Жарылыстар тоқтады. Бірақ тағдырлар сөйлеп тұр…

Бұдан 77 жыл бұрын, 1949 жылы 29 тамыз күні қазақ даласында бірінші атом бомбасы жарылды. Бұл жай ғана бомбаның жарылуы емес, КСРО-ның жоспарланған ядролық сынақтарының басталған күні еді. Қырық жылға жуық уақыт бойы қазақ даласында жүргізілген ядролық сынақтардан кейін 1991 жылы дәл 29 тамыз күні полигонның жабылуы – Қазақстан тарихындағы ғана емес, әлемдік ядролық тарихтағы ерекше оқиға болды. Өйткені 456 ядролық жарылыстар жасалған Семейдегі полигон жабылды. 456 жарылыс – 456 сан жай ғана немесе сандық көрсеткіш емес. Бұл цифрлар айтуға ғана оңай. Әрбір жарылыстың артында Семей полигоны аймағында тұрып жатқан адамдардың тағдыры мен отбасы, денсаулығы мен болашағы тұр. Әрине, полигон жабылған кезде жарылыстар тоқтады. Ал сол жарылыстардан зардап шеккен адамдардың тағдыры қалай болды? Бұл сұраққа жауап беру өте қиын. Себебі полигонда қызмет еткен әскери адамдардың тағдыры, полигон аймағындағы тұрғындардың тағдыры әлі күнге дейін жан-жақты зерттелген жоқ. Иә, полигон тарихы, оны жабуға мұрындық болған «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалыс туралы көп айтылды да, жазылып та жүр. Бірақ ядролық сынақтарға әртүрлі деңгейде қатысқан әскери қызметкерлердің, әсіресе «атом солдаттарының» тағдыры туралы қоғамдық жадыда әлі де ақтаңдақтар бар.

«Атом солдаттарының» тарихы – бұл тек әскери қызмет шежіресі емес, бұл – ұзақ жылдарғы құпиялылық, үнсіздік және кеш мойындалған шындық тарихы. Біріншіден, олар ядролық сынақ жасайтын полигонға келгендерін білген жоқ; екіншіден, олар жас болды; үшіншіден, сарбаз ретінде әскери борышын өтеді және өздеріне берілген тапсырманы орындады. Арада біраз айлар өткенде ғана полигондағы жағдайды түсіне бастады. Бірақ кеңестік дәуірдің қатаң құпия режимі олардың көргені мен бастан өткергенін ашық айтуға мүмкіндік бермеді; көптеген деректер архивтерде жабық күйінде қалды, ал жеке естеліктер қоғамдық кеңістікте толыққанды жарияланбады. Нәтижесінде ресми тарихта оқиға болғанымен, оны куәландыратын қоғамдық дискурс қалыптаспады. Осы тұрғыдан алғанда, «айтылмаған тарих» ұғымы – тек ақпараттың жоқтығын емес, институционалдық шектеулер салдарынан шетке ысырылған тәжірибені білдіреді.

2023-2025 жылдары Семей полигонындағы ядролық сынақтардың зардаптарын зерттеу барысында Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің ғалымдары «атом солдаттарын» іздестірді. Олардың біразын тауып, Алматы және Қарағанды қалаларында кездесулер ұйымдастырып, сұхбат жүргізді. Басқа өңірлердегі «атом солдаттарымен» телефон арқылы байланыстамыз. Олар ядролық жарылыстардан кейін ауа-райының күрт өзгеретіндігін және оның өздеріне тигізген әсері туралы айтты. Мысалы, 1988-1990 жж. әскери борышын Семей ядролық сынақ полигонындағы № 33799 әскери бөлімінде болған Ералы Тұрсынәліұлы Құттыбеков 1989 жылғы 19-шы қазандағы жерасты жарылысынан кейін қатты жел тұрып, топырақтар желмен ұшып, ауа-райының тез бұзылғандығын сипаттай отыра: «Осы жарылыстан кейін, мен қатты ауырдым. Денеме жара шықты. Әскери госпитальге әкеліп мені емдеді. Мәскеуден келген дәрігерлердің арқасында зорға дегенде жазылдым. Олар мені өлімнен құтқарды. Әскерден елге ауырып қайттым. Анам мені танымай қалды. Бүгінде ІІІ топтағы мүгедекпін, бір көзім көрмей қалды…» деді.

Қазір Қарағанды қаласында тұратын 1987-1989 жылдары Семей ядролық сынақ полигонында әскери борыштарын өтеген «атом солдаттары» – Габдуллин Жанат Амантайұлы мен Игісінов Өмір Сәрсенбайұлы сынақтардан кейін денсаулықтары нашарлап әскери госпитальге түскендерін айтты: «Бастапқыда радиацияның не екенін білген де, түсінген де жоқпыз. Тек госпитальда жатқанда сынақтардан кейін ауырғанымызды түсіне бастадық…».

Жанат Амантайұлы барлық оқу полигондарына 2-3 ай уақыт болғандықтарын айтты. Онда олар жаз болсын, қыс болсын арнайы тігілген шатырларда тұрыпты. Қыста шатырларды отпен жылытыпты. Міне осы кездері міндетті әскери қызметтерін атқарып жүріп, денсаулыққа қауіп төндіретін мөлшер туралы әлі күнге дейін білмей отырып, радиацияның «өз» дозасын ала бастаған. Сонымен бірге ол қызметтерінің бір бағыты бойынша ауылдарды, жайылымдарды тексерген. Сонда олар полигон аймағындағы жағдайларды ауыр екендігін байқаған. Бұл аймақтарда жүні жоқ малдардың жайылып жүргенін көрген. Адамдардың ауру екені де анық көрініп тұрған. Біз тек бір-екі-ақ «атом солдаттарының» сұхбаттарынан мысал келтіріп отырмыз. Ал 40 жыл жұмыс істеген полигонда қаншама мыңдаған «атом солдаттары» отан алдындағы әскери борыштарын атқарды. Қазір Қазақстанда қанша «атом солдаты» арамызда жүргенін нақты айту қиын. Дегенмен біздер кездесіп, сұхбат жүргізген адамдардың басынан өткізгендері — мыңдаған адамның тағдырын түсінуге мүмкіндік беретін тарихи оқиға.

Ядролық сынақтар «атом солдаттарына» түскен ізі полигон сыртындағы адамдарға да түсті. Полигонға жақын тұратын елді-мекендердегі тұрғындарға ядролық сынақтардан таралған радиация үлкен зиянын тигізді. Адамдар аурулардың ауыр түрлеріне шалдықты, туа және жүре біткен мүгедектер көбейді, тіпті өмірге құбыжықтар да келді. Әрине, үйінде полигон зардабынан мүгедегі барлар, бұл туралы ашық айтуды біреулері ұят деп есептесе, енді бірі намыстанды. Сондай мыңдаған адамдардың арасынан Кәріпбек Күйіков шықты. Ол – полигонның үнсіз қалған құрбандарының символы іспеттес.

Кәріпбек Күйіков – ядролық сынақтардың зардабын өз тағдыры арқылы көрсеткен адам ғана емес, сол қасіретті дүние жүзіне өзінің өнері арқылы жеткізген танымал суретші, рухы мықты тұлға, антиядролық қозғалыстың белсендісі. Бүгінде ол әлем таныған күрескер тұлға. Ол әлемнің көптеген елінде ұйымдастырылған халықаралық конференцияларға, Біріккен Ұлттар Ұйымының шараларына қатысып, спикер ретінде ядролық сынақтардың зардаптары жайлы батыл айтып, әлемді ядролық қарудан азат етуге шақырушы.

2026 жылы 29 тамызда Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толады. Бұл — қуаныш пен қасірет қатар тұрған дата. Қуаныш – адамзат баласына қауіп төндірген ядролық сынақтардың тоқтағанында. Қасірет – сол сынақтардың адам тағдырында қалдырған жарасының әлі де бар екенінде. Сондықтан Семей ядролық полигоны туралы айту — өткенді еске түсіріп, қайта қазу емес. Бұл – болашақты ескерту. Ал атом сарбаздарының, сынақ құрбандарының, Кәріпбек Күйіков сияқты адамдардың тағдырын ұмытпау – сол ескертудің ең жоғарғы адамдық формасы.

Иә, жарылыстар тоқтады. Бірақ олардың жаңғырығын ұмытпау — біздің ұрпақ алдындағы міндетіміз.

Гүлнара СМАҒҰЛОВА,

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессоры, Орталық Азияны зерттеулер орталығының директоры