Header Banner

Жыл санап қамқорлық күшейіп келеді

Әрине, халықты әлеуметтік қолдау – мемлекет саясатының басымдыққа ие бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл орайда әлеуметтік саясаттың өзегі ретінде тұрғындарды жұмыспен қамту, олардың табысын арттыру және осал топтарды қолдау зор маңызға ие. Былтыр осы мақсаттарға республикалық және облыстық бюджеттерден 24,4 млрд теңге жұмсалды.

Бұл қаржыға кешенді шаралар жүзеге асты. Соның арқасында еңбек нарығындағы тұрақтылық сақталып, әлеуметтік мәселелер шешілді. Азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыру үшін мұндай жұмыстардың жүзеге асқаны маңызды.

Жалпы, кейінгі жылдары әлеуметтік қолдау бағытында оң өзгеріс бар. Мәселен, жыл өткен сайын атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайып келеді. Былтыр АӘК 992 отбасыға тағайындалып, 4 640 адам қамтылды. Төлемдер көлемі 535,7 млн теңге болып, 2024 жылмен салыстырғанда 30 пайызға кеміді. Бұл азаматтардың көптеп жұмыспен қамтылып, табыстарының арта бастағанын көрсетеді. Сонымен бірге облыста бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға арналған қосымша төлемдер сақталып, тұрақты тқленіп келді.

Халыққа коммуналдық салада да қолдау көрсетіліп отыр. Яғни, коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындарды өтеу үшін 1 329 отбасыға тұрғын үй көмегі берілді.

Облыста қиын жағдайға тап болған азаматтарға жәрдемдесетін 11 отбасыны қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтарда құқықтық, психологиялық, әлеуметтік және білім беру бағытындағы көмектер ұсынылады. Өткен жылы орталықтар 6 316 адамға көмек көрсетті. Қаржылық тұрақтылықты арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 56 мыңнан астам адам қаржылық сауаттылық курстарынан өтті. 38 мыңнан аса азамат тегін заңгерлік көмек алып, қарызды қайта құрылымдау, банкроттық рәсімдеу, шоттарға салынған тыйымдарды алу секілді мәселелер бойынша нақты қолдауға ие болды.

Облыс әкімінің бастамасымен іске асырылған «Қайта бастау» жобасы да нәтижелі болды. Жобаға тартылған 1 450 адамның 822-сі жұмыспен қамтылып, оның басым бөлігі тұрақты жұмыс орындарына орналасты.

Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау әлеуметтік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Облыста тұратын 54 880 мүгедектігі бар адамның 98 пайызы оңалту құралдары мен қызметтеріне қол жеткізді. Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының 211 нысаны бейімделіп, инватакси қызметі арқылы 2 432 адамға, оның ішінде 754 балаға, тегін көлік қызметі көрсетілді.

Ардагерлерге де жан-жақты қолдау көрсетіледі. Облыста тұратын ІІ дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне біржолғы материалдық төлемдер беріліп, 259 ардагер санаторий-курорттық емделуге жолдама алды. Енді әрбір ардагер өз таңдауы бойынша шипажай таңдай алады.

Осыған дейін халықты жұмыспен қамту көрсеткішін арттыру мақсатында өңірлік карта бекітілген еді. Оның аясында 54 733 адам түрлі бағыттағы әлеуметтік қолдауға ие болып, олардың 51 039-ы нақты жұмысқа орналасты. Және азаматтардың жеке бастамалары арқылы 17 мыңнан астам жұмыс орны құрылса, ұлттық жобалар мен салалық бағдарламалар аясында 2 124 жұмыс орны ашылды. Осы орайда тұрғындар ауыл шаруашылығы, жол, құрылыс, өнеркәсіп, білім беру, цифрландыру секілді салаларда көптеп еңбекпен қамтылды.

Сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға кәсіп бастауға мүмкіндік беру мақсатында 225 адамға қайтарымсыз грант берілді.

Кәсіби дағдыны арттыру мен қайта даярлау да назардан тыс қалған жоқ. «Бастау – Бизнес» жобасы арқылы 1 740 адам кәсіпкерлік негіздерін меңгерсе, 602 адам қысқамерзімді курстар аясында еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын игерді.

Қашықтан білім алу да ескерілді. Skills Enbek платформасы арқылы 3 094 адам онлайн білім алды. Ал «JumysTap» жобасы аясында колледждер базасында курстар ұйымдастырылып, 150 адам тігінші, дәнекерлеуші, сантехник, электрик секілді жұмысшы мамандықтарын алып шықты.

Былтыр мүгедектігі бар азаматтарды да жұмыспен қамту жүйелі түрде жүргізілді. Осы орайда жұмыс берушілерді ынталандыру арқылы жалақысы субсидияланатын 15 арнайы жұмыс орны құрылды.

Басқа өңірлерден адам тартуға да назар аударылып отыр. Өңіраралық еңбек ұтқырлығы бағдарламасы аясында облысқа 47 адам қоныс аударып, тұрақты түрде жұмысқа орналасты. Бұл тұрғыдан келгенде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары еңбек нарығындағы белсенділікті арттыруға ықпал ететінін атап өту керек. Былтыр 145 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, оған 1 560 жұмыс беруші қатысып, 24 562 бос жұмыс орнын ұсынды. Нәтижесінде 513 адам жұмысқа орналасты, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтар да бар. Сонымен қатар, ауылдық елдімекендерге 375 рет мобильді топ шығып, жұмыспен қамту тетіктерін түсіндірді. Бұл іс-шаралар облыста жұмыссыздық деңгейін 4 пайыз деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік берді. Айта кетейік, бұл республикалық көрсеткіштен төмен.

Манас АҚСАРЫ