Автордың осы бір тұжырымды ой-түйсігі баспадан шыққан бұрынғы да қазіргі туындысының мазмұндарынан айқын байқалады. Біріншіден, өзінің ғұмыр жолында оқығаны мен білгені, көргені мен сезінгені, ізденісті де қабілеттілік қасиетінің мол екенін түйсінсек, екіншіден, есейген ересек шағында сол бойындағы адалдық пен алғырлығын, талабы мен талпынысын, парасаты мен ғибратын, еңбекқорлығы мен байқампаздығын басқаның әсіресе өскелең ұрпақтың санасына сіңіруге айрықша арнағанын байымдауға болады.
«Тынымсыз ғұмырым» тақырыбындағы өмір жолына үңілсек, Тұңғышбай бала өскелең жас шағында-ақ алға апарар жол еңбек жолы екендігіне ерекше мән берген. Еңбек ете жүре әртүрлі қиындыққа кездессе де «туғаннан заочник» атала орта білімдік аттестатын, одан жоғары білімдік дипломға ие болуы талапты жастың тағлымды талант иесі екендігін танытады. Кітап мазмұны оқырманға «Оқыңдар, ізденіңдер сонда ғана асау армандарыңа жетесіңдер, туған жеріңе, еліңе елеулі еңбек етесің!» деген ғибратты қағидатты ұсынғандай.
«Туған жер тарих тағлымы», «Дана бабалар мен дара тұлғалар», «Ақтоғай – алаш арыстарының ата-мекені» тақырыптарынан Ақтоғай ауданының асқақтығына, кезінде сол аймақтағы халықтың өсіп-өркендеуіне елеулі еңбек сіңірген ұлы тұлғалардың ұлықты істеріне куә боласың. Арыстар Ә.Бөкейхан, Ә.Ермеков, А.Жақыбының өмір тарихымен таныса келе, олардың тағы да басқа сандаған алаштықтардың кіндік қаны тамған киелі жердің – «Ақтоғай – алаштың кіші ордасы» деген зиялы азаматтар атауының дұрыстығын қолдайсың да қосыласың.
Шоқан Уәлиханов пен Әлихан Бөкейханға арнала жазылған «Тұлғалар тағдырындағы ұқсастық» тақырыбы автордың тағы да бір қырын – зерттеушілік қабілетін көрсетуде. Автордың айрықша дарындылығы – елімізге нұрын шаша Әлемге жарқырай танылған қос жұлдыздың өмір жолын зерттей де зерделей салыстыра таныстыруы. Нағыз докторлық атаққа сай еңбек! Тұңғышбай Мұқанға бұрын да, осы туындысына да орай жазылған сандаған ой-пікір білдірушілердің, оны: «дала данышпаны», «дара данышпан», «Әлихан шырақшысы», «сөз сүлейі» деп бағалуы, оның «сегіз қырлы, бір сырлы» білгір азаматтығын көрсетуде.
«Жанға жайлы жазбалар» тарауы автордың адами қасиетін танытарлық ой-толғаулар. Баспадан шыққан: «Ел тарихы – рухани қазына» (2019 ж.), «Ақтоғай» (энциклопедия, 2019 ж.), «Ақтоғай – тарихтың тас сандығы» (2020 ж.), «Тынымсыз ғұмырым» (2021 ж.), «Жақсы сөз – жарым ырыс» (2022 ж.), «Қарашаңырақ Қараталым» 6 кітабына және «Ақтоғай – тарихтың тас сандығы», «Әлихан Бөкейхан – ұлт азаттық күрескері», «Таста сақталған тарих» атты фильмдеріне көптеген оқырман мен көрерменнің, солардың арасынан автордың көңілін көтерерлік, жанына жағарлық баспа беттерінде жарияланған 24 қаламгердің мақаласы берілген. Еңбегіне сай айтылған жақсы сөздің жан жадыратары, кімді болса да қуантарлығы хақ. Сондай-ақ, «Ой сүзгілер», «Көктен түскен қошемет» тақырыбында интернеттен: «YouTube», «Instagram», «Facebook» бетінде жарияланған 44 адамның пікірлері берілген. Біріншіден, осы «Ой сүзгілер» тақырыптарына көз түскеннен-ақ, одан соң мазмұндарымен таныса келе автордың риялы ризашылық сезіміне бөленгені байқалады. Екіншіден, өзінің жазба құжаттарында, «WhatsApp»та, санасында сақталған осы 68 азаматтың (ғаламат қабілеттілік!) жазбаларын шығарма мазмұнына мерейлі де мейірімді ойымен енгізе отырып (сақталмаған басқаларға да) үлкен «Алғысын!», «Рақметін!» білдіргендігі де сезіледі. Иә, бұл нағыз адамгершілік қасиет!
Осы кітаптан, қаламгер Тұңқышбай Өміртайұлының тек жай ғана алғысын білдірумен шектелмегенін түйсінеміз. Талай достары, қызметтестері, әсіресе өнер жолындағы азаматтардың өркенді өмірі, елеулі еңбек жолы, желкенді жетістіктіктері жөнінде аудандық, облыстық, республикалық баспа беттерінде мақалалары, деректері жарияланған. Солардың 28 осы кітапта.
Ұлтжанды азаматтың туған жер, еліне деген сүйіспеншілігін, жерлестеріне, еңбек адамына деген қадір-құрметін өзі басшылық жасай да ұйымдастыра жарыққа шығарған «Қарашаңырақ Қараталым» атты шежірелік шығармасынан нақты көреміз. Кітап-шежіре ауылдастарының, аталастарының төр кітабына айнала ондаған әулет пен ұрпақтар есімдері, сан жүздеген адам аттары мен жер – қыстақ, тау-төбе, өзен-көл атаулары өткен заман мен кешегі өмірді еріксіз еске түсіре, бүгінгі ұрпақтарды оңды ойларға бөлері, болашақтарына баянды бағыт берері белгілі.
Қасиетті Сарыарқаның төрі – Қарағанды аймағы, Ақтоғай өңірінің талай тарихи кезеңдер мен оқиғалардың куәсі болған қастерлі де киелі өңір екендігін Т.Мұқанұлының фильмдерінен нақты көреміз.
Ел Президентінің Ұлттық құрылтайда тарихи ескерткіштерді қорғап, сақтау жөніндегі тапсырысын жүзеге асыруға сай дерлік тарихи құжаттар мен тілсіз меңіреу тастарды сөйлеткен, археоло-гиялық ескерткіштері мен табиғат құбылыстары жайлы сыр шерткен, әрбір көрерменге ерекше әсер етер кино-туынды – режиссердің «Таста сақталған тарих» атты деректі фильмі. Мазмұны бай, тағлымы мол фильм. Елі мен жерінің жайсаң жетістіктеріне жадырай, керемет көріністеріне қуана білетін талайлардың санасын жаңғырта, патриоттық сезімін оята, ой-қиялға берілуіне дәнекер. Көре білетіндердің танымын арттырар, жақсылардың жанын жадыратар сандаған тарихи деректерді көз алдыңа келтіре таңдандырары да, таңғалтары да сөзсіз. Режиссердің басты мақсаты да, кино-туындының құндылығы да осы болар. Иә, сонау «Неолит-Қола-Темір-Сақ-Ғұн-Көне Түрік-Қыпшақ» дәуірлерінен қалған мылқау тастарға тіл бітіре, сиқырлы сырларға толы «Құпия құбылыстар» мен «Үңгірлердің» тылсым дүниесін көгілдір экраннан көз жеткізе көрсетуге, нелер тарихи-ғажайып деректерді түйсігімізге түюуге барын салған Тұңғышбай Өміртайұлы Мұқанды бір ғалым емес, сандаған ғалымның еңбегін атқарған ерен еңбек иесі деуге болар! Бұл фильм қазіргі де келешек археологиялық мамандар үшін қажет керемет туынды!
Тарихи-танымдық бұл кітаптың тағы бір ерекшелігі «Айшықты деректер» тақырыбында келтірілген жылнамалық деректер.
Ғұлама ғалым Әл-Фарабиден бастап, Ұлы тұлғалар, Қазақ хандығы, Қазақ-Қалмақ шапқыншылығы, Кеңес Үкіметінің қиянаты, тағы басқа тарихи оқиғалар туралғы дерек көздері оқырмандардың танымдық дүниесін арттыруға арналған.
Әсіресе аудан өмірі жөніндегі «Жылнамалық мағлұматтар тізбесі» біріншіден, автордың білімділігі мен ізденісін, ес-жадының мықтылығы мен жалпы қабілеттілігін, еңбекқорлық пен іскерлігін, алғырлық пен асқақтығын, ұлтжандылық пен отансүйгіштік қасиетін, мейірімділік пен мінезділігін, адалдық пен даналығын танытса, екіншіден аудан азаматтарының, өскелең ұрпақтардың өміріне, өсіп-өркендеуіне, зиялылық қабілетін дами да артуына, туған жерінің тарихын білуіне қажет те өте маңызды мағлұматтар. Ана тіліміздің құдіреттілігін танытар, Еліміздің өткен, өскен, Тәуелсіздігімізге жеткен жолын көрсетерлік ғажап құндылықтар!
Қорыта келе, аталмыш кітаптың туған өлкеміз жайлы бұрында естіп – білмеген талай маңызды тарихи мағлұматтарға көзімізді жеткізері, ой-санамызды байытары, Арқа белі Ақтоғайдың қасиетті топырағына деген құрметімізді одан сайын арттырары хақ!
Сонау ықылым заманнан ата-бабалардың қуат-күшімен сақталған, олардың өнегелі де өркенді тарихын тағылым тұтқан Ақтоғай өңірінде дүниеге келген барша ұрпақтар, құндылықтарға толы осы кітапты әр Отбасы, оның әр мүшесі тағлым тұтарлық, ғибрат аларлық тамаша тарихи туынды ретінде төрінде сақтарлығы ақиқат!
Тілеуғалы ӘМІРТАЙҰЛЫ,
Халықаралық жазушылар одағының мүшесі,
ҚР журналистер одағының мүшесі,
«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы»
