Мектепке оралатын күн жақын. Жаз бойы білім ошақтарында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңартылды. Биыл Қарағанды облысында 175 мыңнан астам оқушы мектепке қайта оралады. Олардың қатарында алғаш рет партаға отыратын 15 мыңнан астам бала бар.
Аймақта әлеуметтік жағдайы қосымша қолдауды қажет ететін отбасылар үшін мектепке дайындау науқаны басталғанын айта кеткен жөн.
Биыл Қарағанды облысында «Мектепке жол» акциясы акциясы 1 тамызда басталып, 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Оның аясында қайырымдылық шараларымен қатар, мектеп жәрмеңкесі, профилактикалық рейд және балалардың қауіпсіздігіне бағытталған жұмыстар ұйымдастырылады.
– Акция аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, «Балаларға жақсылық сыйла», «Ауыл балаларына мектепке сыйлық», «Отбасы отбасына көмектеседі», «Баланы мектепке бірге даярлайық» қайырымдылық акциялары өтеді. Сондай-ақ «Түнгі қаладағы балалар» және «Қамқор» профилактикалық рейдтері жүргізіледі. Сонымен қатар облыстың барлық қалалары мен аудандарында отандық өндірушілер мен кәсіпкерлердің қатысуымен мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Ата-аналар мектеп формасын, аяқ киім мен кеңсе тауарларын қолжетімді бағамен сатып ала алады, – дейді Қарағанды облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Сыздықов.
Мұндай жәрмеңкелердің маңызы – ата-аналардың мектепке қажетті тауарларды бір жерден таңдап, бағасын салыстырып алуына мүмкіндік беруінде. Ал акцияның қайырымдылық бөлігі әлеуметтік жағдайына байланысты қосымша көмек қажет ететін балаларды қамтуға бағытталған.
Жалпы өңірде жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр.
Ресми мәлімет бойынша, облыста 402 мектеп жаңа оқу жылын қабылдауға дайындалуда. Сонымен бірге білім беру нысандарындағы жөндеу жұмыстары да жалғасуда.
«Мектепке жолдың» биылғы ең маңызды жаңалығы – әлеуметтік көмек тағайындау тәртібінің өзгеруі.
Бұған дейін ата-аналар отбасының табысын растайтын бірқатар құжаттарды жинап, мектепке тапсыруы керек болатын. Енді бұл талап жеңілдетілді. Отбасының қаржылық жағдайы туралы қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады.
Яғни ата-анаға бұрынғыдай анықтама жинап, бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Жүйе отбасының цифрлық картасындағы және басқа мемлекеттік ақпараттық ресурстардағы деректерді пайдаланып, көмек алуға құқығы бар-жоғын анықтайды.
Мейіржан Сыздықов бұл өзгерістің негізгі мақсаты – көмек көрсету процесін жеңілдету және оны барынша ашық ету екенін атап өтті.
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 12 наурыздағы №165 қаулысымен қаржылық және материалдық көмек көрсету тәртібіне өзгерістер енгізілді. Негізгі жаңашылдық – отбасының табысын тексеру процесінің толық цифрландырылуы. Енді ата-аналар мектепке табысы туралы анықтамаларды өздері ұсынбайды. Қажетті мәліметтер отбасының цифрлық картасы және мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы Ұлттық білім беру базасына автоматты түрде түсетін болады. Осы мәліметтердің негізінде жүйе отбасының табыс деңгейін және мемлекеттік қолдау алуға құқығының бар-жоғын автоматты түрде анықтайды. Бұл көмек тағайындау процесін анағұрлым ашық, жедел әрі ыңғайлы етеді, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Қарағанды облысында жаңа оқу жылына дайындықтың басқа бағыттары да қатар жүруде. Биыл өңірдегі 265 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 29 мектеп жаңғырту жоспарына енгізілген, ал 35 ауыл мектебінде жаңарту жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар химия, биология, физика, робототехника және STEM бағыттары бойынша 77 жаңа модификацияланған кабинет сатып алынған.
Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесі кеңейтіледі. Жаңа оқу жылында Қарағандыдағы №4 мектеп-интернат 130 орынға арналған №11 арнайы мектеп-интернат болып қайта ұйымдастырылады. Сонымен қатар өңірде аутизмі бар балаларды қолдайтын екі орталық ашу және «Уақыт мүмкіндіктері» ерте көмек көрсету қызметінің қамту аясын кеңейту жоспарланып отыр. Инклюзивті білім беруді дамыту шаралары тамыз конференциясында талқыланды.
Бүгінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 92 пайызы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Қарағанды қаласы мен Шет ауданында түзету кабинеттері жұмыс істейді. Қажетті жағдайлардың жасалуының арқасында бұған дейін үйде білім алған 364 бала мектепке ауысты.
– Біз балаларға көмек көрсетудің бірыңғай жүйесін қалыптастырып жатырмыз. Оның құрамына мектепке дейінгі ұйымдар, ПМПК, түзету кабинеттері және денсаулық сақтау жүйесі кіреді. Мамандардың бірлесіп жұмыс істеуі, біліктілігін үнемі арттыруы, сондай-ақ ата-аналардың баланы қолдау процесіне белсенді қатысуы маңызды, – деді Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев.
Педагогтерге жергілікті жерлерде қолдау кабинеттері мен ресурстық орталықтар көмек көрсетеді. Жаңа оқу жылынан бастап ПМПК базасында тағы алты орталық жұмысын бастайды.
Өңірде жаңа мамандарды даярлауға да басымдық беріліп отыр. Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде «педагог-ассистент» мамандығы ашылады. Жыл соңына дейін қолданыстағы 800-ге жуық маманның біліктілігін арттыру жоспарланған.
Балалардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінеді. Мектептерде педагог-психологтардың жұмысы күшейтіліп, «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізіледі. Сабақ барысында балалар қауіпті жағдайларды танып, мұндай кезде дұрыс әрекет етуді үйренеді. Буллинг пен кибербуллингтің алдын алуға да айрықша назар аударылады.
– Біздің міндетіміз – мәселе туындағанын күтпеу. Қауіпсіз ортаны алдын ала қалыптастырып, ықтимал тәуекелдердің алдын алу қажет, – деді ҚР оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова.
Биыл облыста Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылды. Оның негізгі міндеті – бала құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмысты күшейтіп, барлық жауапты қызметтердің өзара іс-қимылын жолға қоюды тапсырды. Сонымен қатар Қарағанды, Теміртау және Балқаш қалаларында балалардың құқықтарын қорғау бөлімдерін құру мәселесі қарастырылып жатыр.
Жағдайды бағалап, ықтимал тәуекелдерді алдын ала анықтауға қазақстандық балалардың әл-ауқат индексі мүмкіндік береді. Оның әдістемесі туралы Экономикалық зерттеулер институты Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылығының директоры Бақытгүл Хамбар баяндады. Индекс анықталған тәуекелдерді шешім қабылдау кезінде ескеруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық білім беру ұйымдарында мүгедектігі бар балалар үшін қажетті жағдайлардың қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Осы жылдың соңына дейін барлық білім беру ұйымдарында мүгедектігі бар балалар үшін қажетті жағдайлардың 100 пайыз жасалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ бейінді мамандардың штат санын ұлғайту жұмыстарын жалғастыру қажет. Ведомствоаралық тәсілдің айқын мысалы Шахтинск қаласындағы аутизмі бар балаларды қолдау орталығы болуы тиіс. Оның жұмысын жыл соңына дейін қамтамасыз ету керек, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Орталық педагогикалық, медициналық және әлеуметтік көмекті бір жерге біріктіріп, Шахтинск қаласындағы ғана емес, Саран және Абай аудандарындағы балаларды да қамтиды.
Келер жылы осындай кешенді міндеттерді облыстың өзге де өңірлерінде жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы
