2026 жылдың 10 шілдесінде Ақадыр кенті әкімдігінде тұрғындарға тегін құқықтық кеңес беру мақсатында арнайы қабылдау ұйымдастырылды. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заң талаптарын түсіндіруге және азаматтардың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бұл игі шараға кент тұрғындары белсенді қатысып, өздерін толғандырған сауалдарына білікті мамандардан жан-жақты жауап алды.
Кездесуге Қарағанды облысы Әділет департаментінің Құқықтық түсіндіру жұмысы және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Әбдібаев Ғ.С., Қарағанды қаласының Мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімінің сот орындаушысы Ауесбаев Е.Е., сондай-ақ адвокат Карбанов Д.Ш. және жеке нотариус Сұлтанова К.Т. қатысып, тұрғындарға кәсіби құқықтық көмек көрсетті.
Қабылдау барысында азаматтар құжаттарды рәсімдеу тәртібі, жылжымайтын мүлікке және өзге де мүліктік құқықтарды мемлекеттік тіркеу, нотариаттық қызметтерді пайдалану, сот шешімдерінің орындалуы, атқарушылық іс жүргізу, мұрагерлік, сенімхат рәсімдеу, алимент өндіру, қарыз міндеттемелері және басқа да құқықтық мәселелер бойынша кеңес алды.
Мамандар әрбір өтінішті мұқият тыңдап, заң талаптарына сәйкес нақты түсіндірмелер беріп, құқықтық мәселелерді шешудің тиімді жолдарын ұсынды. Мұндай кездесулер тұрғындардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, мемлекеттік органдар мен халық арасындағы өзара сенімді нығайтуға да зор ықпал етеді.
Осындай ашық форматтағы құқықтық қабылдаулар азаматтардың заң аясындағы сауаттылығын арттырып, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады. Сондықтан тұрғындар тарапынан мұндай игі шараларға қызығушылық жоғары болып, құқықтық кеңес алуға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
