Мәдениет және өнер қызметкерлері ұлықталды

Қарағанды қаласында «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалы жанындағы «Miras» аймақтық кеңесінің ұйымдастыруымен Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік жиынға мәдениет және өнер саласының мамандары, кітапхана және музей қызметкерлері, шығармашылық ұжым жетекшілері, әртістер, педагогтер мен өңірдегі мәдениет мекемелерінің өкілдері қатысып, жалпы саны 150-ден астам адам бас қосты.

Іс-шара барысында «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков мәдениет саласы өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы орнына тоқталды.

– Мәдениет пен өнер – ұлттың рухани тірегі. Бұл салада еңбек етіп жүрген азаматтар ұлттық құндылықтарды сақтап, жас ұрпақтың тәрбиесіне зор үлес қосып келеді. Қоғамның рухани дамуы мәдениет қызметкерлерінің еңбегімен тікелей байланысты, – деді ол.

Салтанатты шара аясында сала мамандарына алғыс хаттар мен сертификаттар табысталып, бірқатар азамат партия марапатына ие болды. Сонымен қатар «AMANAT» партиясының қатарына жаңадан қабылданған азаматтарға мүшелік билеттер салтанатты түрде тапсырылды.

Мәдениет саласының үздік өкілдерімен қатар, шығармашылық және техникалық қызметкерлер де арнайы марапатталып, олардың өңір мәдениетінің дамуына қосқан үлесі атап өтілді.

Кеш соңы Қарағанды облысы өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Әділ БЕК