Облыста зейнеталды және зейнет жасындағы адамдарға тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Осы орайда оларды жұмыспен қамту маңызды. Бұл бағытта түрлі жобалар іске қосылған. Бүгінде мыңдаған адам ол бағдарламалардың игілігін көріп отыр.
Жобалар қартайған шағында өмірдің қиын жағдайына тап болған жандарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмысқа орналастыруды көздейді. Әдетте, егде жандардың еңбек өтілі мол келеді. Және кейбір жастарға қарағанда жауапкершіліг жоғары. Мәселен, кез келген тапсырмаларды орындаудан қашпайды, күрделі жұмыстарды мойнына алудан қорықпайды. Сондай-ақ креатив жағынан келгенде тәжірибе мен білікті ұштастырып, тың идеялар ұсыну жағынан келгенде жастардан кем түсіпейтіні мәлім. Тағы бір айтып өтері, олар жас буын ды тәрбиелеуге тәлімгер ретінде үлес қоса алады.
Зейнет жасындағы жандарды жұмысқа орналастырудағы басты бағдарламалардың бірі – «Алтын жас» жобасы. Жоба облыста былтыр іске қосылды. Мұнда жалақының бір бөлігі жұмыс берушінің есебінен төленеді. Яғни еңбекақы белгіленген лауазымдық жалақының кемінде 50 пайызы көлемінде есептеледі. Ал оның 50 пайызы – жартысы жергілікті бюджет есебінен субсидияланады. Алайда жалақы мөлшері елдегі ең төменгі жалақының мөлшерінен – 85 мың теңгеден аспауға тиіс. Бір адам бағдарламаға екі жыл бойы қатысып, жұмыс істей алады. Биылға бағдарламаға 600 квота бөлінді.
Айта кету керек, «Алтын жас» жобасына сұраныс жоғары болып тұр. Жобаға 542 адам қатысты. Бастапқыда өңірдің 400 тұрғынын жұмыспен қамту жоспарланған еді. Алайда қызығушылық жоғары болғандықтан жұмыс істегісі келген жандардың барлығына мүмкіндік беру туралы шешім қабылданды.
Бағдарламаға қатысушылар мамандықтар әрқилы. Олардың қатарында бухгалтер, тәрбиеші, мұғалім, жүргізуші, күзетші және басқа да мамандар бар.
Ал зейнет жасына жетпеген, яғни жасы елуден асқан жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту мақсатында «Күміс жас» жобасы жүзеге асып жатыр. Бұл жоба шеңберінде де жалақыны субсидиялау қарастырылған.
Мұнда жалақыны жұмыс беруші өзі белгілейді. Ал мемлекет 30 АЕК-тен аспайтын мөлшерде субсидия береді. Жобаға қатысу мерзімі 36 айға дейін созылады. Мерзіміне қарай субсидия сомасы өзгереді. Яғни алғашқы 12 айда жалақының 70 пайызы мемлекет есебінен өтеледі. 13-ші айдан 24 айға дейін – жалақының 65 пайызы, 25-ші айдан 36 айға дейін жалақының 60 субсидияланады. Бағдарлама мерзімі аяқталғаннан кейін қатысушыға зейнет жасына дейін тұрақты жұмыс орны ұсынылады.
Кейінгі төрт жылда жобаға 4 725 адам қатысты. Жылдарға бөлсек, 2022 жылы – 322, 2023 жылы – 1 092, 2024 жылы – 1 471, ал былтыр 1 840 адам бағдарлама игілігін көрді. Және биыл жобаға 280 адамды тарту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы азаматтарды оқыту мақсатында 2024 жылдан бастап «JUMYS TAP» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында былтыр Қарағанды технология және сервис колледжі, Қарағанды көлік-технологиялық колледжі және Техникалық-құрылыс колледжінің базасында жаңа мамандықтарға оқыту жүргізілді. Барлығы 150 адам оқудан өтті. Олар тігінші, шаштараз, электрик, сантехник, жиһаз құрастырушы, электргазбен дәнекерлеуші, флорист, слесарь-сантехник, автокөліктерді жөндеу слесарі, электр слесарі мамандықтарын меңгерді.
Былтыр тұрғындарға жұмыс табуға жәрдемдесетін 4 консультациялық пункт ашылды. Қарағанды қаласындағы пункттер «Алтын Арба» және «Ануар» сауда үйлерінде, сондай-ақ Пришахтинскідегі «Корзина» супермаркетінде орналасқан. Теміртаудағы «Одежда» сауда үйінде де пункт бар.
Манас АҚСАРЫ
