Өткен аптаның соңында Ақадыр кентінде теміржол саласының ардагері, спорт жанашыры Аманбаев Ербол ақсақалдың құрметіне ересектер мен жасөспірімдер арасында үстел теннисінен кенттің ашық біріншілігі жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Спорттық шараның басты ерекшелігі – аға буын мен жас ұрпақты бір арнаға тоғыстырып, салауатты өмір салтын насихаттауы болды.
Ербол Аманбаев – Ақадыр өңіріне сыйлы азаматтардың бірі. Ол бүкіл ғұмырын теміржол саласына арнап, сол саладан абыройлы зейнеткерлікке шыққан жан. Жастайынан спортты серік етіп, шаңғы тебу, үстел теннисі, жеңіл атлетика, шахмат пен дойбы ойындарымен тұрақты айналысып келеді. Бүгінде 76 жасқа келгеніне қарамастан, спорттан қол үзбей, аудандық, облыстық жарыстарда топ жарып жүр. Оның өмірлік ұстанымы мен спортқа деген адалдығы кейінгі буынға үлкен өнеге екені анық.
Осындай арда азаматтың еңбегін құрметтеп, есімін жас спортшыларға үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған турнирге спорттағы әріптестері қолқа салып, ағайын-туыстары ұйытқы болып, жарыстың өтуіне демеушілік көрсетті. Мұндай шара ел ішінде спортқа жанашырлықтың, ағаға деген құрметтің әлі де биік екенін аңғартқан игі іс болды.
Жарыстың ашылу салтанаты ерекше әсерлі өтті. Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Шет ауданының Құрметті азаматы, белгілі жазушы Кәріп Өмір, кент әкімдігінің ТКШ бөлімінің басшысы Есімғалиев Ә.О., Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жанасылов Б.С., Ақадыр электрмен жабдықтау дистанциясының басшысы Конуров Ж.К. жарысқа қатысушыларды құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі. Олар өз сөздерінде спорттың адам өміріндегі маңызына тоқталып, жастардың белсенділігіне ризашылықтарын білдірді.
Жарыстың бас төрешісі Қаракекілов М.Т. қатысушыларды ереже талаптарымен таныстырып, ойындардың әділ әрі жоғары деңгейде өтуіне ықпал жасады.
Дүбірлі додаға Қарағанды-Сұрыптау, Балқаш қалаларының, Бұқар жырау ауданының, Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының, Ақтоғай ауданы Сары-Шаған кентінің, сондай-ақ ауданымыздағы Ақадыр, Сәкен Сейфуллин кенттері мен Үңірек ауылының спортшылары қатысып, өзара мықтыны анықтады. Турнирдің географиясының кең болуы жарыстың беделін айқындай түсті.
Әсіресе жасөспірімдердің өнері жанкүйерлерді сүйсіндірді. Жас спортшылардың ширақ қимылы, жеңіске деген жігері мен спортқа деген қызығушылығы көпшіліктің көңілінен шықты. Тартысты өткен додалар ауыл спортының болашағы жарқын екенін көрсеткен қуанышты көрініс болғаны анық.
4-6 сынып оқушылары арасында өткен жарыста Қайрат Нұртас қарсыластарынан оқ бойы озып, чемпион атанды. Ермекова Нұрдана мен Бидолда Айман жүлделі екінші, үшінші орындарды иеленіп, өздерінің шеберліктерін дәлелдеді.
Ересек қыздар арасында Кегенбай Ұлбосын жеңімпаз атанса, Амантай Еркеназ бен Елубай Айару жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ал оқушы ұлдар арасындағы тартысты кездесулерде Қаракекіл Бекарыс бірінші орынды жеңіп алып, Ақажан Нұрдәулет пен Қайрат Темірлан үздіктер қатарынан танылды.
18 бен 35 жас аралығындағы спортшылар арасында Темірханов Абдуалимнің шеберлігі жоғары бағаланды. Игенбеков Айдос пен Суворин Александр да тартысты ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі орындарды еншіледі.
Ал 35 жастан асқан ересектер арасындағы сайыс көрермендер үшін ерекше қызықты өтті. Тәжірибе мен шеберлік сынға түскен додада Винокуров Владимир үздік атанса, Абдрахманов Саят пен Дюсенбеков Жетпіс жүлделі орындарға тұрақтады.
Турнир соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, медальдармен, кубоктармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Ұйымдастырылған жарыс тек спорттық дода ғана емес, ұрпақ сабақтастығын, салауатты өмір салтын және ел ішіндегі ауызбіршілікті насихаттаған тағылымды шара болды. Ербол Аманбаевтай спортқа адал азаматтардың өмір жолы кейінгі жастарға әрдайым үлгі болары сөзсіз.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
