⚜️ІІ аудандық «Көшпенділер ойындары» ⚜️

2026 жылдың 15 мамыр күні білім бөлімінің ұйымдастыруымен Ы.Алтынсарин атындағы «Келешек мектебі» базасында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ІІ аудандық «Көшпенділер ойындары» атты тағылымы мол іс-шара өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық спорт түрлерін насихаттау, жас ұрпақтың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру, ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыру және оқушылардың салт-дәстүрге деген құрметін жандандыру болды.

Шара барысында халқымыздың атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық ойындар дәріптеліп, оқушылар өзара бақ сынасты. Атап айтқанда, асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ, садақ ату, қазақ күресі және жілік сындыру сынды ұлттық спорт түрлері ұйымдастырылды. Бұл ойындар оқушылардың ептілік, шапшаңдық, төзімділік, мергендік және логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға зор ықпал етті.

Іс-шара жас ұрпаққа ұлттық рух пен патриоттық тәрбиені насихаттауға бағытталды. Көшпенділер ойындары – тек жарыс алаңы ғана емес, ол – халқымыздың бай мәдениеті мен салт-дәстүрін ұлықтайтын рухани мереке. Аталған шараға ауданның 35 мектебінен 600-ге жуық оқушы қатысып, ұлттық ойындар арқылы өз өнерлері мен шеберліктерін көрсетті.

Іс-шара аясында 100 домбырашы бір мезетте күй орындап, күмбірлеген әсем күйлерін келген қонақтарға тарту етті. Қос ішектен төгілген күй көпшілікке ерекше әсер сыйлап, ұлттық өнердің мәртебесін асқақтатты. Сонымен қатар, қосымша білім беру ұйымдары мен өнер мектептерінің республикалық деңгейде өнер көрсетіп жүрген дарынды оқушылары ән мен би өнерлерін ұсынып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Мектептер бірлесе отырып этноауыл ұйымдастырып, киіз үйлер тігіп, олардың ішін ұлттық нақышта безендірді. Құмай тазы мен бүркіт әкелініп, қазақ халқының саятшылық дәстүрі дәріптелді. Бұл көріністер жас ұрпақтың ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттырып, ата-баба дәстүрінің маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді.

Іс-шара барысында қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан «Заң мен Тәртіп» идеологемасы аясында ұсынылған «Жеті жарғы» қойылымы көпшілік назарына ұсынылды. Қойылым арқылы қазақ халқының заңдылыққа, әділдікке және тәртіпке негізделген дәстүрлі құқықтық жүйесі көркем түрде насихатталды.

Жарыс қорытындысы бойынша 6 спорт түрінен жеңіске жеткен оқушылар арнайы дипломдармен, кубоктармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, командалық есепте І, ІІ, ІІІ орын алған командаларға тиісінше 100 000, 70 000 және 50 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар табысталды.

ІІ аудандық «Көшпенділер ойындары» жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Іс-шара ұлттық құндылықтарды ұлықтап, оқушылардың салт-дәстүрге деген құрметін арттыруға зор ықпал етті. Осындай тағылымы мол шаралар жас ұрпақтың бойында ұлттық рухты қалыптастырып, ата-баба мұрасын қастерлеуге тәрбиелейді. Жалпы 5 спорт түрін қортыңдылай келе командалық есепте 1 орын Ы.Алтынсарин ТМ, 2 орын Сакен ЖББМ, 3 орынды Ю. А.Гагарин МЛ еншіленді.