Header Banner

Жақсының жарқын бейнесі

Ел ішінде саналы ғұмырын туған жердің тынысын түлетуге, ауыл шаруашылығының өркендеуіне арнап, адал еңбегімен ел құрметіне бөленген, қолынан өнер тамған ісмер азаматтар аз емес. Олардың өмір жолы – қарапайым еңбекке деген құрметті дәріптеп, маңдай термен келген адал табыстың қадірін ұғындырған тағылымды тағдырлар.

Солардың бірі – туған топырағына деген шексіз сүйіспеншілік пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған, өмірден ерте озған Күзембаев Құрман Оралұлы. Ол қай салада қызмет етсе де, ел игілігін бәрінен биік қойып, аянбай еңбектенді. Осындай ардақты азаматтың ғибратқа толы ғұмыры – кейінгі ұрпаққа үлгі, ел жадында мәңгі сақталатын асыл мұра.

Құрман Оралұлы 1946 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақшатау ауылында (қазіргі кезде Жарылғап батыр атындағы ауыл) дүниеге келген.

Әкесі Орал Күзембайұлы Ақадыр, Шет өңіріне есімі белгілі темірден түйін түйген шебер, зергер, ұста болған. Ол кісі туралы көзі көргендер бүгінгі күнге дейін аңыз әңгімелерін айтып жүреді. Қолынан келген өнерін алты бірдей ұлдарына дарытып, барлығын шебер етіп өсірді. Әкелеріне тартқан балалары дүйім халықтың ортасында ісмерлігімен, іскерлігімен ерекшеленді.

Ең үлкен ұлы Кенбай жастайынан техникаға ерекше үйір болды. Инженерлік тапқырлығының арқасында көпшілікке танылып, техниканы жетілдіруге бағытталған талай рационализаторлық ұсыныстар енгізді. «Ақшатау» кеңшарында (совхозында) машина ауласының меңгерушісі, кейін бас инженер қызметтерін абыроймен атқарды. Өмірінің соңғы жылдарында Ақшатау ауылының әкімі болып, ел игілігі жолында еңбек етті.

Одан кейінгі ұлы Құрал Оралұлы Ақадыр ауданының шаруашылақтарында басшылық қызметтерін атқарып, кейін Жезқазған және Қарағанды облыстық ауыл шаруашылық басқармаларында жауапты лауазымдарда еңбек етті. Саналы ғұмырын ел игілігіне арнап, зейнеткерлікке шыққанға дейін өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарды.

Тағы бір ұлы Нәсіп Оралұлы да өнерден құралақан емес еді. Өмір бойы аудандық бөлімдерде есепші болып еңбек еткенімен, қолы қалт еткен сәттерде сүйікті ісіне айналған сағат жөндеумен шұғылданатын. Әсіресе қол сағаттарының сан алуан тетіктерін жетік меңгеріп, істен шыққан уақыт өлшегіштерді қайтадан іске қосатын нағыз шебер болды. Ол заманда сағат тақпайтын адам кемде-кем болғандықтан, жұртшылық сағатын жөндету үшін алдымен Нәсіп ағаны іздеп баратын.

Әбілсейіт Оралұлы да әке дарытқан еңбекқорлық пен шеберлікті бойына сіңірген азамат. Ол Ақадыр өңіріне етікшілік өнерімен кеңінен танылды. Ұзақ жылдар аудандық тұрмыстық комбинатта өз мамандығы бойынша абыройлы еңбек етіп, сапалы қызметімен халықтың ықыласына бөленді. Зейнет жасына жеткеніне қарамастан, сүйікті кәсібін күні бүгінге дейін жалғастырып келеді.

Өкінішке қарай, өмірден мезгілсіз озған кенже ұлы Мейрам Оралұлына да табиғи талант пен ерекше шеберлік дарыған еді. Үлкен ағасы Кенбайға тартқан ол техниканың тілін жетік меңгеріп, темірден түйін түйген нағыз ісмер болды. Қандай күрделі техника болмасын, оның құрылысын тез меңгеріп, ақауын дәл тауып, қалпына келтіретін. Жеңіл автокөліктерден бастап ауыр жүк көліктеріне, қарапайым тракторлардан алып К-700 тракторына дейін бөлшектеп, қайта жинап шығатын шеберлігіне көпшілік тәнті болатын.

Мейрам тек техника саласымен ғана шектелмей, құрылыс пен ауыл шаруашылығының да қыр-сырын жетік білді. Соның жарқын дәлелдерінің бірі – Ақадыр кентіндегі құрылыс материалдарын сататын «Құрылыс» дүкенінің ашылуы. Бұл сауда орнының іргесін қалауға және оның аяғынан тік тұруына Мейрамның сіңірген еңбегі зор болды. Бүгінде мұнда кент тұрғындарымен қатар, маңайдағы ауылдардың, тіпті аудан орталығы Ақсу-Аюлының тұрғындары да шеге, тақтай, әк, сыр-бояу, құбыр және басқа да құрылыс пен жөндеу жұмыстарына қажетті материалдарды сатып алады.

Сонымен қатар, өз қолымен негізін қалап, темірқазығын қаққан шаруа қожалығын да кейінгі ұрпағына аманат етіп қалдырды. Жылқы, сиыр, қой-ешкі өсіруге бағытталған бұл шаруашылықты бүгінде ұлы Айдос абыроймен басқарып, әке жолын лайықты жалғастырып келеді. Осылайша Мейрам Оралұлының маңдай терімен құрған еңбегі бүгінгі күні де өз жемісін беріп, ұрпағына игілігін тигізуде.

Басты кейіпкерімізге оралсақ, Құрман Оралұлы орта мектепті тәмамдаған соң, алғашқы еңбек жолын он жеті жасынан бастап Ақшатау кен-байыту комбинатына қарасты автокөлік цехының слесарь көмекшілігінен бастайды. Өйткені, әке-ағасынан үйренген техниканың тілі оған тым жақын еді. Адам өмірінде өзінің сүйікті ісімен айналысса үлкен табыстарға жететіні бәрімізге абзал.

Мен осы жолғы әңгімемде бұрынғы жазу стереотипімді өзгертіп, Құрекеңнің бүкіл өмірбаянына тоқталмай, тек оны жақын білетін кезімнен естелігімді айтсам деймін.

Құрман Оралұлы «Босаға» кеңшарынан ауысып «Ақадыр» кеңшарында еңбегін жалғастырды. Көп ұзамай, осы шаруашылықты құрылғанынан бастап отыз жылға жуық директор қызметін атқарған, ауыл шаруашылық саласының майталманы, іскер басшы болған Көкжалов Зәкір Көкжалұлы зейнеткерлікке шығып, оның орнына Құрекең тағайындалды.

«Ақадыр» кеңшарының тарихына үңілсек, ол 1965 жылы қой шаруашылығын дамыту мақсатында Кеңес Үкіметінің қаулысымен құрылған. Сол жылдары Кеңес Одағы Қазақстанда қой малын 50 миллионға жеткізу бағдарламасын іске асырумен айналысып жатқан кезі болатын.

Жаңадан құрылған кеңшардың директорлық тізгіні басқа шаруашылықты басқарып жүрген Зәкір Көкжалұлына берілді. Онымен қатар шаруашылық басшылары болып Елеубеков Сұлтанғали, Келесбаев Құлтай, Хамзин Кеңесбек, Шәтеков Демесін, Бакиров Дүйсенбай, Жұманов Бекежан, Смет Алтай, тағы басқалар болды.

Шаруашылықта атағы облысымызға белгілі болған аға шопан Дуанбаев Айтбек қажырлы еңбегімен көзге түсіп жүрді. 100 аналықтан бірнеше жылдар бойы 100-112 қозы алғаны үшін Еңбек Қызыл Ту, «Еңбек даңқы» ордендерімен марапатталды. Жұмыс тәжірибесі Жезқазған облысы бойынша насихатталып, облыстық «Жезқазған туы» газетінің беттерінде жарияланды.

Кеңес Үкіметінің орден, медальдарымен наградталған аға шопандар Изатов Кәріғұл, Адеханов Егінбай, Рахимов Мағаз, Бектаев Қадыр, тағы басқалары шаруашылықтың дамуына өздерінің сүбелі үлестерін қосты.

Аталған шаруашылықта жылқы фермасы болып, қазақтың қасиетті  малын өсірді. Кеңшар шөлейт жерде орналасқандықтан механизаторлар үшін жем-шөп дайындауда қиын сәттер көп болғаны рас. Азық дайындау үшін жаз бойы Ақдалаға аттанып, шалғынды кешуге тура келді. Шабылған шөпті жүздеген шақырым жерден қыстақтардың басына жеткізу де біраз күш жұмсауды керек қылды. Тіпті, Ақдалада шөп шықпай қалған кезеңдерде еліміздің басқа облыстарына барып, малға азық дайындау қажет болды.

Осыдан екі жыл бұрын шаруашылықпен қатар құрылған Ақсарылы ауылының іргетасы қаланғанына 60 жыл толуына орай еліміздің түкпір-түкпірінен кеңшардың байырғы еңбеккерлері бас қосып, тағылымы мол мерейтойлық шара өткізді. Бір кездері бірге еңбек етіп, бір мақсат жолында тер төккен жандардың өткенді еске алып, сағынышпен қауышқан әсерлі кездесуі болды.

Құрман Оралұлы кеңшарды басқарып тұрған кезең еліміздегі аса күрделі өзгерістермен тұспа-тұс келді. Дәл сол уақытта шаруашылық мемлекеттік меншіктен шығарылып, жекешелендіру науқаны басталды. Жезқазған аумақтық Мемлекеттік мүлікті басқару және жекешелендіру комитетінің бұйрығымен «Ақадыр» кеңшарын жекешелендіру жөніндегі комиссияның төрағасы болып бекітілдім. Сөйтіп, сол күннен бастап Құрекеңмен иық тіресе еңбек етіп, тағдырлы істің бел ортасында бірге жүрдік.

Алдымыздан шыққан қиындық аз болған жоқ. Өйткені бұған дейін, шамамен үш-төрт жыл бұрын, кеңшар тарай бастағанда қыстақтардағы техника, мал және басқа да мүліктер сол жерде еңбек етіп жүрген қойшылар мен жұмысшыларға тұтастай бөлініп берілген еді. Алайда жекешелендіру туралы заң талаптары мүлде басқа болатын. Заң бойынша әрбір адам өзіне тиесілі үлесті кеңшардағы жалпы және еңбек өтіліне, белгіленген коэффициенттерге сәйкес жинаған пайы арқылы алуға тиіс болды. Осының салдарынан көптеген қайшылықтар туындады. Бір шаруашылықтарға техника мен мал артық тиіп жатса, енді біреулерге тиесілі үлес толық жетпей қалды. Әділдік сақталып, әркімнің заңды үлесін анықтау үшін кеңшардың барлық мүлкі қайта есептеліп, әрбір еңбеккердің пайы мұқият қайта қаралды. Бұл аса жауапты әрі күрделі жұмыс еді. Әрбір мәселені заң аясында шешіп, адамдардың көңіліне қаяу түсірмеуге күш салдық. Осындай тынымсыз еңбектің арқасында ғана барлық түйткіл біртіндеп шешімін тауып, жекешелендіру жұмыстары толық ретке келтірілді. Аталған жұмыстарды аяқтауға бір жылға жуық уақыт жұмсалды. Осы кездері Құрман Оралұлының сабырлылығы, заңды берік ұстануы және қиын кезеңде ел мүддесін жоғары қойған басшы ретіндегі болмысы анық көрінді.

Бірнеше жылдан бері өздеріне меншік етіп, ие болып жүрген заттан айрылу оңай ма? Артық мүлікке ие болып қалғандар қасарысып та, қарсыласып та бақты. Тіпті, бермеудің амалын жасау үшін жоғары жақтағы туысқандарын, таныстарын да салды. Бірақ, заңның аты заң, олқылықтарды түбегейлі жоймасақ та ретке келтіруде біраз шаруа жасалды. Осы кезеңде Құрман Оралұлының көмегі көп болды. Заң шеңберінде жұмыс жасап, халық алдындағы үлкен жауапкершілігін, ұйымдастырушылық қабілетін, табандылығын көрсетті. Өзінің табиғи қарапайымдылығымен, адамгершілік қасиеттерімен ұжым арасында беделі биік болды.

