2026 жылы Тіл саясатын дамытуға ерекше үлес қосқаны үшін және тілдерді дамыту саласын жетілдіруге белсенді атсалысқаны үшін «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КЕАҚ, Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Сағатова Гүлмира Қанатқызы «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Ана тілі – ұлттың жаны, халықтың рухани тірегі, мәдениеті мен тарихының айнасы. Тіл арқылы ұлттың болмысы, дүниетанымы, салт-дәстүрі сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырады. Сондықтан ана тілін дамыту – әр азаматтың қасиетті борышы.
Сағатова Гүлмира Қанатқызы өз қызметінде ана тілінің мәртебесін арттыруға, оның қолданыс аясын кеңейтуге, жас ұрпақтың тілге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға айрықша үлес қосып келеді. Өзінің кәсіби біліктілігі мен шығармашылық ізденісі арқылы ол қазақ тілін оқытуда жаңа әдіс-тәсілдерді енгізіп, білім алушылардың тілдік құзыреттілігін дамытуға ерекше назар аударады. Ол түрлі мәдени-танымдық шара ұйымдастырып, тіл мерекелерін өткізуге белсене қатысады. Қазақ тілінің байлығын, көркемдігін насихаттау мақсатында өткізілетін байқаулар мен жобаларға жетекшілік етіп, жастардың ана тіліне деген қызығушылығын арттыруда үлкен рөл атқарады.
Оқытушы ретінде ол әрбір білім алушының жүрегіне жол таба біледі. Оның сабағы мазмұнды, қызықты әрі тәрбиелік мәнге толы. Білім алушылар тек тіл үйреніп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді.
Қорытындылай келе, Г.Қ.Сағатованың қызметі – ана тіліміздің болашағына қосылған зор үлес. Мұндай азаматтардың еңбегі кейінгі буынға үлгі болып, ұлттық тілдің дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Қаламқас ҚАЛЫБЕКОВА,
Қарлығаш НҰРЖАНОВА
«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ
