Кенді өлкеде жастар жұмыссыздығын жоюға күш салынып келеді. Былтыр облыста жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3 пайызды көрсетті. Яғни өткен жұмысқа орналасуға жәрдемдесу іс-шаралары арқасында 21 476 адам жұмыспен қамтылды.
Статистика органдарының деректері бойынша бұл 2024 жылмен салыстырғанда 0,1 пайызға төмен. Ал елдегі орташа көрсеткішпен бірдей.
Ресми дерекке сүйенсек, бос жұмыс орындарына 9 009 адам жолданды. Жобалар шеңберінде – 876, жеке бастамалар бойынша 7 094 адам жұмысқа орналасты.
Сондай-ақ субсидияланатын жұмыс орындарына 4 435 адам орналастырылды. Оның ішінде 123 адамның мүгедектігі бар.
Жалпы, жастар арасында «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыстар бағыттары кеңінен сұранысқа ие.
Бұдан бөлек, жастарды жаңа мамандықтарға беймідеу, қайта даярлау үлкен маңызға ие болып отыр. Және олардың біліктілігін арттыру мақсатында қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 196 жас жіберілді. Оқу мерзімі біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктеріне байланысты 6 айдан аспайды. Осы орайда жұмыс берушілердің сұранысына мән беріледі. Жастар газ-электрмен дәнекерлеуші, слесарь, тігінші, аспаз, кондитер, бухгалтер және басқа да мамандықтар бойынша білім алып, жұмысқа орналасты.
Жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға ерекше ден қойылған. «Бастау – Бизнес» жобасы аясында 726 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, сертификатқа ие болды. Ал әлеуметтік осал топтағы жастарға 400 АЕК яғни, 1 572 800 теңге мөлшерінде 62 грант берілді.
Гранттардың түрлі бизнес түрлеріне берілді. Олардың қатарында тафтинг стиліндегі кілем өндіру, табиғи компот жасау, киім тігу, жедел тағам дайындау цехын ұйымдастыру, автокөлік қаптамаларын тігетін ателье ашу және басқа да жобалар бар.
Сонымен қатар, электрондық еңбек биржасы – skills.enbek.kz порталында 750 адам онлайн-оқытудан өтті. Электрондық еңбек биржасының «Мансап компасы» цифрлық экожүйесі іске қосылды. Платформадағы деректер күн сайын жаңартылып отырады. Онда жалақысы 300 мыңнан 700 мың теңгеге дейін баратын 400 сұранысқа ие мамандық бойынша ақпарат ұсынылған. Ал оқып жүрген жастардың практикалық дағдыларын қалыптастыру мақсатында электрондық еңбек биржасында өндірістік практика функциясы іске қосылды.
Жастарды жұмыспен қамтуға бос жұмыс орындары жәрмеңкелері елеулі әсер етеді. Барлық аудан мен қалада тұрақты түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп келеді. Жұмыс берушілер қатарында барлық меншік нысанындағы ұйымдар мен кәсіпорындар бар. Былтыр жалпы саны 145 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, оған 1 560 жұмыс беруші қатысты. Онда 24 562 бос жұмыс орны ұсынылды.
Шалғай өңірлер де назардан тыс қалып отырған жоқ. Мобильді топтар мемлекеттік жұмыспен қамту қолдау шараларын түсіндіру мақсатында алыс ауылдарға жиі барады. Былтыр мамандар 375 рет іссапарға жіберіліп, тұрғындармен кездесті. Бұл да өз кезегінде ауыл жастарын жұмыспен қамтуға көмектесіп отыр.
Манас АҚСАРЫ
