Header Banner

Қазақстандағы Ұлттық домбыра күні: ұлт рухының символы

Қазақ халқының рухани мәдениетінде айрықша орын алатын киелі аспаптардың бірі – домбыра. Оның үні – ғасырлар қойнауынан жеткен халықтың үні, тарихы мен тағдырының айнасы. Осы құндылықты дәріптеу мақсатында Қазақстанда жыл сайын шілде айының бірінші жексенбісінде Ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Бұл мерекенің басты мақсаты – ұлттық мәдениетті жаңғырту, жас ұрпаққа домбыра өнерін насихаттау және халықтың рухани мұрасын сақтау. Бүгінде бұл күн тек кәсіби музыканттардың ғана емес, бүкіл халықтың ортақ мерекесіне айналды.

Домбыра – тек музыкалық аспап қана емес, ол – қазақтың жаны. Күй арқылы халқымыз қуанышын да, қайғысын да жеткізген. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет сияқты ұлы күйшілердің мұрасы бүгінгі күнге дейін жетіп, ұрпақ санасына рухани күш беріп келеді. Әр күй – бір тарих, бір тағдыр, бір шежіре.

Ұлттық домбыра күні – тек өткенді еске алу емес, болашаққа бағдар. Қазіргі заманда да домбыра өнері жаңаша сипат алып, заманауи музыкамен үндесіп келеді. Бұл – ұлттық мәдениеттің өміршеңдігін, оның заманмен бірге дамып келе жатқанын көрсетеді.

Қорыта айтқанда, Ұлттық домбыра күні – халқымыздың рухани бірлігін нығайтатын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ерекше мереке. Домбыраның үні әр қазақтың жүрегінде жаңғырып, ұлттың мәңгілік мұрасы ретінде сақтала бермек.

Гүлмира САҒАТОВА,

Қарлығаш НҰРЖАНОВА

«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ

Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының аға оқытушылары