– Досым, ол тірі екен.
– Кім?
– Не десек те болады.
– Түсінбедім.
– Фельетонды айтамын.
– Қалай?
– Ел айтушы еді ғой, «бәрі жақсы, көркейіп кеттік, көгердік» деп. Олай емес сияқты. Жазатын дүние көп екен…
– Мысалы.
– Былтыр «Сарыарқа» телеарнасында Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы Сәбит Мұқанов атындағы көше 6/2-ші үйдің тұрғындары шағымымен ауланың проблемасы көтерілген болатын. Сол мәселе әлі шешімін таппапты. Тұрғындары наразы. Осыны фельетон ретінде беріп жіберсек.
– Қалай?
– Былай…
Қалада көктем келіп қарғын су жылға таппай сел боп аққанда, асфальтта бірге кетеді. Бұл аулада ағатын асфальт та жоқ.
– Қой-ей.
– Иә, тұрғындардың айтуынша көрші тұрған бес-алты үйдің есік алдындағы жолды бұдан төрт-бес жыл бұрын тып-типыл қылып қырып, жаңадан асфальт салған екен. Ал бұл 6/2 үй көзге түспей қалды ма? Әлде, ақша не асфальт жетпей қалды ма?
Әйтеуір бұл үйдің алды әлі күнге дейін жөндеуді күтіп жатыр. Асфальт еріп, ойдымы шыққан. Көктем мен күзгі жауында көліктер сынып, тұрғындар болса сол ойыққа құлап, балалар болса шомылып мәз дейді.
– Әкім қайда қарап отыр екен?
– Біледі олар. Бірақ… Осы бірақ түбімізге жетер ме екен. Бірақ, жұмыс жасалмаған. Шенділер келіп көрген. «Қатырамыз» деген де кеткен. Сол кеткеннен әлі жоқ…
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ
