерін жүргізіп, кейін тестілеуден өтіп, облыстық зияткерлік квизге қатысты.

— Бұл жоба кітапқа деген қызығушылықтың әлі де жоғары екенін көрсетті. Демек, саналы түрде даму жолын таңдайтын қоғам қалыптасып келеді. Бұл өз кезегінде өңіріміздің болашағы кемел әрі тұрақты болатынын білдіреді. Бүгінгі күн көптеген игі бастамалар мен дәстүрлердің негізін қалады, олар өзгелерге үлгі бола алады. Осындай бастамалардан интеллектуалды ұлт қалыптастыруға бағытталған стратегиялық міндеттердің жүзеге асуы басталады деп сенемін, — деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ ол өңірде оқу мәдениетін дамытуға жаңа мүмкіндіктер жасалып жатқанын атап өтті. Қарағандыда «Алаш» скверінде кітапхана ашылып үлгерді, тағы бірі Назарбаев көшесінде ашылмақ. Бұдан бөлек, болашақта «Керуен-Қарағанды» сауда-ойын-сауық орталығында кітапхана үшін екі мың шаршы метрден астам аумақ бөлінеді.

Байқауда Қарағандыдан Балғабек пен Жұмағұловтар отбасылары жеңімпаз деп танылып, олар Астанада марапатталды.

Өңірде «Кітап оқитын әулет» номинациясының лауреаттарына марапатты Ермағанбет Бөлекпаев табыстады.

Балқаш қаласынан Құрал отбасы облыс бойынша үшінші орын иеленді. Отбасының ұйытқысы Назым Құралдың айтуынша, жоба балалардың кітапқа деген көзқарасын өзгерткен.

— Байқауға қатысушылар көп болды, біз тіпті жүлдегер атанамыз деп ойлаған жоқпыз. Балалар жай ғана оқығысы келді, біз оларды қолдадық. Әр оқылған кітаптың өзіндік мәні бар, әрқайсысы ерекше әсер қалдырады, — дейді Назым Құрал.

Ең жасы үлкен қатысушылардың бірі — 80 жастағы Бағзат Оралбай. Бұрынғы ұстаз кітапсыз өмірін елестете алмайтынын айтады.

— Біздің отбасымызда бәрі оқиды. Мен бала кезден кітапты жақсы көремін және әлі күнге дейін оқимын. Маған Мұқағали Мақатаев пен Шерхан Мұртазаның шығармалары ұнайды. Жастарға айтарым — көбірек оқыңдар, кітап адамға көп нәрсе береді, — деп өскелең ұрпаққа ақ тілегін білдірді Бағзат апа.

Ең ауқымды санат «Кітап оқитын мектеп» атанып, оған 30 мыңнан астам адам қатысты.

Бұл номинацияда Приозерск қаласынан 8-сынып оқушылары — Айнара Сабық, Перизат Файзуллаева және Лаура Жарылғапова жеңіске жетті.

— Кітапқа деген сүйіспеншілік бірден келген жоқ — шамамен 9–10 жаста, мектепте бес минуттық оқу енгізілген кезде басталды. Бұл жоба жаңа авторларды ашуға мүмкіндік беріп, жақсы мотивация болды, — дейді оқушылар.

Барлық санаттар бойынша жүлдегерлер ақшалай сыйақы алды: бірінші орынға — 1 млн теңге, екінші орынға — 600 мың, үшінші орынға — 400 мың теңге берілді.