Header Banner

ҒАСЫР АДАМЫ.

(Жоғары санаттағы нейро-оташы, ғасыр жасқа жуықтаған Теңдік Изақұлына арнаймын)

Куәсі ащы-тұщының,

Көненің бүгін алдысыз.

Өлеңін жазып-ұшты інің,

Ақсақал Ата армысыз?!

 

Симайтын қалың кітапқа,

Ағатай асыл аман ба?

Жолыңды берсін Ұрпаққа,

Жасыңды берсін Маған да!

 

Құйылған денең құрыштан,

Көңілге жақсы ой тіземіз.

Көз, құлақ қалай, дұрыс па,

Бастырып жүр ме тізеңіз?..

 

Құдайдың тілеп, қайратын,

Ұсынам Аға, жыр Сізге!

Өзіңіз жиі айтатын,

Ептеп те, септеп жүрсіз бе?

 

Ағатай мұны: «Бір» деп қой,

Бойыңнан қыртыс таба алман.

Денсаулық сұрау міндет қой,

Ғасырға келген адамнан!

 

Өзіңдей аға табам ба,

Өмірдің көрген өлшемін.

«О, Балта, інім аман ба,

Денсаулық қалай» – деуші едің.

 

Тартпасам, өлем. білемін,

Жолдары ауыр тыныстың.

Тығылып тартып тұр едім,

«Шекпе» – деп «шылым» – ұрыстың.

 

Аймала Мені Ұлы Күн,

Мұңдарым ауыр кетпендей.

Шегемін Аға күні-түн,

Әкемнің құны кеткендей.

 

Ел қайда «Еңбек» қоғалы,

Сол жерден бойға күш ілгем.

Сіз жайлы Совет Одағы,

Деректі фильм түсірген.

 

«Еңбектің» қысы-жазы құт!

Жаныма жақын жаңқасы!

Қаншама науқас жазылып,

Алдыңнан шықты қаншасы.

 

Денсаулық қиын кеміген,

Жандарын қояр жер іздеп.

Одақтың барлық жерінен,

Өзіңе келді ем іздеп.

 

Өзіңмен аға толармын,

Шипалы өткен жолыңнан.

Барлығы дерлік солардың,

Жазылып қайтты қолыңнан!

 

Жазамын өлең қатасыз,

Өмірдің болсын опасы.

Бүгінде әйбат Атасыз!

Кешегі ғажап оташы!

 

Бала едім бұла бұрын-ең,

Ағаға өлең толғаймын.

Жабырқап жүрген құлын ем,

Жадырап сәлем жолдаймын!

 

Ғасырда да самғарсыз,

Көрігі толсын күніңнің!

Сәлемін қабыл алғайсыз,

Тілеулес жатқан ініңнің!

 

Балтабай Батталғазыұлы ТАУАСАР