Header Banner

Көркейген бөбекжай – кент көркі

«Балбөбек» бөбекжайы – кентіміздегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының арасындағы ең алғашқы балабақшалардың бірі. Содан бері бірнеше буын бүлдіршінге тәлім мен тәрбие беріп, ел сеніміне ие болып келеді.

Өткен ғасырдың 50-жылдары пайдалануға берілген білім ордасының бүгінде әбден тозығы жетіп, күрделі әрі ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет етуі заңды. Осыған байланысты соңғы жылдары нысанның материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен тұрақты түрде қаржы бөлінуде.

Өткен жылдары балабақшаның ішкі инфрақұрылымы жаңартылып, терезелері мен есіктері ауыстырылды, едені мен қабырғалары жөнделді, электр жүйесі заман талабына сай қайта жаңғыртылды.

Биыл да осы игі іс жалғасын тауып, ғимараттың сыртқы келбетін жаңғыртуға облыстық бюджеттен қаржы қарастырылды. Мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша мердігер болып Қарағанды қаласындағы «JK-Qurylys.KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі танылып, 11 миллион 100 мың теңгенің жобасын жүзеге асырды. Құрылыс жұмыстарына серіктестік басшысы Калмурзаев Жарбол Нұрбекұлы жетекшілік етті.

Бүгінде жөндеу толық аяқталып, бөбекжай жаңа, заманауи келбетке ие болды. Сапалы атқарылған істің нәтижесінде ғимараттың сыртқы бейнесі айтарлықтай ажарланып, тұрғындар мен ата-аналардың оң бағасына ие болуда.

Айта кетерлігі, бөбекжай кенттің басты көшесі – Абай даңғылының бойында орналасқан. Сондықтан жаңарған ғимарат білім беру ұйымының ғана емес, тұтас елді мекеннің сәулеттік келбетін айшықтай түсті. Жарқыраған қасбеті көшенің сәнін келтіріп, айналаға ерекше көрік беруде.

Мұнымен игі жұмыстар аяқталмайды. Алдағы кезеңде бөбекжай аумағын абаттандыру қолға алынып, сыртқы алаңға жасыл газон төселеді. Сонымен қатар көгалдандыру және көріктендіру шаралары жалғасып, тәрбиеленушілердің жайлы әрі қауіпсіз ортада тәлім-тәрбие алуына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырыла береді.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті