Header Banner

АСЫЛ СӨЗДІҢ ЗЕРГЕРІ – АДАМЗАТТЫҢ АБАЙЫ

 Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы, ерінбе.

Адамдықты көздесең,

Жаттап, тоқы көңілге.

С.Торайғыров

Қазақ халқының ұлы ақыны, ұлт поэзиясының аса көрнекті кемеңгері, хакім Абайды тану, түсіну – адамзат баласының оңайлықпен жете бермейтін рухани биіктікке алып баратын жолдың алғашқы сатысы.

«Хакім» – араб тілінен енген сөз, «данышпан», «дана адам» деген ұғымдарды білдіреді. Бұл сөздің Абай есімімен ұштасып кеткені халықтың шынайы ықыласы мен берген жоғары бағасының көрінісі емес пе?

Шығармашылықтың кілті еркіндікте десек, Абайдың шығармашылық әлемі қазақ рухани болмысының еркіндігін паш етті. Абай Құнанбайұлы шығармашылығына тоқталған қазіргі қазақстандық зерттеушілер оның идеяларының философиялық тұғырлы және өмірмәнділік ұстанымдар екендігін баса көрсетіп жүр. Шындығында, оның идеялары барынша жан-жақты сипат алатын толғаныстардың түзілімінен тұрады.

Абай жастайынан Шығыстың классик ақындарын оқып, ақындық рухани қазынасы да күн асқан сайын байыды. Ауыл қарияларынан, ел ақсақалдарынан да әңгіме үстінде шешен, тапқыр сөйлеудің сырын танып, сөз өнерінің тыңдаушыға әсер ету қуатынан сабақ алып, көркем сөздің қоғамдық ойдағы алар орнына мән бере бастайды. Бұлардың бәрі де Абай мұрасының рухани көздері немесе өзгеден алған рухани нәрлеріне жатады.

«Дүниені көздеп, ғылымды іздеп, Екі жаққа үңілдім», – дейтін Абайдың Шығыс пен Батыстан, яғни екі жақтан алған рухани бұйым белгілері де Абайдың әдеби ортасына жатады. Осы екі салаға қоса Абайдың қазақи қалпын танып білмейінше, кетпен тұяқ кемеңгер ақынның ұлттық, халықтық, ақындық өнер болмысындағы ерекшелігін танып біле алмаймыз. Өйткені, Абайдың өзі күнделікті іздену үстінде нәр тартып, тікелей араласқан, танысып біліскен, шығармаларымен бала жастан қанығып, жаттап өскен әдеби ортасы өзіне нәр алған рухани қазына көздерінің біріне жатады.

Абай өз заманынан озық туса да жапа-жалғыз тіршілік еткен жоқ. Дүние жүзінде әдебиет пен мәдениет күрт өркендеген кезеңде өмір сүрді. Өзінің оқып білуі арқылы сол тұстағы Европа мен Ресейдің ғұлама ойшылдары мен дарынды сөз иелерінің шығармаларынан сусындады. Өз топырағында аты әйгілі болған жақсылармен, шешендермен, көсемдермен дидарлас болды.

Ақын – заманның түлегі. Көзбен көрген, жүрекпен сезген, бастан кешірген жәйіттер көңілдің түкпірінде, мидың қатпарында ұзақ сақталады. Осының барлығы кейін ол есейгенде, әлемнің ақ-қарасын анық ажыратқанда, қиялға қамшы, болжамға баян болады. Тамырсыз өсімдік өспесе, тамырсыз пенденің кітаби білімі ұзаққа бармайды. Абайдың классиктігі – оның білмей жазуында емес, біліп жазуында, түрлі алуан пәнді зерттеу, әр нәрседен жан-жақты хабардар болуында.

Абай есімі – қазақ ұлтының символы, ұлт есімімен егіз ұғым. Қазақ ойшылының ескерткіштері тек еліміздің өңірлерінде ғана емес, жер шарының түпкір-түпкірінде орнатылып жатқаны – Құнанбайұлы Абай атамыздың әлем мойындаған рухани тұлға екендігіне дәлел ретінде жүрмек.

Президентіміз Қ.Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты тарихи мәні зор мақаласында келесідей маңызды ой өрбітті: «Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыт талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Ұлы ақын қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды және сол жолда бар ғұмырын сарп етті. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн.

Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты».

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының қарсаңында 2020 жылдан бастап тамыз айының 10 жұлдызы күнтізбеде Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен «Абай күні» болып белгіленді.

Қазақстан халқын келіп жеткен «Абай күні» мерекесімен құттықтаймыз! Ұл-қыздарымыз Абай сөзімен сусындап, ұлы ақынның өнеге-өсиеті ұрпағымыздың өмірдің әр кезеңінде бойтұмары болсын!

К.М.ХАМЗИНА,

ф.ғ.к., доцент

Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