Қарағандыда балалар футболын дамытуға бағытталған «ALGA!» әлеуметтік-білім беру жобасының аясында алғаш рет ұйымдастырылған Alimkhan Yermekov Cup турнирі мектеп оқушылары арасындағы үлкен спорт мерекесіне айналды. Жарыс Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің базасында өтіп, жобаға қатысушы сегіз мектептің 3–4 сынып оқушыларынан құралған командаларды бір алаңға тоғыстырды.
Турнир 5×5 форматында ұйымдастырылып, командалар топтық кезең мен плей-офф жүйесі бойынша бақ сынады. Жарыстың басты ерекшелігінің бірі — әр команда құрамында кемінде бір қыз баланың болуы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама қыздар футболын дамытуға және балаларды спортқа жаппай тартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Жарыс барысында қатысушылар үшін түрлі интерактивті аймақтар, футбол челлендждері мен ойын-сауық алаңдары ұйымдастырылды. Сонымен қатар турнирге «Шахтёр» футбол клубының скауттары арнайы қатысып, жас ойыншылардың ойынын бақылауға мүмкіндік алды. Мамандар бірнеше талантты футболшының өнеріне назар аударғанын жасырмады.
QOFA ұйымының әлеуметтік жобалар бөлімінің жетекшісі Данияр Карибаевтың айтуынша, турнирге дайындық үш айға жуық уақыт жүргізілген. Осы аралықта мектептер арасында 12 жолдастық кездесу өтіп, оқушылар Қазақстан футбол федерациясының әдістемесі бойынша дене шынықтыру сабақтарында тұрақты түрде футболмен айналысқан.
Турнирге арнайы қатысқан «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім берудің өңірлік ғылыми-практикалық орталығы басшысының орынбасары Асхат Кәкетаев бүгінгі балалар футболының деңгейі айтарлықтай өскенін атап өтті.
— Қазір балалар допты жай ғана алға тебумен шектелмейді. Командалық ойын көрсетіп, бір-біріне дәл пас беріп, әдемі комбинациялар ұйымдастырып жүр. Тіпті баспен соғылған голдардың өзін көрдік. Бұл жобаның ұлдармен қатар қыз балалардың да қызығушылығын оята алғанын көрсетеді. Осындай бастамалардың арқасында болашақта Қазақстанның ғана емес, әлемнің намысын қорғайтын чемпиондар шығуы әбден мүмкін, — деді ол.
Оның сөзінше, қазіргі таңда аудан-қалалардан үшінші дене шынықтыру сағаты аясында футбол сыныптарын ашуға қызығушылық танытып жатқан білім беру ұйымдарының саны артып келеді.
Ал «Шахтёр» клубының скауты Руслан Иманкулов турнирдің ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді.
— Атмосферасы, көрермендерді қарсы алу мәдениеті, алаңдағы тәртіп — бәрі кәсіби жарыстардан кем түспейді. Ең бастысы, мұндай турнирлер балалардың шынайы деңгейін көруге мүмкіндік береді. Бүгін бірнеше талантты ойыншы назарымызға ілікті. Қазір олардың байланыстары жазылып алынды. Мұндай жобалар арқылы мамандар көптеген мектепті араламай-ақ, бір алаңнан дарынды балаларды анықтай алады, — деді скаут.
Турнир қорытындысы бойынша чемпион атанған — №19 мектеп командасы. Команда жартылай финалда БТКЛ құрамасын 2:0 есебімен жеңіп, финалда Үштөбе тірек мектебін 3:1 есебімен ұтты. Жарыстың үздік ойыншыларының бірі атанған команда капитаны Абылай Рымбек сегіз гол соғып, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
— Футбол ойнап жүргеніме үш жыл болды. Шабуылшымын. Бүгін сегіз гол соқтым, финалдағы екі гол да менікі. Жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымын, — деді 10 жастағы жас футболшы.
Жеңімпаз команданың жаттықтырушысы Қали Қуанған бұл нәтиже жобаның тиімділігін дәлелдей түскенін айтады.
— «ALGA!» жобасы басталғалы балалардың футболға деген қызығушылығы айтарлықтай артты. Ең бастысы — спортпен тұрақты айналысуға барлық мүмкіндік жасалған. Мектеп қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылды. Қазір бастауыш сыныптарда аптасына бір рет арнайы футбол сабағы өткізіледі. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында балалардың командалық рухы қалыптасып, спорттық шеберлігі дамып келеді, — деді жаттықтырушы.
Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің директоры Жанагүл Түсжанова жобаның тәрбиелік маңызына ерекше тоқталды.
— Баланың дамуы үшін жарыс пен бәсеке қажет. Осындай орта оларды мақсат қоюға, алға ұмтылуға үйретеді. Футбол арқылы балалардың бойында достық, тәртіп, жауапкершілік және бір-біріне деген құрмет қалыптасады. Пилоттық жоба алғашқы жылдың өзінде жақсы нәтиже көрсетті. Балалар жаңа орта тауып, уақыттарын тиімді өткізе бастады. Бұл бастаманың болашағына сенім мол, — деді мектеп директоры.
Турнирге келген ата-аналар да ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға берді. Абай қаласынан келген ата-ана Дамеля Копбаева мұндай жобалардың балаларды гаджетке тәуелділіктен алыстататынын айтады.
— Қазіргі балалардың көбі смартфонға телміріп отырады. Сондықтан олардың спортпен айналысып, өз қызығушылығы болғанын қалаймын. Балам бүгін қақпашы болып ойнап жүр. Осындай күндері сабаққа ерекше қуанып барады. Турнир өте жақсы ұйымдастырылған, — деді ол.
Турнир жеңімпаздары жазда Астанада өтетін республикалық «Балдаурен» турниріне жолдама алды. Сапарға қатысты барлық шығынды QOFA ұйымы мен жобаның бас серіктесі Freedom компаниясы өз мойнына алады.
Бүгінде «ALGA!» жобасы Қарағанды, Теміртау, Саран, Абай қалалары мен Үштөбе ауылындағы 10 мектепті қамтып отыр. Жоба аясында 1931 бала мен 61 педагог біріктірілген. Ұйымдастырушылар алдағы оқу жылында жобаны Балқаш, Шет, Ақтоғай, Қарқаралы және Осакаров аудандарына дейін кеңейтуді жоспарлап отыр.
