Ұлт шамшырағы

Ұлт қазығы – білімде. Ал кез келген саланың болсын оның өміршеңдігі білім жүйесіне байланысты. Бірақ, біз білім жүйесі һәм білім беру дегенде нені түсінеміз? Әрине, оқу, білу. Оқу, білу жадқа емес, санаға жұмыс жасауы керек. Тұлғаның қалыптасуына осы қағидалар тікелей әсер етеді. Ол сенің тамырың, жан-дүниең. Осы қағиданы ұлтқа сіңіруде еңбек тұлғалар көп әрине. Бірақ, солардың ішіндегі бастысы – Ыбырай Алтынсарин.

            Білім беру жүйесін құру бөлек, ал оны ұлт санасына енгізу үшін көптеген еңбекті қажет етеді. Ыбырай Алтынсарин осы тұрғысынан зор үлес қосты. Халықтың сауатын ашып, әрбір қазақ баласы білімді болсын деді. Мектептер ашты.

Ең алдымен Ыбырай Алтынсариннің еңбек жолына тоқтала кетейік.

Ыбырай 1857 жылы Орынбордағы мектепті үздік тәмамдап, содан кейін екі жылдай атасы Балқожа бидің хатшысы болып жұмыс істейді. Кейін Орынбор облыстық басқармасына кіші тілмаш болып қызметке алынады. Қарап отырсаңыз, қала білімін алған бала, дала білімімен де сусындай білді.

Ал 1864 жылы 8 қаңтарда Торғай жерінде алғашқы мектебін ашады. 1866-1868 жылдары Торғай уезінде уақытша судья болып қызмет етті.

1868 жылы Торғайдағы қазақ мектебі бір класстық орыс-қазақ училищесі болып қайта құрылды. Сол жылы Ырғыз қаласында екі класстық орыс-қазақ училищесі ашылады.

1869 жылы ол уезд бастығының аға жәрдемшісі болып тағайындалды. 1871 жылдар аралығында Торғай уезінің судьясы болып жұмыс істеді.

1874 жылы орыс географиялық қоғамына мүше болып сайланды. 1875-1876 жылдары Орынбор, Қазан, Петербург қалаларына сапар шегіп, ол жақтан оқушыларға қажет әдістемелік және тағы басқа кітаптар әкеліп, ағартушылық ісіне қызу кіріседі.

1879 жылы 1 қыркүйекте Торғай облысындағы мектептердің инспекторы болып тағайындалды.

Ал енді Ыбырай Алтынсариннің ашқан мектеріне кеңінен тоқталсақ. Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларын білім нәрімен сусындатуға асықты. Осы арманын жүзеге асыру үшін облыстық басқармаға мектеп ашу туралы өтініштер жіберді. Ақыры 1860 жылы облыстық басқарма Алтынсаринге Торғайдан қазақ балаларына арналған бастауыш мектеп ашуды тапсырды, әрі өзін сол мектепке орыс тілінің  мұғалімі етіп тағайындады.

Бірақ, жергілікті үкімет Алтынсаринге қол ұшын соза қоймады, сөйтіп мектеп ашу ісі ұзаққа созылды. Ыбырайдың армандаған мектебі араға төрт жыл салып, 1864 жылы 8 қаңтарда Торғай жерінде салтанатты түрде ашылды. Бұл ұлт ұстазы негізін қалаған алғашқы білім ордасы еді. Мектепті Алтынсарин төрт жыл бойы жинаған ақшасына ашты.

Бұл туралы Ыбырай Алтынсарин: «Қаңтардың сегізі күні менің көптен күткен ісім жүзеге асып, мектеп ашылды  және оған қазақтың тамаша да, сүйкімді де, зерек те 14 ұл баласы қабылданды. Мен оларды оқытуға қойға тиген аш қасқырдай кірістім. Қуанышыма қарай балалар айналдырған үш айдың ішінде орысша және татарша оқуды да, тіпті жазуды да меңгеріп алды», – деп еске алады ол.

1879 жылы Алтынсарин Торғай облысы бойынша орыс-қазақ учищелерінің  инспекторы болып тағайындалды. Бұл оның қолын ұзартты. Торғай, Жітіқара, Обаған, Қарабалық, Әуликөл болыстарында және Қостанай қаласында тағы он бес мектеп салынды.

1882 жылы Ыбырай Алтынсарин барлық мектепке ән-күй сабақтарын енгізді. Жергілікті, ауқатты ел азаматтарынан ақша жинап, кітапхана ашты.

Қазақ балаларын тек біліммен сусындатпай, еңбекке баулуды көздеген ол 1883 жылы 15 қарашада Торғай қолөнер мектебін ашты.

Алтынсарин қазақ қыздарын оқытуға да көп күш салды. 1887 жылы 15 қарашада Ырғыз қыздар училищесінің негізін қалайды. 1888 жылы қыздарға арналған 12 орындық мектеп интернат ашады.

«Қазақ хрестоматиясы» немесе ағартушылық еңбегіне келейік. Ыбырай Алтынсарин мектеп ашқан кезде, балаларға арналған оқулықтар  мүлде жоқ болатын. Дәл осы жылдарда өнегелі ұстаз қысқа-қысқа әңгімелер мен өлеңдер шығар бастайды, оқу құралдарын жазуға кіріседі.

1879 жылы ақынның қазақ мектептеріне арналып жазылған алғашқы ұлттық оқулық –  «Қазақ хрестоматиясы» жарық көрді.

Ыбырай «Қазақ хрестоматиясына» кірген өлеңдерінде де халық-ағарту идеясын көтерді. Оның «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңдері осындай мақсатта туған. «Кел, балалар, оқылық!» өлеңінде ақын, бір жағынан, жастарды оқуға, білім алуға үндесе, екінші жағынан, оқу, өнер, ғылым-білімге, оның жалпы халық үшін керектігіне еш мән бермейтін ескі көзқарасқа соққы береді. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екенін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін, ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндіреді.

Ал «Өнер-білім бар жұрттар» атты өлеңінде оқу, білім алудың мақсатын кеңінен сөз етеді. Өлеңнің негізгі идеясы – қазақ қауымына озық мәдениетті елдерді үлгі етіп көрсету.

1883 жылы Ыбырай Алтынсариннің Кеңес үкіметі тұсында көп айтыла қоймаған тағы бір кітабы басылып шықты. Ол – «Мұсылмандық тұтқасы».

Бұл кітапта ағартушы дүмше молдаларды аяусыз сынайды. Мұндай сын молдалардың тарапынан жауапсыз қалмайды, әрине. Ақыры отаршылыққа, шоқындыруға қарсы күрескен, қазақ тілін білім мен ғылым тіліне айналдырған Алтынсарин туралы «орысшыл, отаршыл, шоқынған» деген қауесет әңгімелер таратылады. Ақынның болыстыққа таласқан туыстары оның үстінен арыз жазады. Билік мектептеріне шүйліге бастайды.

«Қазір жан дүнием құлазып, өте көңілсіз жүрмін. Көмек күткен үкімет орындары қолдаудың орнына заңды да, заңсыз жолдармен мені қудалауға салып отыр. Бұдан кейін қандай әділдік күтуге болады. Осының бәрі ашық сот арқылы анықталса екен деген тілек көкейімнен кетпейді», – делінген Алтынсариннің Катаринскийге жазған хатында.

Оқу орындарының білім және тәрбие беру міндеттері, ондағы оқу-тәрбие процесін адамгершілік құндылықтарын насихаттай отырып ұйымдастыру, прогрессивті педагогикалық идеяларды ескере отырып, элективті оқу жоспары мен бағдарламасын құру, оқыту үрдісінде фольклорды қолдану, мұғалімнің мәртебесі – Ы.Алтынсариннің осындай және басқа да ағартушылық идеялары білім беру саласында әлі күнге дейін өзекті. Ы.Алтынсарин өз еңбектері мен қызметінде мектептегі білім беру жүйесін дамыта отырып, мұғалімнің тұлғасы мен адамгершілік бейнесіне маңызды орын берген. Ұлағатты ұстаз ойларының идеялық құндылығы білім беру саласы бүгінгідей инновациялық деңгейге көтерілген кезеңде де маңыздылығын жоғалтпай отыр.

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *