Header Banner

Жыл басынан бері 13 мың адам жұмысқа орналасты

Облыста жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Жыл басынан бері 13 мың адам екі қолға бір күрек тапты. Соның арқасында аймақтағы жұмыссыздық деңгейі елдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі  болып отыр.

Бұл – аймақта жүзеге асырылып жатқан мемелекеттік саясаттың, инвестициялық жобалардың және әлеуметтік бағдарламалардың жемісі. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыздық көрсеткіші 4 пайызды көрсетті.

Қазір өңірлік жұмыспен қамту картасы жоспарға сай жүзеге асып жатыр. Жұмысқа орналасқан 13 мың адам – жоспарланған көрсеткіштің жартысына жуығы.

Халықты жұмыспен қамту мәселесі әртүрлі деңгейдегі жиындарда талқыланып келеді. Облыс әкімдігінде өткен кеңесте облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Сапабеков халықтың барлық санатына көңіл бөлініп отырғанын айтты.

– Өңірлік жұмыспен қамту картасы жаңа жұмыс орындарын ашуды, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауды және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыруды көздейді. Жастарға, аға буын өкілдеріне және өз ісін ашуға ниетті азаматтарға ерекше көңіл бөлінеді. «Алтын жас» жобасы жоғары сұранысқа ие. Жыл басынан бері оған 618 зейнеткер қатысты, – деді Ғалымжан Сапабеков.

Ал аймақта кәсіпкерлікті дамытуға биыл 510 мемлекеттік грант беру жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Қазіргі уақытта байқаудың бірінші легіне өтінім қабылдау аяқталды.

Бұдан бөлек, кәсіпкер боламын деген адамдарға қолдау тұрақты жасалып келеді. «Бастау – Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жалғасып жатыр.

Инвестициялық жобалар арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып жатқанын айттық. Солардың бірі ретінде QAZCLINKER ЖШС-нің клинкерлік қаптама тақтайшаларын шығаратын зауытының құрылысын атап өтуге болады. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін мұнда 80 жұмыс орны ашылады. Жалпы, биыл өңдеу өнеркәсібінде 440 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Ал бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша олардың 200-ден астамы ашылды.

Облыс басшылығы жұмыссыздықты жою мәселесін назардан еш шығармайды. Осы орайда өңірлік жұмыспен қамту картасында көрсетілген межелерге қол жеткізу ерекше тапсырылған.

Манас АҚСАРЫ