Түркияда топ жарған таланттар

Жуырда Түркия Республикасының әсем шаһары – Antalya қаласында халықаралық деңгейдегі «Daryny 1000 bala» өнер байқауы жоғары дәрежеде ұйымдастырылып өтті. Әлемнің әр түкпірінен жиналған жас өнерпаздар арасында қазақ елінің намысын қорғаған талантты балалардың жетістігі көпшілікті қуантты.

Аталған беделді додаға Ақадыр кентіндегі Шабал Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының музыка жетекшісі, өнерлі шәкірттерді вокалға баптап жүрген Рыспекова Айзада Қонысбайқызының дайындауымен жас өнерпаздар қатысып, үлкен табысқа қол жеткізді.

Байқаудың вокал жанры бойынша өнер көрсеткен М.Мәметова атындағы мектептің оқушысы Ғарифолла Абдулғани сахна төрінде «Батырлар ұраны» әнін асқан шеберлікпен орындап, көрермендер мен қазылар алқасының зор ықыласына бөленді. Оның дауыс қуаты, сахна мәдениеті мен әнді жүрекпен жеткізе білуі ерекше бағаланып, халықаралық байқаудың ең жоғары марапаты – Супер Бас жүлдеге лайық деп танылды. Аталған жеңіс – жас өнерпаздың ғана емес, туған елінің де мерейін үстем еткен үлкен жетістік.

Сонымен қатар Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Оңғар Хафса да өнер додасында жарқын өнерімен көзге түсті. Ол орындаған «Самал тау» әні тыңдарманның жүрегіне жол тауып, қазылардың жоғары бағасын алды. Нәтижесінде Хафса байқаудың Бас жүлдесін жеңіп алып, ел абыройын асқақтатты.

Екі өнерпаз да арнайы дипломдармен, медальдармен және кубоктармен марапатталды. Бұдан бөлек, Ғарифолла Абдулғани 30 пайыз жеңілдікпен «Changan» автокөлігін иелену мүмкіндігіне қол жеткізсе, Оңғар Хафса Түркия еліне туристік сапарға арналған екі жолдаманы жеңіп алды. Осындай дарынды балаларды тәрбиелеп, үлкен сахнаға жетелеп жүрген жетекші Айзада Қонысбайқызының еңбегі зор құрметке лайық. Жас өнерпаздардың жеңісі – тек жеке жетістік емес, ол туған өлкенің мәдениеті мен өнерінің биік деңгейін танытатын үлкен мақтаныш.

Халықаралық байқауда көк туымызды желбіретіп, қазақ әнінің мәртебесін асқақтатқан өнерлі өрендерге алдағы уақытта да толағай табыстар мен биік белестер тілейміз!

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті