Облыста мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуда арнайы бағдарламалар жемісін беріп отыр. Қазір солардың бірі – «Арнайы жұмыс орындары» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға өтінім қабылдау жүріп жатыр. Бағдарлама арқасында қатысушылар тұрақты жұмысқа орналасуға, кәсіби тәжірибе жинақтауға және жұмыс орнына бейімделуге мүмкіндік алады.
Аталған бағдарламаға есту, көру немесе тірек-қимыл аппараты бұзылған, мансап орталықтарында жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар қатыса алады. Жоба мерзімі 36 айға дейін жалғасады. Бұл туралы толық білу үшін облыстағы мансап орталықтарына хабарласуға болады.
Жалпы, бүгінде аймақтағы мүгедек жандардың 39 пайызы жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіш республикалық орташа деңгейден жоғары. Аймақта мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту және олардың экономикалық белсенділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр.
Өткен жылы облыста 1375 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасты. Оның ішінде 400-ге жуық адам тұрақты жұмыс орындарына қабылданды. Еңбек нарығында бухгалтер, инженер, автоматтандырылған желілер операторы, аспаз және қосалқы жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары.
Сонымен қатар, 582 азамат субсидияланатын жұмыс орындарына тартылды. Олар қоғамдық жұмыстарға қатысып, «Күміс жас», «Алтын жас», «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары аясында еңбек етуге мүмкіндік алды.
Өңірдегі кәсіпорындар да мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға белсенді атсалысып келеді. Өткен жылы қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған 15 арнайы жұмыс орны ашылып, есту, көру және тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтар тұрақты табыс табуға мүмкіндік алды.
Кәсіби даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Тұрғындар тігінші, электрші, дәнекерлеуші, автослесарь сияқты жұмысшы мамандықтарын меңгеріп жатыр. Сонымен бірге Skills Enbek платформасы арқылы онлайн оқыту ұйымдастырылған.
Жұмыс іздеушілерге қолдау көрсету мақсатында Қарағанды мен Теміртау қалаларында JumysTap жобасы аясында кеңес беру пункттері ашылды. Бұл орталықтарда азаматтар артық бюрократиялық рәсімдерсіз оқытылып, жұмысқа орналасуға қажетті қолдау алады. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарға арналған қысқамерзімді оқыту курстары да ұйымдастырылуда.
Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығы да артып келеді. Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, өткен жылы «Бастау – Бизнес» бағдарламасы бойынша 255 адам білім алды. Нәтижесінде әрқайсысының көлемі 400 АЕК-ке дейінгі 96 мемлекеттік грант берілді.
Грант қаражатының есебінен облыста ательелер, шеберханалар, наубайханалар, тұрмыстық техника мен автокөліктерді жөндеу сервистері, клинингтік компаниялар, сондай-ақ спорттық және сауықтыру орталықтары ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылды.
Биыл Қарағанды облысында шамамен екі мың мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындардың еңбек нарығына бейімделуіне, әлеуметтік жағдайын жақсартуға және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Манас АҚСАРЫ
