Қазіргі қазақ әдебиетінде детектив жанры жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бұрын бұл жанр тек қылмысты ашу, кінәліні табу немесе оқырманды шытырман оқиғамен қызықтыру мақсатында ғана қарастырылса, бүгінгі жазушылар детектив арқылы қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді, адам психологиясын және моральдық қайшылықтарды тереңірек көрсетуге ұмтылуда. Осы тұрғыдан алғанда Арман Әлменбеттің «Тергеуші» романы қазақ прозасындағы сәтті ізденістердің бірі. Бұл шығарма тек детективтік оқиға емес, бүгінгі қоғамның рухани ахуалын, адамдар арасындағы сенімсіздік пен әділет мәселесін қозғайтын әлеуметтік-психологиялық роман деңгейіне көтерілген. Автор роман арқылы тек бір қылмыстың сырын ашып қоймай, қазіргі қоғамдағы адамдардың мінез-құлқын, өмірге деген көзқарасын және әлеуметтік мәселелерді де терең суреттейді.
Романның басты ерекшелігі – оның шынайылығы. Шығармадағы Қызылшың ауылы, ондағы адамдардың тұрмысы, боранды дала, ауыл арасындағы қарым-қатынастар, құқық қорғау саласының ішкі жүйесі бәрі де өмірден алынғандай әсер қалдырады. Автор ауыл өмірін әсірелемей, табиғи қалпында көрсетеді. Оқиға он алты жасар Гүлмираның жоғалуынан басталады. Осы бір қарапайым ғана көрінетін оқиға арқылы автор үлкен әлеуметтік мәселені көтереді. Гүлмираның тағдыры -тек бір қыздың трагедиясы емес, қоғамдағы қорғансыздықтың, үнсіздіктің және немқұрайдылықтың символы. Ауыл тұрғындарының оқиғаға деген салқын көзқарасы, шындықты айтуға қорқуы немесе үндемеуі қазіргі қоғамдағы моральдық әлсіздікті көрсетеді. Кейіпкерлердің әрекеттері арқылы адамдардың өз қауіпсіздігін ғана ойлап, әділдік үшін күресуден қашатыны байқалады.
Маған шығармадағы боран образы ерекше әсер етті. Боран романда жай табиғат құбылысы ретінде ғана берілмеген. Ол – адамдардың ішкі дүниесіндегі қараңғылықтың, қоғамдағы тұйықтықтың символы. Ақ түтек боран адамдарды сыртқы әлемнен бөліп тастағандай, олардың ар-ұжданын да тұмшалап тұрғандай әсер береді. Автор осы тәсіл арқылы «адамдар шындықты көргісі келмей ме, әлде көруден қорқа ма?» деген маңызды сұрақ қояды. Бұл романның философиялық тереңдігін арттырады. Боран кейіпкерлердің көңіл күйімен де астасып жатады. Әсіресе оқиға шиеленіскен сәттерде табиғаттың қаталдығы адамдардың ішкі әлеміндегі қорқыныш пен сенімсіздікті күшейте түседі. Осы арқылы автор табиғат пен адам психологиясын шебер байланыстыра алған.
Шығармадағы ең сәтті жасалған образдардың бірі – тергеуші Бағылан. Ол – біз кинодан немесе кітаптардан жиі көретін мінсіз суперқаһарман емес. Бағыланның да өз проблемалары, отбасылық қиындықтары, шаршауы мен күмәні бар. Оның несиесі бар, өмірден қажыған сәттері кездеседі, кейде қателеседі. Бірақ дәл осы қарапайымдылығы оны шынайы кейіпкерге айналдырады. Автор Бағыланды мінсіз адам етіп көрсетпей, тірі адам ретінде бейнелейді. Менің ойымша, романның басты құндылығының бірі де осында. Себебі оқырман Бағыланның бойынан өзіне ұқсас қасиеттерді көреді. Ол кейде ашуланады, кейде күмәнданады, бірақ соған қарамастан әділдік іздеуді тоқтатпайды. Бұл оның ішкі адамгершілік қасиетін көрсетеді.
Бағыланның кәсіби әрекеттерінен бөлек, оның ішкі жан дүниесі де терең ашылған. Ол қылмысты тек қызметтік міндет ретінде тергемейді. Әр іске адам тағдыры тұрғысынан қарайды. Қазіргі заманда технология дамып, түрлі цифрлық жүйелер пайда болғанымен, Бағылан көбіне адам мінезіне, түйсікке және ішкі сезімге сүйенеді. Осы арқылы автор «адам санасы мен жанашырлығы ешқандай техникамен алмастырылмайды» деген ойды жеткізеді. Бұл шығармадағы маңызды идеялардың бірі деп ойлаймын. Бағылан үшін әр қылмыстың артында бір адамның тағдыры тұрғаны маңызды. Сондықтан ол өз жұмысын жай міндет ретінде емес, моральдық жауапкершілік ретінде қабылдайды.
Романдағы кейіпкерлер де біржақты емес. Әр адамның өз шындығы, өз тағдыры бар. Кейбір кейіпкерлер қылмысқа байлық үшін барса, енді бірі өмірдің қиындығынан, шарасыздықтан барады. Осы арқылы жазушы қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті, адамдар арасындағы айырмашылықты көрсетеді. Бай мен кедейдің арасы алшақтап, әділдік жоғалған қоғамда адамдардың да өзгеретіні байқалады. Әсіресе ауылдағы билік өкілдері мен құқық қорғау саласындағы жемқорлық мәселелері өте шынайы суреттелген. Автор қоғамдағы әділетсіздік адамдардың мінезіне де әсер ететінін көрсетеді.
Маған романның стилдік ерекшелігі де ұнады. Арман Әлменбет артық суреттеуге немесе ұзақ баяндауға бармайды. Оқиға көбіне диалогтер арқылы дамиды. Бұл шығарманы жеңіл оқуға мүмкіндік береді. Автор ұсақ детальдарға ерекше мән береді. Мысалы, пештің сықыры, темекі түтіні, борандағы қардың дыбысы, үсіген беттің ашуы – бәрі шығарманың атмосферасын күшейтіп тұр. Оқырман өзін оқиғаның ішінде жүргендей сезінеді.
Кей тұстарда роман кино көріп отырғандай әсер қалдырады. Сондықтан бұл шығарманың желісі бойынша телехикая немесе фильм түсіруге толық болады деп ойлаймын. Шығарманың тілі қарапайым әрі түсінікті болғанымен, эмоциялық әсері өте күшті.
Романның тағы бір ерекшелігі — оқырманды үнемі ойландырып отыруы. Автор дайын жауап бермейді. Керісінше, әр оқырман өзі қорытынды шығарады. Бағыланның әрекеттерін әркім әртүрлі қабылдауы мүмкін. Біреулер оны әділдік үшін күрескен адам ретінде көрсе, енді бірі оның әлсіздігін немесе қателіктерін көруі мүмкін. Осы еркіндік шығарманың құндылығын арттырады. Себебі жақсы әдебиет оқырманға дайын ақиқат ұсынбай, оны ойлануға жетелеуі керек.
Роман қазіргі қазақ қоғамындағы көптеген өзекті мәселелерді көтереді. Адамдардың қызмет үшін ақша беруі, биліктегі таныстық, парақорлық, әлеуметтік әділетсіздік, қорғансыз адамдардың тағдыры — бәрі де бүгінгі өмірден алынғандай әсер береді. Автор қоғамдағы осы мәселелерді ашық көрсету арқылы оқырманды бейжай қалдырмайды. Бұл шығарманың әлеуметтік маңызын арттырады.
Арман Әлменбеттің «Тергеуші» романы қазақ прозасындағы детектив жанрының көркемдік мүмкіндігін кеңейткен шығармалардың қатарынан орын алады. Шығармада автор детективтік сюжетті тек қылмысты ашу құралы ретінде емес, қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтарды, адам психологиясын және моральдық құндылықтардың өзгерісін көрсету тәсілі ретінде пайдаланады. Осы ерекшелігі романның ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттелу қажеттігін көрсетеді.
Романды зерттеудің маңызды бағыттарының бірі – оның жанрлық табиғатын анықтау. «Тергеуші» қазақ әдебиетіндегі дәстүрлі детектив жанрын әлеуметтік-психологиялық деңгейге көтере алған шығарма ретінде бағаланады. Сонымен қатар шығармадағы Бағылан бейнесі қазіргі қоғамдағы адамның ішкі күйзелісі мен рухани қайшылығын танытатын күрделі образ ретінде назар аудартады.
Романдағы боран, тыныш ауыл, қараңғылық сияқты символдық образдар автордың философиялық ойын тереңдетіп, шығарманың көркемдік қуатын арттырады. Сондай-ақ шығармада әлеуметтік теңсіздік, жемқорлық, әділетсіздік мәселелері шынайы суреттелген. Сондықтан «Тергеуші» романы әдебиеттану, психология және әлеуметтану салалары бойынша ғылыми зерттеулерге негіз бола алатын құнды туынды.
Менің ойымша, «Тергеуші» романы қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының жаңа кезеңін көрсететін шығарма. Ол тек қылмысты ашуға құрылған роман емес, қоғам мен адам психологиясын зерттеген туынды. Арман Әлменбет детектив жанрын әлеуметтік-философиялық деңгейге көтере алған. Шығармадағы оқиғалар, кейіпкерлер және атмосфера оқырманды соңына дейін қызықтырып ұстап тұрады. «Тергеуші» – қазіргі қазақ әдебиетіндегі маңызды шығармалардың бірі десем шатаспаспын. Роман шынайылығымен, терең ойымен және әсерлі атмосферасымен ерекшеленеді. Автор оқырманды тек шытырман оқиғамен қызықтырмай, қоғамдағы моральдық мәселелер туралы ойлануға жетелейді. Сондықтан бұл туындыны қазақ әдебиетіндегі сәтті жазылған әлеуметтік-психологиялық детективтердің бірі.
Ботакөз ТІЛЕУБЕКОВА,
ф.ғ.к., доцент
Абай атындағы ҚазҰПУнің
Филология факультетінің деканы
