Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы Наурызнама онкүндігінің Тазару күні бастау алған болатын. Бүгінде бұл экологиялық акция барлық облыстарда жүргізіліп жатыр.
12 өңірді қамтыды
Шараның басты мақсаты – су көздерін, бұлақтарды, өзен-көлдер мен теңіз жағалауларын қоқыстан тазарту, жастардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясындағы «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясын Су ресурстары және ирригация министрлігі жалғастырып жатыр.
Бұл акция аясында бұлақтар мен су нысандарын тазарту, сондай-ақ олардың айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Бүгінде «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясының екінші кезеңін еліміздің 12 өңірінде (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында) өткізуде.
Акция барысында 58 бұлақ пен 33 су нысанын тазарту жұмыстары жүргізіледі.
Ал акцияның бірінші кезеңі аясында 36 бұлақ пен 27 су нысаны қамтылды. Шараларға 12,5 мыңнан астам адам, оның ішінде 900-ден астам ерікті қатысты.
Акция аясында еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі (Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Алматы облыстары, Жетісу облысы және Шымкент қаласы) 30 бұлақ пен 19 су нысаны қамтылды. Акцияларға 9 мыңнан астам адам, оның ішінде 700-ден астам ерікті қатысты.
Бұдан бөлек, «Болашақтың қайнары» еріктілер тобы тағы 5 бұлақ пен 6 су нысанының жағалау аумағын тазартты. Бұл шараларға негізінен жастардан құралған 3 мыңнан астам адам қатысты.
«Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясының екінші кезеңіне Абай облысы «Қазсушар» РМК-ның «Абай» филиалы «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы аясында 5 аудандағы (Үржар, Мақаншы, Жарма, Көкпекті және Ақсуат аудандары) 10 бұлақта шара өткізсе, Ақмола облысының аумағында 4 аудандағы 8 бұлақтытазарту жұмыстары жоспарланған.
Ақтөбе облысының аумағында 6 аудан мен Ақтөбе қаласында 15 бұлақ пен 6 су нысанының жағалау аумағын тазарту жұмыстары жоспарланған.
«Қазсушар» РМК-ның Шығыс Қазақстан филиалы «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында Өскемен қаласында (20-ықшамаудан, «Святильный» бұлағы, координаттары), Тарбағатай ауданында (Ақжар ауылы, Қарасу бұлағы), Зайсан ауданында (Зайсан қаласы, Жеменей бұлағы) және Күршім ауданында (Сарыөлең ауылы, Шолпақ бұлағы) орналасқан 4 бұлақта шара өткізуді жоспарлаған болатын.
Батыс Қазақстан облысының аумағында 3 бұлақ пен 14 су нысанының жағалау аумағын тазарту жұмыстары жоспарланған.
Қарағанды облысында 3 бұлақты (Осакаров, Бұқар жырау, Абай аудандары) тазалау және абаттандыру жұмыстары жоспарда.
Қостанай облысының аумағында Б.Майлин ауданында және Лисаков қаласында орналасқан 3 бұлақты, сондай-ақ 2 су нысанының жағалау аумағын тазарту жұмыстары жоспарланған.
Павлодар облысының аумағында Май ауданында орналасқан 3 бұлақты тазарту жұмыстары жоспарланған.
Солтүстік Қазақстан облысында 3 бұлақты және 2 су нысанының жағалау аумағын (Пестрое көлінің жағалауы, Есіл өзенінің жағалауы) тазалау және абаттандыру жұмыстары жоспарланған.
Ұлытау облысының аумағында 1 бұлақ пен 2 су нысанының жағалау аумағын тазарту жұмыстары жоспарланған.
Бұлақтар абаттандырылды
«Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы аясында Қарағанды облысының Абай ауданында Топар кенті мен Жартас ауылындағы екі табиғи бұлақтың маңы абаттандырылды.
Жұмыс барысында бұлақ айналасы тазартылып, жер астын тесіп шығатын жерлер табиғи тастармен бекітілді.
Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынып, демалатын орындықтар мен күркелер орнатылды. Сондай-ақ автотұрақ жасалып, айналасы көгалдандырылды.
Абаттандыру жұмыстарының нәтижесінде бұлақтар тұрғындар мен жол бойындағы жолаушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз болды. Сонымен қатар олардың табиғи қалпы сақталған.
Екі бұлақтың да суы зертханалық тексерістен өтіп, сапасы расталды.
Қарабас кентінің әкімі Махсат Тәттімбетовтің айтуынша, республикалық тас жолдың бойында орналасқан «Сарышоқы» бұлағы көптен бері жөндеуді қажет етіп келген.
– «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында бұлақтың өзін де, айналасын да ретке келтірдік. Енді бұл жолмен өткен кез келген адам аялдап, демалып, таза әрі салқын су ала алады. Барша тұрғындарды осы жердің тазалығын сақтауға шақырамын, – деді Махсат Тәттімбетов.
Атқарылған жұмыстармен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев және ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев танысты.
Өңір басшысы экологиялық бастамаларға қолдау көрсетіп жүрген еріктілерге, қоғамдық ұйым өкілдеріне, жастар мен тұрғындарға алғыс айтты.
– Бұлақ – тек таза судың көзі ғана емес, табиғи мұрамыздың бір бөлігі. Оны сақтау – бүгінгі ұрпақтың да, келер ұрпақтың да алдындағы ортақ міндет. Табиғатты қорғау ісінде бәріміз бірлесе әрекет етуіміз керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Ал Талғат Момышев қазақтың «Бұлақ көрсең – көзін аш» деген нақылын еске алып, су көздерін күтіп-баптау – келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік екенін атап өтті.
Топар мен Жартастағы бұлақтарды жергілікті халық ертеден пайдаланып келеді.
Аңыз бойынша, Шерубай батыр заманында жолаушылар «Сарышоқы» бұлағына тоқтап, шөлін қандырған.
Бүгінде бұл бұлақ жаңартылып, табиғи маңызын сақтап қалды.
Топар кентінің тұрғыны Марат Құлжанбековтің айтуынша, ол осы бұлақтың суын көп жылдан бері пайдаланып келеді.
– Бұл бұлақтың суы өте таза. Біз оның сапасын өзіміз зертханаға тексерткенбіз. Қазір мұнда су алуға ыңғайлы жағдай жасалып, күрке, ақпараттық тақта орнатылып, айналасы абаттандырылды. Осы іске атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтамын, – деді ол.
Сонымен қатар Ескі Тихоновка ауылындағы бұлақ та абаттандырылды.
Қарағанды облысында табиғи бұлақтарды ретке келтіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ
