Біздің досымыз, әріптесіміз Болат Шәйменұлы Сарсембаев ағамыздың туған күні – ақпан айының сегізінші жұлдызында. Жыл сайын құттықтап, атап өтетінбіз. Осыдан он жылдай бұрын сол кезекті бір туған күнде басымыз қосылып, дуылдатып отырғанбыз… Қаланың шетіндегі оңашалау, кішкене кафеде. Күн қатты суық. Далада боран ұлып, аяз ақырып тұрды… Ақпанның сарышұнақ аязы сақылдап, оған бораны қосылып ауа райы құбылып тұр еді. Біздер, бірге жүрген үш-төрт жігіт тілектерімізді айтып, отырыс қыза бергенде, кешігіңкіреп Қайрат ақын келді. «Отырыс оң болсын!» деп, бәрімізбен амандасты да, «Қайран достар!» дейтін өлеңін оқыды. «Қайратжан, мынау бұрынғы өлеңің ғой, жаңасы бар ма?» дедік бәріміз бірауыздан. «Ағалар-ай! Қазір шабыт құсын шақырайын. Қағаз бен қалам бар ма?» деп қыран құстай қомдана берді. Сол сәтте қалам мен қағаз да табылды. Жарықтық, Қайратымыз, ақынның ақыны еді ғой! Арқаның ақ нөсеріндей төгілді-ау сол сәтте… Сондағы экспромт өлеңнің мәтіні мынау:
Болат ағама!
Тағы да бір жыл өтті,
Тағы да бір өтті күн.
Дүрсіліндей жүректің
Сағатта да жоқ тыным.
Тағы да аппақ айнала,
Тағы да аяз үскірік.
Ызыңдайды жай ғана
Бір мұңды саз ысқырып.
Арбауымен сәуленің
Өтпестей боп сезілген.
Тағы да бір дәуренім
Бұл-бұл ұшты көзімнен.
Салар жанға өмір сыз
Арты – өкініш, алды – дау.
Талай жанды орынсыз
Өкпелетіп алдым-ау…
Сергек ойлы секілді ем,
Сенім кейде жай қалды.
Біреу сүйсе бетімнен,
Біреу теріс айналды.
Тағы бір жыл сән құрған
Араласып сан мұңмен.
Талқысы ерен тағдырдан
Талай сөгіс алдым мен.
Ішіп алып у – күнә,
Жасанды еттім күлкімді.
Бір өлеңім туды да,
Бір дәптерім жыртылды.
Қиял белін шарладым,
Боран жапты ол ізді.
Тағы да бір арманым
Менен мәңгі қол үзді.
Көкке тұрдым көп қарап,
Жат өлкеге қиям ба?
Қарлығашым ақ қанат
Қақты қанат қиянға.
Жайдарман жаз, гүлзар бақ
Келер көздің алдына.
Тағы да бір қызғалдақ
Қар астында қалды ма?
Жыл да, жыр да өзгерді
Қалар ма екен із, белгі…
Айтсаңшы анау көздерді
Жәудіремес бізге енді…
***
Қайран Қайрат бауырымыздың қайтқанына да бір жылдай уақыт өтіпті. Еске алып, дұғамды бағыштап отырмын.
Рухы шат болсын!
Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ
