Ақтоғай өңірінің рухани болмысы мен тарихи тереңдігін айшықтайтын негізі адам факторында жатыр. Арқа төсіндегі Ақтоғай өңірі жай ғана географиялық мекен емес, ол қазақ халқының біртуар тұлғаларын түлеткен, ұлттық рух пен өнердің киелі ордасы. «Ақтоғай – үш арыстың мекені», «өнердің ұясы» деген теңеулер бұл өлкенің тарихи салмағын дәл сипаттайды.
Ақтоғай десе, ең алдымен есімдері ел тарихында алтын әріппен жазылған Алаш ардақтылары ойға оралады. Бұл топырақ – қазақ мемлекеттігі мен ғылымының негізін қалаушылардың ата қонысы:
Әлихан Бөкейхан: Алашорда үкіметінің төрағасы, ұлт көсемі. Оның азаттық жолындағы күресі осы өңірден бастау алған.
Әлімхан Ермеков: Тұңғыш қазақ математик-профессоры, Қазақстан шекарасын белгілеуде өлшеусіз еңбек сіңірген тұлға.
Жақып Ақбаев: Қазақтың алғашқы заңгерлерінің бірі, құқық магистрі, Алаш қозғалысының қайраткері. Бұл үш арыс – Ақтоғайдың ғана емес, бүкіл қазақ елінің мақтанышы. Олардың рухы бүгінгі ұрпақ үшін биік белес, өшпес өнеге.
Бұл өлкеден шыққан өнер саңлақтары қазақ мәдениетінің қазынасын байытты. Ақтоғай топырағында дәстүрлі ән мектебі қалыптасты. Бүгінде де Ақтоғай өзінің талантты адамдарымен, халықтық театрларымен және қолөнер шеберлерімен «өнер ұясы» деген атағын асқақтатып келеді. Ақтоғайдың даңқы оның кең байтақ жерімен немесе қазба байлығымен ғана емес, ең алдымен адам капиталымен, біртуар тұлғаларымен өлшенеді. «Елдің атын ер шығарады» дегендей, Ақтоғайдың әрбір төбесі мен өзені бір-бір аңыздың куәсі. Мұндағы Қызыларай таулары мен Тоқырауын өзенінің бойы ұлылыққа толы. Нарманбет Орманбетұлы сияқты ақын-жыраулар мен бүгінгі күннің ғалымдары, қоғам қайраткерлері Ақтоғай есімін әлемге танытуда. Бұл өңірдің адамдарына тән басты қасиет – тектілік, білімге құштарлық және ұлттық құндылықтарға адалдық.
Біз сөз еткелі отырған, 80 жасты еңсерген Ақтоғай елінің тумасы, қазақ руханиятының темірқазығы, үш арыстың даңқын бүгінгі күнге жоғалтпай жеткізуші, әлихантанушы – Тұңғышбай Мұқан ақсақал. Тыным көрмейтін өлкетанушының Ақтоғай ауданының мәдениеті мен өнерін дамытудағы орасан зор еңбегі қаламгерлер тарапынан жеткілікті айтылып жатыр. Біздің айтпағымыз – өндіріс командирі ретіндегі іскерлік, ұйымдастырушылық жұмыстарына аз ғана шолу жасау.
1994-2008 жылдары аудандық кәсіптік-техникалық училищенің директоры болып, өтпелі кезеңде училищенің базасын сақтап қалғандығы аңыз есебінде айтылады.
Тұңғышбай Өміртайұлының өнегелі өмірі мен еңбек жолы – ғибратты жол.
Өтпелі кезең қайраткерінің бүгінгі күнге дейінгі ғұмыры көпке үлгі. Тоқсаныншы жылдардың басындағы ел басына түскен қиындықтар мен нарықтық экономикаға өту кезеңі нағыз іскер, тәуекелшіл және халықшыл басшылардың тұлғасын айқындап берді. Солардың бірегейі – кәсіптік-техникалық училище директоры қызметін атқарған Тұңғышбай Мұқанұлы. Оның басшылық еткен жылдары тек білім беру емес, жасампаздық пен жанашырлықтың мектебіне айналды. Нарық қыспаққа алған өтпелі кезеңде училище базасын сақтап қалу үшін Тұңғышбай аға өндірістік бағытты жандандырды.
