Шексіз мүмкіндік

Қарағанды қаласында AMANAT партиясың «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Шексіз мүмкіндік» атты дөңгелек үстел өтті. Шара ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастарды кәсіби оқыту, жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу мәселелеріне арналды.

Кездесу AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалының алаңында өтті. Оған мемлекеттік органдардың, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту салаларының өкілдері, кәсіпкерлер, колледждер, ата-аналар мен жұмыс берушілер қатысты. Сондай-ақ қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары онлайн форматта қосылды.

Дөңгелек үстел барысында 9 және 11 сынып түлектері арасындағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастардың бірыңғай базасын қалыптастыру, кәсіби бағдар беру, оқыту кезіндегі сүйемелдеу және кейінгі жұмысқа орналастыру мәселелері талқыланды. Іс-қимылды нығайтуға, инклюзивті жұмыс орындарын дамытуға және жастарды әлеуметтік бейімдеудің барлық кезеңінде қолдау көрсетуге ерекше назар аударылды.

AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, облыстық маслихат депутаты Бекзат Алтынбеков жобаның басты мақсаты тек бір реттік көмек көрсету емес, жастарды тұрақты сүйемелдеудің жүйесін қалыптастыру екенін атап өтті.

«Бүгінгі ортақ міндетіміз – денсаулығына немесе ерекшелігіне қарамастан, әрбір жасқа мамандық алып, өзін жүзеге асыруға және қоғамда өз орнын табуға нақты мүмкіндік жасау. Меморандумдарға қол қою – мемлекет, колледждер және бизнес арасындағы бірлескен жұмыстың нақты нәтижесі», – деді Бекзат Алтынбеков.

Іс-шара барысында білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және кәсіпкерлік басқармаларының өкілдері баяндамалар жасады. Сонымен қатар жұмыс берушілер инклюзивті жұмыспен қамту бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.

AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалының Әйелдер қанатының жетекшісі, облыстық маслихат депутаты  Зара Шалабаева түлектерді кешенді қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Шексіз мүмкіндік» жобасы тек білім немесе жұмыспен қамту туралы емес. Бұл – сенім, отбасыға қолдау және ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастардың өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасау. Біз үшін әрбір түлек өз болашағын көріп, елге қажет екенін сезінуі маңызды», – деді Зара Шалабаева.

Дөңгелек үстелдің негізгі нәтижелерінің бірі — колледждер, жұмыс берушілер және түлектер арасында 11 (он бір) үшжақты меморандумға қол қойылуы болды. Құжаттар өндірістік тәжірибе, тағылымдама және кейінгі жұмысқа орналастыру бағытындағы ынтымақтастықты көздейді.

Ата-аналар да өз пікірлерімен бөлісті. Түлектердің бірінің анасы Гүлден Сейтимова мұндай бастамалардың отбасылар үшін маңызын атап өтті.

«Ата-ана үшін ең маңыздысы — баласының болашағы бар екенін көру. Бүгін біз колледждердің, жұмыс берушілердің және мемлекеттің балаларымызды қолдауға дайын екенін көрдік», – деді ол.

Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты ұсыныстар мен тапсырмалар қабылданды. Атап айтқанда, «Шексіз мүмкіндік» жобасын AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалының алаңында тоқсан сайын қарау, сондай-ақ түлектерді жұмыспен қамтуды бақылау және инклюзивті жұмыс орындарын дамыту бойынша мониторингті күшейту жоспарланды.

Соңында білім беру ұйымдарының педагогтары, әлеуметтік қызметкерлері және бизнес өкілдері инклюзивті білім беру мен жастарды қолдауға қосқан үлесі үшін AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалының атынан Алғысхаттармен марапатталды.

Әділ БЕК