Header Banner

Аз-кем Әбіл туралы

Е-еһ, біздің бостандық! Босағадан қалай-қалай аттағансың?.. Бар жиғаны қу мен сұмның қолында кеткен қазақтың тағдыры – сол тағдыр! «Бодандықтан болдық та азат, бомж болдық бәріміз…» деген Серік Ақсұңқарұлының өлеңін «Әбілді» көргенде түсіндім. Мен мұндай қасіретті, мұндай ауыр фильмді «Жансебілден» кейін көруім осы шығар отандық кинодан. Ұлттың, жұрттың, елдің, жердің қасіреті жалғыз-ақ отбасының тағдырымен ұштасып кеткен. Әке мен ананың, бала мен шағаның жанкешті еңбегі сорға айналған соң не мұрат қалады өмірде?

Фильм емес, өмірдің өзі дер едім. Сұмдық ауыр, әрине. Әбіл деген атауынан бастап әр үзінді терең ой мен сезімге құрылған. Әбілдер аз да болса арамызда әлі де бар, бірен-саран ғана. «Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім, Жалғыз-жарым болмаса анда-санда» дегеніндей ғой Абайдың.

Режиссер Елзат Ескендір нағыз талант екен, Әбілін де, оның жары Шынарды да дәл тапқан. Ерлан Төлеутай ағамыздың күреске толы өз өмірі ғой сомдап шыққаны. Кинодағы жары Шынардың сол уақтағы қазақ әйелдерінің кейпіне енуінде де гәп жоқ. Мұндай шынайы шығар ма? ХХ ғасыр соңындағы біздің аналарымыздың образы керемет ашылған. Олардың қажыры мен қайратын, шыдамы мен төзімін тартқан бейнеті мен мехнатынан-ақ аңдауға болады.

Көркем туынды қашанда шынайылығымен құнды. Бұрынғы саман үй, қора-қопсы, есік ашылып-жабылғандағы қиқыл-шиқыл, қора-баздың үлгісі, малдың атпен бағылуы, қой қоралануы, ертеректегі ауыл адамдарының кесіп сөйлеуі, үстел басында тамақ ішкендегі кесе-қасық сылдырына шейін, радио үні, үрген ит, маңыраған қой, уаздың, жигули мен мотоцикл дауысы – бәрі-бәрі сөйлеп тұр. Сол қалпында түсірілген. Әсіресе 1990 жылдардың басында есік алдында тұратын фляг пен төбесіне төңкерілген ожау, одан су алғандағы дауыс санамда қайыра жаңғырып сағыныш отын тұтатты. Анау құдық не бұлақтың тірі суы. Қазіргілердің түсіне де кірмеген шынайы өмірдің бір пұшпағы. Тоққа емес, отқа піскен, жалын татыған қара нанға май жағып жеген заман жоқ енді. Ол кезде осы кинодағыдай ауыл, қыстақта өмір сұр болғанымен, бәрі табиғи еді, нан мен суды тоқ соғып өліленбеген, ішімізге от қақтаған, жалын татыған ас түсетін. Мұның бәрі қоспасыз өмір, шынайы кадрлар. Фильм сонысымен құнды әрі сендіреді. Көпке дейін ұмытылмайтын көркем өнер осылай әсер етсе керек.

…86 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін отырып шығып ауылына оралған Қасеннің құрметіне жайылған дастарқанда Әбілдің наласына Әли атты анабір жандайшап жас күледі ғой. Сонда Әбіл «неге күлесің, ей?» деп оқты көзімен бір емес, екі «атады» ана сүрепетті. Араларында жуып-шайып жіберіп отырған тағы бір қу (ол да Бөкеңнің, жүйенің жандайшабы) болмаса, Әбіл сол жерде әлгі жәреукені өлтіріп тастауы да кәдік еді. Әбілдің қара тырнағына татымайтын, бойында бір тұтам кісілігі жоқ қу. Позаға тұра кететін қулар қалай қалыптасатынын емеурін етіп тұр, өкінішке қарай өкімет басына жетіп алғандардың басым көпшілігі осылар. Бұл кейіпкер Мағауиннің «Жармағында» да көрініс тапқан, ондағы атауы Марат болуы тиіс, қателеспесем. Оралханның «Сайтан көпір» туындысындағы «АНАЛАР». Бұрын шолақбелсенділер қатарында айқайлап өмір сүруші еді, қазір үндемей жүріп астыңнан қияды.

Әділеттің жақтаушысы Әбіл есімі қалай таңдалса, Бөкең, Болат есімі де солай таңдалған. Ол төрде отырып Назарбаев есімін сол уақта атайды ғой. Неткен «көрегендік» десейші! Ауыл, аудандағы шеріктері сол кезден-ақ мықтап бекігенін көреміз. Кеңес тәрбиелеп шығарған советтік тип. Және көп-ақ өздері. Бөкеңнің қасына еріп алған ақсақал, қарасақалдан бастап, әлгі Әбілге күлген жас жігітке дейін… Бостандық босағамыздан қалай-қалай аттаған дегеніміз содан мәтін басында. Ақырында тұңғыш ұлы өлген Әбілді алдындағы малынан, жалғыз атынан айырғаны жай екен, қыстағынан, жерінен, үй-қорасынан айырып қаңғытып жіберіп отырған солар. Оралханша айтсақ, АНАЛАР. Әбіл әлгі әкімсымақ Бөкеңді баяғыда-ақ өлтіріп тастаушы еді, бірақ қасындағы жандайшаптары маңайлатпайды. Олар Бөкең үшін, табынған жүйесі үшін өлуге бар. Өйткені мұндай жүйесіз өздерінің тірі өлік екенін біледі.

Әбіл – жалғыз, бұрынғы байдың тұқымы, баққан мал да ертеректе қазақ байларынан тәркіленген тұяқ. Әйтпесе, советке мал қайдан кепті. Совет билігі қазақ қоғамының астын үстіне төңкеріп, өңшең қара табанға тізгінді беріп қойған соң, Әбіл малшыға айналды. Жырауларша айтқанда, «атқамінер жігітке, қалмады нәрсе қарардан, ел биледі бір сымпыс, екі бұты таралған». Сондықтан Әбіл қалың шибөрінің ішіндегі жалғыз бөрі секілді. Сөйтсе де елді ұстап тұрған, елдікке тұтқа бір адам болса тағы өзі. Жөн-жосықты білетін, кісілігі бір басына жететін, құдайшылығы бар нағыз қазақ. Дәл осындай кейіпкер Мағауиннің Сұлтанмахмұт туралы «Нала» әңгімесінде де бар. Сұлтекең «Шоң» серіктігін ашам деп ауылға барып, ешкім қолдамай жалғыз қалғанда, басын сүйеп қасында қалған қазақтың есімін ұмыттым. Ауыл-елдің ішінде бұлар жүргенде бөкең сияқты қулар ертеректе аяғын тартып отыратын. Кейін ақша билеп, бұлар шексіз байып алды да ешкімді сызбайтын болды. Ақсақал, Алаш рухты азамат, оқығандарың не, мемлекет адамы саналатын прокурор, сот, әкім-қараның бәрі солардың жемтігінің құлына айналғаны сол, бәрін пара шешіп кетіп отырғанын естіп-біліп жүрдік. Майлы жіліктің басын ұстап, колхозды басып қалғандар осылай шалқып өмір сүргенде, елдіктің тұтқасына айналған Әбілдер тентіреп далада қалды. Немесе ортадан төмен қоңторғай тірлік кешіп жатты. Негізгі еңбек те, маңдай тер де, жөн-жосық айтып, жол нұсқайтын серкелік те соның қолы емес пе еді? Оның өмір бойы баққан малын, астындағы атын тартып алғаны өз алдына, өзін оңдырмай соққыға жыққаны – енді адам айтып болмас қасірет. Тепкілеп жатқан – жетесіз ауылдастары, қара жүрек қабылдар, тепкіде жатқан Әбіл – ҚАЗАҚТЫҢ өзі. Тамырын тереңге жайып алған бұл жүйені ретке келтіру мүмкін бе, жоқ па, білмеймін. Жақтасы және жоқ Әбекеңнің…

Әділетке жақтас Әбілдің қолы ашық. Тіпті түн ішінде ауылдың мал дәрігері ешкім бермеген соң қойды келіп Әбілден алады. Тағы осындай бірнеше деталь ұшырасады. Алайда атасының қолында өскен, оқудан шығып кеткен тікбақай ұлы мал сұрап келгенде бермей қояды Әбіл. Баласына бермегенін ауылдасына қиып тұрғаны оның әділдігі. Ауылдасы мұқтаж болса, ұлы малды текке шашып жүргенін біледі. Себебі, ісінде береке жоқ бәтуасыз біреу болып қалыптасқанын таниды. Теріс бата береді. Ақырында сол ұлы әкесі бермеген малды түнде қорасынан ұрлап әкеткенде Әбіл мылтықпен соңынан көздеп тұрып, аспанға ата салады. Бұл да заманның бұзылғанын, ауылдан қалаға кеткен екінің бірі адам боп оралмайтынын көрсетеді. Адам боп алаңға шығып теңдік сұраған Қасеннің кешкен кебі анау. Қасен отырып шыққанымен қылмыскер емес қой. Сондықтан ел құрметтеп күтіп алады, бірақ онда да столда қып-қызыл боп «Русская водка» тұрады. Одан тартпаған қазақ жоқ. Кинодағы әр ұсақ-түйектің астарынан үлкен мәселелер сығалайды. Үлкен ұлы Тәкен мал сұрай келгенде қасындағы қу бір төмпешікке сарып тұрғанда Әбіл айқайлайды, астында мүрде жатыр деп. Қалалық қазақтардың бір сиқы… Сонымен қатар Әбілдің киімімен жуылып кеткен ақшаны әйелі кірмен бірге жайып қойғаны да біраз жайдан хабар береді. Ол қызылшұнақ ақшалар бар ма, жоқ па, оған бас ауыртып жатқан Әбіл ме еді?

Әбіл соққыға жығылып тепкіленгені бер жағы екен, сұмдық мұнымен бітпепті. Желтоқсаншы Қасен аман оралуына дастарқан жайылған түні әкімсымақ Бөкең ертерек тұрып кетіп барып, Әбілдің қойларын алып кетуді ойлап, жандайшаптарымен қорасын тінтеді. Қой жоқ, Әбілдің анда ішіп қалғанын білетін қой іздеген оңбаған топ үйінен баласы Ментайды алып шығады. Бөкең қой қайда деп соққының астына алып, армансыз сабайды. Өшін баладан алады, өлтіріп тастай жаздайды. Билігін асыра пайдаланған бұл жемқор, парақор Бөкеңдердің кесірі өз басымен кетпей, Әбілден де өтіп келер ұрпаққа жұдырық боп тиерінің көрінісі осыдан білінеді. Бұдан өткен сұмдық жоқ. Бір буынның азғындығының азабын қатарластары ғана емес, келесі ұрпақ тартады. Ағылшындар баласы тұрмақ, немересі алаңсыз оқып-ізденетіндей жағдай жасап кетеді…

Түнде тұңғыш рет ішіп келген Әбіл таңертең жағдайды білген соң есік алдына көлік келгенін естіп, ана қулар ма деп, мылтығын оқтап ап сыртқа шығады. Яғни тайынатын түк те қалмаған. Сөйтсе суық хабар әкелген бір ауылдасы мал сұрап жүрген тұңғыш ұлы қайтыс болғанын естіртуге келіпті… Әбіл Бөкеңді атам деп шығып, ұлының қайтқанын естиді. Бұлар отбасымен ұлдарын жерлеуге кеткенде әлгі Бөкеңдер Әбілдің қыстағы мен қорасын тартып алып бермек адамдарына таныстырып жүреді. Одан алатын парасына келісіп, заңдастыру жағын реттестіріп қойған. Сөйтіп Әбілді әйелі, төрт баласымен қаңғытып түбіне жетпекші ғой. Сол екі арада қайғыдан қан жұтқан отбасы жолда қыстағына қайтып келе жатады. Ал қыстақ басында жаңбыр құйып тұрады. Ана жаңбыр күллі киноның мазмұнын ашып кететін негізгі түйін. Нөсер астында бүріскен он шақты қой, бес сиыр, ерттеулі ат пен есек бүрсиеді. Қорғансыз, шарасыз түлік пен көндіккен есектің жаңбыр астында панасыз қалғаны… Обалы кімге, бір Құдай ғана төреші.

Жәнібек ӘЛИМАН