Тері өңдеу цехы: Училище бағдарламасына тері өңдеу ісін енгізіп, шәкірттерді ежелгі кәсіптің заманауи тәсілдеріне баулыды. Бұл – жастардың қолөнерге машықтануына ғана емес, мекеменің өзін-өзі ақтауына жасалған қадам еді.
Азық-түлік қауіпсіздігі: Жеке наубайхана ашып, курсанттарды ыстық нанмен қамтамасыз ету арқылы шәкірттердің әлеуметтік жағдайын басты назарда ұстады.
Ел игілігі жолындағы жасаған еңбегі тек білікті педагог емес, сонымен бірге жер тілін білетін шебер агроном ретінде де танылды. Бұлақ басынан өз күшімен тоған жасап, суармалы егістік ұйымдастыруы – нағыз ерлік. Егілген бидайдан гектарына 18 центнерден өнім алуы сол кезең үшін таңғаларлық жетістік және ерен еңбектің жемісі болды. Көктемгі егіс пен күзгі жиын-терімде, кез келген науқандық жұмыста бел жазбай еңбек етіп, айналасына үлгі болды.
Жиналған мал азығын ауыл қарттары мен зейнеткерлеріне төмендетілген бағамен үлестіруі адам айтқысыз қамқорлық, оның бойындағы адамгершілік пен үлкенге деген құрметтің айқын көрінісі еді.
Тоқырау жылдарындағы жаппай қысқарту науқаны кезінде Тұңғышбай Мұқан стратегиялық көрегендік танытты. Аудандық спорт мектебі мен орталық интернатты училищенің базалық құрамына қосу арқылы бұл маңызды әлеуметтік нысандарды жойылып кетуден аман алып қалды. Осы шешімнің арқасында жүздеген бала спортпен шұғылдану және білім алу мүмкіндігін сақтап қалды. Оңтайландыру жылдарының қиын кезеңінде жүрек жылуын тағдыры қиын балаларға бере білді, пана болды.
Оның адамгершілік тұлғасының тағы бір қыры – Теміртау қаласынан келген 18 тәрбиеленушіге жасаған қамқорлығы. Бұл балаларды училищеге қабылдап қана қоймай, олардың оқуын аяқтап, мамандық алып, жұмысқа орналасуына тікелей ықпал етті. Бұл ұстаз деген атқа нағыз лайықты іс еді.
Тұңғышбай аға лауазымына қарамастан, елдің мұңын өз мұңы деп білді, қарапайымдылық пен қажырлылықтың үлгісін көрсете білді. Қыс айларында қалың қарда жол жабылып, қатынас қиындағанда, училищеге қарасты К-700 тракторын пайдаланып, жол аршу жұмыстарын басқарды, түн ішінде алыс ауылдарға жедел-жәрдем орнына алып тракторды жұмсады. Қыстың қытымыр аязында 2 сағатта баратын қыстаққа жарты күн жүріп баратын уақыттар болды. Қаншама адамның өмірін сақтап қалуға арашашы болды, оның бәрі өткен тарих болып жазылып қалды. Бүкіл аудан Тұңғышбай аға басқаратын училищеге қарап қалды десем артық емес. Кезінде аты аспандап тұрған жол пайдалану мекемесі нарыққа төтеп бере алмады, бірақ жаратушы Ақтоғай еліне тығырықтан шығаратын азаматты берген еді. Сол азамат бүгінде ақсақалдық тәжін киіп, рухани салада биіктен көрініп жүргені көпшілікке аян.
Тұңғышбай Өміртайұлының еңбек жолы – қиындыққа мойымаудың, тапқырлықтың және туған елге деген шексіз махаббаттың үлгісі. Ол басқарған училище тек білім ордасы емес, нағыз тіршіліктің қайнаған орталығы, халықтың сүйенер тірегі болды. Оның есімі мен ісі ел жадында әрдайым құрметпен сақталмақ.
Мұндай жетістікке жетудің тағы бір сыры маңайына шаруашылық ісін білетін, халықтың қамын ойлай білетін білікті өндіріс мамандарын жинап, ұйымдастыра білуінде еді. Алып К-701 тракторының зайыбына айтады екен: «Келін шырағым, мен телефон шалғанда сен пешке шайыңды қойып, ас-суыңды дайындай бер, сол арқылы жолдасыңның жұмыстан ерте қайтуына жағдай жасайсың» – деп. Өзі өндіріс алаңына келіп, тракторшыға көмектесіп сапарға аттандырып салатын кездері көп болыпты.
Аумалы-төкпелі заманда нағыз халық қалаулысы болған десек, артық айтқандық емес. Қыс кезінде қаладан қатынайтын автобус қоятын жылы бокс табылмай, мұның ақыры халықтың жағдайын ашып отырған автобустың тоқтауына әкеліп соғады. Ауылдың үлкендері Тұңқаңа жүргізушіге жағдай жасау керектігін айтып қолқа салады. Сөзге келмейді, училищенін жылы әрі жарық кең гаражын босатып береді.
Арқаның қысы қытымыр келеді, оның үстіне Ақтоғай аймағы облыс орталығынан қашықта орналасқан, өндіріс ошақтары жорқтың қасы. Небәрі 45 шақырым қашықтықта орналасқан Жәмші ауылына 17 күн бойына жол қатынасы болмағандығы сол кездегі ауылдар өмірінен сыр шертсе керек. Соншама уақыттан кейін училищенің сары тракторы жол ашып келгенде, қуанбаған халық кемде кем. Бұл – сол кездегі ауылдар өмірінің ащы шындығы, бір жағы халықтың төзімділігінің бір көрінісі.
Бүгінде ол күндердің бәрі сағым болып артта қалды. Ақтоғай еліне айшықты қолтаңбасын қалдырған Тұңғышбай Өміртайұлы бүгінде Қарағанды қаласында тұрып жатыр. Бір де бір күні бос өтпеді десе болады. Кейде шақырған кездесулерге баруға уақыт таппайды. Шынын айтқанда жұмыстан қолы босамайды. Өмір бойы жинақталған рухани бай дүниесін халық керегіне жарату жолында тынымсыз еңбектенуде. Көмекшілері де аз емес, балалары, немерелері жанында, кез келген жағдайда көмектесуге әзір. Көпке үлгі бола білген, байыпты, байсалды мінезімен айналасына сыйлы Торғай апамыздың қамқорлығы тіптен ерек. Адамгершілік қалыптары бірін бірі толықтырып тұрғандай. Отбасының жылуы, азаматтың елге танымалдылығы, бастаған ісінің берекелі болуы әйел адамның қолындағы дастарханының берекесінде. Ол жағынан Торғай апамыз міршеп. Ата-бабамыздан келе жатқан қазақи дәстүр бойынша әйелдің дастарқанға деген ықыласы мен махаббаты үйдің берекесін арттырады. Ұлттық құндылықтарымызда «әйел – шаңырақтың тірегі» деген ұғым бар. Әйел шын көңілімен дастарқан жайып, тамақ әзірлегенде, отбасы мүшелерінің көңіл күйлері көтеріліп, оларға жылы шуақ сыйлайтыны жасырын емес. Сонымен қатар, береке тек дастарқанда емес, ерлі-зайыптылардың арасындағы сыйластықта, түсіністігі пен бірлігінде, бір- біріне деген құрметінде.
Тұңғышбай аға мен Торғай апайдың өнегелі өмірі – келешек ұрпақ үшін үлкен мектеп, Осындай тұлғаларымызды қастерлеу арқылы біз өз тарихымызды, өз болмысымызды сақтап қаламыз.
Аңғар СМАҒҰЛ,
«Қазақ тілі және мәдениеті қоғамдық
бірлестігі» қоғамының алқа мүшесі,
ҚР журналистер одағының мүшесі
