Header Banner

Экономикалық аймақта 2 мың жұмыс орны ашылады

Облыста жаңа инвестицияларды тарту арқасында жұмыс орындары көптеп ашылып жатыр. Бұл үшін әлеуетті инвесторларға барынша жағдай жасалған. Мәселен соған сай облыстағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы кеңейтіліп жатыр. Бұл жаңадан екі мың жұмыс орнын құруға жол мүмкіндік беріп отыр.

Арнайы экономикалық аймақты ұлғайту мақсатында бірнеше өңірде субаймақ құрылады. Яғни Балқаш қаласында, Қарқаралы және Бұқар жырау аудандарында үш жаңа субаймақ ашылады.
Жаңа бастама инвесторларды тартуға қосымша мүмкіндік беріп, жаңаша жол ашып отыр. Инвестициялық жобаларды тиімділікпен іске асыру үшін кәсіпкерлерге қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылған жер учаскелері ұсынылады. Мұның ішінде екі субаймақ аймақтағы туризмді дамыту бойынша қызмет көрсетеді. Солардың бірі – Балқаш өңірінде жағалау туризмін дамытуға күш салынады.
— Балқаш субаймағында заманауи қонақүй кешендері мен мейрамханалар, қызмет көрсету және демалыс нысандарын тұрғызуға қажет жағдай жасалады. Алғашқы кезеңде шамамен 26,5 млрд теңге инвестиция тартылады. Соның арқасында 600-ден астам жұмыс орнын ашу көзделіп отыр, – дейді облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев.
Қарқаралы ауданында да туризмді өркендетуге баса көңіл бөлінеді. Сәйкесінше, ауданда экологиялық, этнографиялық, сауықтыру, спорттық және басқа да туризм түрлерін дамытуға мүмкіндік туып отыр.
Ал Бұқар жырау ауданында өндірісті дамытуға назар аударылады. Аудандағы Севан ауылының маңында өнеркәсіптік субаймақ құрылады. Бұл мақсатта 40 гектар жер арнайы бөлінеді. Келешекте бұл жерде он жаңа өнеркәсіптік жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Қорыта айтқанда, алдын ала есеп-қисапқа сүйенсек, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағын кеңейту арқылы өңірге тартылатын инвестиция көлемі еселеп артады. Облыс экономикасына жалпы көлемі шамамен 90 млрд теңге инвестиция құйып, екі мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Манас АҚСАРЫ.