Жүйелі жасалған шаралардың арқасында «Ақадыр» кеңшарының таратылуы заңдарға сәйкестеніп, ұжымның әрбір мүшесі тиесілі үлестерін алып, соған орай техникасын, мал баздарын қыстағымен, жылқы, қой-ешкі, өзге де мүліктерін алып, жеке субъект ретінде жұмыстарын жалғастырды.

Кейін кеңшар толығымен тараған соң Құрекең аудандық тұрмыстық комбинатын басқарды. Ол мекемеде тігіншілер, етікшілер, фотоға түсірушілер, химчистка, т.б цехтары жұмыс атқарды. Бір сөзбен айтқанда, халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін мекеме болды. Осы жерде де ол өзінің біліктілігін, мекеме басқару тәсілдерін көрсете алды.

Құрман Оралұлы қай жерде жүрсе де техникаға бейімділігін танытып, оны жөндеу ісіндегі ептілігі мен шеберлігін үнемі дәлелдеп жүрді. Әсіресе көліктің тұтандыру (зажигание) жүйесін дәл қойып, қозғалтқыштың жұмысын, оталдыру шамдарының (свечалардың) ақауын оп-оңай ретке келтіретін.

Мініп жүрген көлігім қақалып-шашалып, дұрыс жүрмей қалса, бірден Құрекеңе баратынмын. Үстінде костюм-шалбар, мойнында галстук болса да, капотты ашқызып, еш қымсынбастан ақауды қолымен іздеп тауып, әп-сәтте жөндеп беретін. Жұмысын аяқтаған соң:

– Таза шүберегің бар ма? – деп сұрайтын.

Саусақтарының ұшына аздап жұққан майды шүберекпен сүртіп алып:

– Ал енді бәрі дұрыс, жүре бер! – дейтін.

Сонда үсті-басына шаң да, май да жұқтырмайтын ұқыптылығына таңқалатынмын.

Менің қызметтік УАЗ-462 маркалы көлігім болды. Ол жүз шақырымға 14 литр жанар-жағармай жұмсайтын. Көлік жүргізушіміз екеуміздің жүрісіміз көп болғандықтан, бензин үнемі жетіспейтін. Ол кезде тек мемлекеттік жанар-жағармай ғана берілетін, ақылы жанармай құю бекеттері әлі жоқ еді. Оның өзі кейде тапшы болып қалатын.

Бірде осы жайды Құрекеңе айтқанымда:

– «Москвичтің» карбюраторын алып, маған үйге кел, – деді.

Айтқанын орындап, кешкісін үйіне бардым. Ол капотты ашып, біраз қарап шықты да, өзім алып барған карбюраторды орнатып берді. Содан бастап көлігіміздің жанар-жағармай шығыны екі есеге жуық азайып, едәуір үнемді жүретін болды.

Осы мақаламды толықтыра түсетін, Құрекеңмен бірге бастан өткерген бір оқиғаны айта кетуді жөн көрдім. Қыстың қақаған аязды күндерінің бірі еді. Көлігімді көрсетіп, қарап беруін өтініп, Құрекеңе хабарластым. Ертеңіне, сенбі күні оның үйіне баруға келістік. Ол кезде ауласында биік, қыста пеш жағылатын жылы гаражы болатын. Мұндай жерде көлік жөндеу әлдеқайда қолайлы еді.

Таңертең ертерек үйіне бардық. Құрекең көліктің ақауын мұқият қарап, жөндей бастады. Бір кезде маған бұрылып:

– Қалижан, үйге кіріп, жеңгеңнің шайын ішіп шықсақ қалай болады? – деді.

Құрекеңнің менен он жас үлкендігі бар еді. Мен де әзілге бұрып:

– Құреке, таңғы шайымызды ішіп келген жоқпыз ба? Әуелі көлікті жасап алайық, сосын шайды да асықпай ішерміз. Жеңгейдің шайы ешқайда қашпайды ғой, – деп жауап бердім.

Сонда Құрекең: -Үйге қонақтар келіп еді, – деді.

– Ол кімдер? – деп мен де қызыға сұрадым.

– Қожамсейітов Назарбек деген кісі, – деп қысқа қайырды.

Менің есіме дереу белгілі қазақстандық астролог, жұлдызшы және табиғи құбылыстарды болжаушы Қожамсейітов Назарбек түсе қалды. Ол кісіні сырттай танитынмын. Халық арасында «жұлдызшы», «болжаушы» ретінде танылып, бұқаралық-ақпараттық құралдарының беттерінде, республикалық телеарналарда алдағы мезгілдерге (қыс, көктем, жаз) арналған ауа-райы болжамдарымен жиі бөлісіп жүретін.  Ол кісіні көрсем деп те ойлайтынмын. Бір жағынан Арғын-Атығай елінің азаматы, менің нағашым болып келеді. Шайға баруға келіспеске болмады.

Үйге келсек дөңгелек столдың төрінде бурыл шашты, ептеп ақ кірген, қалың мұртты кісі отыр. Жүзінен үлкен байсалдылық, парасаттылық пен зиялылық байқалады. Көзқарасы өткір, ойлы және көпті көрген дана адамдарға тән жылылық сезіліп тұрғандай көрінді. Ол кісі маған бірден ұнады. Жанында ауданымыздың белгілі ветеринарлық дәрігері Жамбылов Сайлауқали.

Танысып болған соң, бәріміз тек ғана Назекеңнің әңгімесін тыңдаумен болдық. Күнде кездесіп жүретін адам емес, елімізге танымал азамат.

Шай үстінде өзінің Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын бітіргенін, көп жылдық тәжірибесі бар агроном болғанын айтты.

Назекең жай ауа-райын болжаушысы емес, атадан балаға жалғасқан халықтық күнтізбе мен табиғат белгілерін зерттеген тәжірибелі болжампаз болып шықты. Осы дарындылығы арқылы Қазақстанның облыстарын аралап, шаруаларға қай уақытта бидай, арпа, картоп және басқа да дақылдарды егу керегін айтып, алдағы маусымның жауынды, қуаң немесе салқын болатынын болжап беріп жүрген. Қолында атасы мен әкесінен қалған көне жазбалар, күнтізбелік дәптерлер барын да айтты. Сол жазбаларындағы табиғат құбылыстары мен көпжылдық бақылауларына сүйенеді екен.

Әңгімесін қыздыра түсіп, емшілік қасиеті бар екенін айтып қалды. Бір-екі мысал келтіріп, қамшылау тәсілімен жүрек, қан-тамырлары ауруларын емдейді екен. Одан ем алған бір адам алдында бірнеше инфаркт алса да, емнен кейін олардың ізі де қалмаған.

Біраздан кейін жеңгеміздің үлкен асы да келді. Әңгімемен түскі уақыттың болғанын да байқамай қалыппыз.

Сол күні Құрекеңнің арқасында аты аңызға айналған Назарбек Қожамсейітовпен танысудың сәті түсіп, оның өз аузынан айтқан тағылымды әңгімелерін тыңдап, бір жасап қалған едік…

Құрман Оралұлының өмірлік жары Ақбала Мұқатайқызы Астана қаласында тұрады. Қыздары Күншат пен күйеу баласы Марат Қайроллаұлынан өрбіген үш немересінің қызығын көріп отырған ардақты ана, аяулы әже. Ақбала жеңешеміз менің қарындасымның жақын қайын апасы болғандықтан, екеуі де мені әрдайым «құдамыз» деп ерекше құрметтеп, өздерінің ыстық ықыластарын аямайтын. Өкінішке орай, Құрекең осыдан бірнеше жыл бұрын ұзаққа созылған науқастан кейін өмірден өтті.

Міне, Күзембаев Құрман Оралұлы туралы жадымда сақталған бірқатар естеліктерді ортаға салдым. Менің есімде ол кісі әрдайым көпшіл, қарапайым, ақжарқын мінезімен, адамгершілігімен ерекшеленген жан болып қалады.Үлкенге ізет көрсетіп, кішіге қамқорлық таныта білетін, айналасына мейірім мен шуақ сыйлаған азамат еді. Еңбекқорлығы, кез келген істі тиянақты атқаратын іскерлігі көпшілікке үлгі болды. Жақсының аты өшпейді, өнегелі ісі ұмытылмайды. Құрекеңнің жарқын бейнесі мен игі істері кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала беретініне сенімім мол.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті