ҰМЫТЫЛМАЙТЫН ПАРАСАТТЫ БІРТУАР ТҰЛҒА

Манарбек ағамен бір ауылдың тумасымын. Арамыздағы жас айырмашылығымыз 8 жас. Ол кездің адамдары балаларын алыс қалаға оқуға жібермейтін. Соған қарамастан 10-ауылдан шыққан жоғарғы оқу орнын бітірген алғашқы экономистердің бірі болды.

Ағамыз Алматыда оқып жүргенде, ауылға демалысқа келгенде, жанына еріп жүргіміз келіп қызығатынбыз. Көркіне мінезі сай, сегіз қырлы, бір сырлы, өте сымбатты жігіт ағасының қолынан домбырасы түспейтін, баяғының сал-серісі дерсіз. Өнерді серік ете жүріп, оқуды үздік бітіріп шықты. Жоғарғы оқу орнында білім ала жүріп, әдемі Дәмкелес жеңгемізге үйленді. Тілеубек әкеміз Алматы ресторанының бірінде үлкен той жасады, ол уақыттың өлшемімен қалада, оның үстіне Астанада той жасау біздің қазақтың ойына келмейтін. Той қуанышы ауылда жалғасты. Ол да бір керемет күндердің бірі болатын. Тілеубек әкей мен Шынар шешей болайын деп тұрған баласынан ештеңе аямады, қуанышы үшін қолында барды жұмсап бақты.

Манарбек ағам жоғарғы оқу бітірген соң алғашқы еңбек жолын Ақшатау комбинатында экономист болып бастаған. Сол уақыттағы жас мамандар Дүйсебеков Сағадат, Қаленов Жамбыл, Смағұлов Мұрат ағаларымызға қарап қызығатынбыз. Мен ол кезде Ақшатау комбинатындағы С.М.Киров атындағы мектептің 9-класында оқимын. Сағадат, Жамбыл мұғалімдер сабақ берді.

Ақшатаудың дүрілдеп тұрған кезі. 1970 жылдары мен оқу бітіріп келіп жұмысқа кіріскенде, Манекең Шет ауданы ауылшаруашылығы басқарма бастығының орынбасары қызметінде елдің аузында білімді, экономист, білгір, беделді басшы деген атақта екен. 1973 жылы жаңадан Ағадыр ауданы құрылып, Манекең сол ауданға ауылшаруашылығы басқармасының экономика жөніндегі орынбасары, содан кейін Ағадыр аудандық Халықтық бақылау комитетін басқарды.

1977 жылдан бастап, 18 жыл «Ақшағыл» совхозында директор болып жемісті қызмет атқарды. Мен де сол уақытта Ағадыр ауданының «Кәрім Мыңбаев атындағы» совхозында директорлық қызметте едім. Үлкен жиындарда Манекеңнің  сауатты сөйлеп, дәлелді пікірлерін естіп риза болатынбыз.

1997 жылы Ағадыр ауданы тарап, ағамыз Шет ауданы басына көшіп келіп әкімшілікте бас экономист болып, 69 жасына шейін қызмет атқарып, құрметті зейнет демалысына шықты.

2005 жылы өткен Көкбөрі-Керней бабаға арналған асты өткізуде ерекше ұйымшылдық көрсеткен Жамбыл ағаның басқаруымен Дүйсембаев Болат, Төрехан Майбас, Әбдіров Мәжит, Әбдіханов Аманбектермен бірге Сағымбеков Манарбек ағамыздың еңбегін ерекше атап өткен орынды. Мен ол кезде «Шет» совхозында ауыл әкімі болып қызмет атқаратынмын. 2003 жылы басталған Көкбөрі-Керней баба асын өткізуге арналған ұйымдастыру жұмыстарына қолдан келгенше атсалыстық. Шетке Манекеңнің үйіне соғып, Дәмкелес жеңгеміздің тәтті шәйін ішіп, Ақшатау, Ақжалға бірге баратынбыз.

Қарағандыға көшіп келгеннен соң да Манекең жиі араласып соғымға шақырысып тұрдық. Бірақ 2011 жылы 71 жасында Манекеңнен кенеттен айрылып қалдық. Дәмкең, балалары арулап шығарып салды. Манекеңді жоқтатпай Дәмкелес жеңгеміз бізді дәмге шақырып, Манекеңді жиі еске алып отырдық.

Адамның жемісі оның өсіріп жеткізген бала-шағасы. Манекеңнің адами қасиеттерін Аманкелді бастаған ұл-қыздарының бойынан көруге болады. Олар ұяда көрген тәрбиенің арқасында елге сыйлы азаматтар болды. Қазіргі күні әрқайсысы бір-бір үлкен шаңырақ. Дәмкелес жеңгеміз де үнемі күлімдей қарсы алып, адал дастарқанын жайып қарсы алатын. Манекең ағамыз бен Дәмкелес жеңгеміздің жатқан жерлері жайлы болып, топырақтары торқа болсын. Алла иман байлығын берсін. Балаларын қорғай-қолдап жатсын.

Әділ Қадырұлы БӘКІРОВ,

Шет ауданының

«Құрметті азаматы»