Header Banner

Жасай бер ана тілім – қазақ тілі!

Менің ана тілім – шексіз бай, тегеуріні мықты тіл. Мынау жарық дүниеге келгеннен бастап, анамның әлдиімен бойыма сіңіріп келе жаткан тілім мен үшін ең қастерлі, ең қымбатты тіл. Мен үшін қазақ тілі – менің мәртебем! Қазақ қазақпен қазақша сөйлессе, басқа ұлт қайда барады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демей ме халық. Ең жақсы адам-ана тілін құрметтеген адам.

Ақиық ақын, менің әкем Балтабай Батталғазин «Қазақ тілі» атты өлеңінде:

Отаныңда білінбей ғажаптығың,

Қайда сенің, тәуелсіз Азаттығың?

Шыңырауда бір дауыс шыңғырады,

Қасиетіңді кімге айтам, Қазақ тілім.

 

Министрлер, көкпар ғып талау-талау,

Айтыстардан шықтың сен алау-алау.

Парламентте есіңді жисаң-дағы.

Әр тұсынан сөйлейсің қадау-қадау.

 

Сен деп білем, Ата-ана, жұрт-ұямды,

Сеніменен бүйрегім бұлтияды.

Зытып берген аңшыдан сұр қояндай,

Әр жерлерден құлағым қылтияды.

 

Сен арқылы жауыммен жарқылдастым,

Сен арқылы қауыммен қауқылдастым.

Мақсатайым қайтқанда жер бауырлап,

Сен арқылы, дариға-ай, мауқымды бастым.

 

Қайран ауыл-туған жер, құз-қиялы,

Қопарылып, інішек, бұзба ұяңды.

Орысша аз ауылдың қазағына,

Қаладағы қазақтар ыздияды.

 

Жан емес ем, барлыққа өліп, тойған,

Нәр аламын әлі де көрікті ойдан,

Әй, заман-ай, заман-ай, баяғыда-ақ,

Бір қазақты екіге бөліп қойған.

 

Ана тілдің естілсе боздағаны,

«Біреулерге» кектерім қозданады.

Қаладағы қазақтар сөйлегенде,

Даладағы зираттар қозғалады!

 

Адам демей ханды да, анағұрлым,

Махамбеттен атылған қара тілім.

Ел болары қазақтың көрініп тұр,

Не боласың ал өзің ана тілім?

 

Суық тұр-ау әлі де шекемізде,

«Қазақ тілді қазақтар» нешеу бізде?!

Қайсібірін айтайын Ана тілім,

Екеуміз де жетімбіз, екеумізде!

 

Әлі-ақ сенің құздарға қонар құсың,

Самғап, самғап сол кезде алармысың.

Мөңкелердің кезіндей өлең болып,

Бұқарлардың тұсындай болармысың…

Ана тілім – ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіс. Амал не, туған тілімізді шұбарлап, басқа тілдің сөздерімен араластырып сөйлетіндер де аз емес. Тіпті, туған тілінен безетіндер, менсінбеушілікпен қарап, қазақша сөйлеуге ұялатындарда жоқ емес. Көңілсіз болса да қазақ тілінің халі осылай қазір.

Қазақ болмыз десек, Қазақ Тілін отбасымыздан бастауымыз керек.

Қ.Б.БАТТАЛҒАЗИНА,

Қарағанды қаласының мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы