Қоғамның болашағы – балалар. Әсіресе ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету – әрбір азаматтың адамгершілік борышы. Балалар үйіне қайырымдылық жасау – тек материалдық көмек көрсету ғана емес, ол – мейірім мен жанашырлықтың нақты көрінісі.
Қайырымдылық – бұл жүректен шыққан ізгілік, жанашырлық және басқа адамдарға көмек көрсету әрекеті. Қайырымдылық – тек материалдық көмек емес, сонымен бірге рухани қолдау, жылы сөз, қамқорлық көрсету сияқты іс-әрекеттерді де қамтиды.
2026 жылдың маусым айында «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ «Көлік, логистика және инженерлік экономика» факультеті, Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының меңгерушісі Қалыбекова Қ.С., және кураторлары Нұржанова Қ.Қ. (ЛОГ-25-2), Күлейменова Л.М. (ТТ-25-1), Оспанғалиева М.Т. (ТТ-25-2), Жалдыбаева А.Ж. (ЛОГ-25-3), Қоңырова Н.А. (ОП-25-1) топ студенттерімен «Шапағат» балалар үйіне барып, «Қайырымдылық – жүректен жүрекке» атты қайырымдылық шара ұйымдастырды.
Шараның мақсаты – студенттердің бойында мейірімділік, жанашырлық және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін дамыту.
Сонымен қатар қайырымдылық мәдениетін жастар арасында кеңінен насихаттау қажет. Балалар үйіне қайырымдылық жасау арқылы жастар өз мүмкіндіктерін қоғамға пайдалы іске жұмсап, ішкі мәдениетін байыта алады. Бұл олардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, мейірімділік пен жанашырлық қасиеттерін қалыптастырады.
Әлеуметтік жауапкершілік – әрбір адамның қоғамдағы өз міндетін түсініп, дұрыс іс-әрекет жасау қабілеті. Жастардың бұл қасиетті дұрыс түсінуі – олардың тұлғалық дамуы мен қоғамның тұрақтылығы үшін өте маңызды.
Жауапты жастар тек өздері үшін емес, қоғам үшін де пайдалы әрекет жасайды. Мысалы, балалар үйіне көмектесу, қарттар үйінде еріктілік жасау, қоғамдық тазалық акцияларына қатысу.
Студенттер арасында арнайы акциялар, қайырымдылық жәрмеңкелері ұйымдастыру арқылы бұл іске көпшілікті тартуға болады. Бұл олардың бойында мейірімділік, жауапкершілік сияқты асыл қасиеттердің қалыптасуына ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, балалар үйіне жасалған әрбір қайырымдылық – болашаққа салынған инвестиция. Бүгін көрсетілген мейірім ертең саналы, қайырымды азаматтардың қалыптасуына негіз болады. Сондықтан жақсылық жасаудан ешқашан жалықпайық, себебі жақсылық – адамды адам ететін ең асыл қасиет.
Гүлмира САҒАТОВА,
Меңдігүл ОСПАНҒАЛИЕВА,
Лайла КҮЛЕЙМЕНОВА
