Аңсағанның кезекті жеңісі

Ақадыр кентінің Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы, тоғызқұмалақшы Қожанәсіп Аңсаған Азаматқызы Бурабай өңірінде (Шучинск қаласында) өткен тоғызқұмалақтан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында рапид түрінен жүлделі ІІ-орынды иеленіп, үлкен жетістікке қол жеткізді. Аталған жетістік табандылық пен еңбекқорлықтың ғана емес, сонымен қатар ақыл-парасат пен төзімнің жемісі екені сөзсіз.

Жарыс барысында өзінің жоғары деңгейдегі шеберлігін, ой ұшқырлығын, сабырлылығын көрсеткен Аңсаған қарсыластарының арасынан дара шығып, облыс намысын абыроймен қорғады. Осындай биік белесті бағындыру – әрбір спортшының арманы екені анық.

Бұл жеңіс – алдағы асуларға бастар үлкен қадам. Жарыс қорытындысы бойынша Ақсаған Румыния мемлекетінде өтетін Әлем біріншілігіне жолдама алып, халықаралық деңгейде ел намысын қорғау құрметіне ие болды.

Жерлесіміздің Қазақстан Республикасының чемпионатында алған күміс жүлдесі құтты болсын! Алдағы Әлем біріншілігінде де биік тұғырдан көрініп, көк туымызды желбірететініне сеніміміз мол.

Жеңістен жеңіске жете берейік!

Қ.БЕКҚОЖИН,

Ақадыр кенті