Көп тіл білудің пайдасы қандай?

Адам баласы үшін тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, дүниені танудың, ой қалыптастырудың және мәдениетті сақтаудың тетігі. Әр тіл белгілі бір халықтың тарихын, дүниетанымын, мінез-құлқын, салт-дәстүрін бойына жинақтайды. Бүгінгі таңда әлем елдері бұрынғыдан да тығыз байланысып отыр. Бір елде жасалған ғылыми жаңалық екінші елдің зертханасында жалғасын табуы, шетелдік білім беру бағдарламасы қазақстандық студентке қолжетімді болуы, ал шағын кәсіптің халықаралық нарыққа шығуы қалыпты құбылысқа айналды.

Жаһандану дәуірінде тіл білу – жеке адамның мәдени капиталы ғана емес, білім алуға, кәсіби дамуға, халықаралық байланыс орнатуға мүмкіндік беретін маңызды құзырет. Бірнеше тілді меңгерген адам түрлі мәдениеттерді жақындатып, ақпаратты түпнұсқадан қабылдап, әлемдік өзгерістерге бейімделе алады. Әсіресе цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамып отырған қазіргі кезеңде полиглот болудың мәні артып келеді.

Полиглот дегеніміз – бірнеше тілде сөйлей алатын адам. Бірақ полиглоттықты тек тіл санымен өлшеу дұрыс емес. Маңыздысы – үйренген тілдерді саналы түрде қолдана білу, сол тілде ақпарат іздеу, ой бөлісу, кәсіби және мәдени ортаға еркін араласу. Қазіргі заман неге көп тіл білуді талап етеді? Біріншіден, ақпарат көлемі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Интернетте миллиондаған мақала, кітап, ғылыми еңбек, бейнесабақ және түрлі деректер бірнеше тілде жарияланады. Бір ғана тілмен шектелген адам ақпараттың белгілі бір бөлігін ғана пайдаланса, бірнеше тіл білетін адамның ақпараттық кеңістігі әлдеқайда кең болмақ. Екіншіден, білім алу мүмкіндігі артады. Тіл меңгерген адам білімді тек аударма арқылы емес, түпнұсқадан қабылдай алады. Бұл әсіресе ғылым, технология, медицина, экономика және гуманитарлық салаларда маңызды. Үшіншіден, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілік артады. Қазіргі жұмыс беруші үшін кәсіби біліммен қатар коммуникациялық қабілет, халықаралық ортада жұмыс істей білу және жаңа мәдени ортаға бейімделу де маңызды. Бірнеше тіл білетін маман шетелдік серіктестермен жұмыс істеу, халықаралық жобаларға қатысу, келіссөз жүргізу сияқты қосымша мүмкіндіктерге ие болады. Төртіншіден, саяхат пен халықаралық қарым-қатынас жеңілдейді. Тіл білетін адам барған елінің мәдениетін тереңірек түсінеді, жергілікті адамдармен еркін сөйлеседі және түрлі мәдени ортада өзін сенімді ұстайды.

Тіл үйрену адамның сөздік қорын ғана емес, ойлау қабілетін де жаттықтырады. Жаңа сөздерді есте сақтау, грамматикалық құрылымдарды салыстыру, бір тілдегі ұғымды екінші тілде жеткізу – миды үнемі жұмыс істеуге мәжбүрлейтін интеллектуалдық жаттығулар. Бірнеше тіл үйренген адам тілдердің ұқсастығы мен айырмашылығын байқап, салыстырып ойлауға дағдыланады. Бұл оның тілдік сезімін қалыптастырады. Полиглот болу үшін ерекше дарынның болуы міндетті емес. Тіл үйренуде жүйелілік, тұрақты тәжірибе және мотивация әлдеқайда маңызды. Күніне аз уақыт болса да үздіксіз айналысу ұзақ мерзімде үлкен нәтиже береді.

Қазақ халқының тарихында бірнеше тіл білу дәстүрі бұрыннан бар. Қазақ даласы әр кезеңде түрлі өркениеттер мен халықтардың тоғысқан кеңістігі болды. Сауда-саттық, дипломатиялық байланыс, ғылым мен мәдени қарым-қатынас барысында бірнеше тілді меңгерген тұлғалар аз болған жоқ. Бүгінгі Қазақстанның көпмәдениетті және көптілді кеңістігінде бұл дәстүрдің жаңа мазмұнмен жалғасуы заңды. Қазақ азаматы үшін ең алдымен ана тілін терең меңгеру – ұлттық болмыстың негізі. Сонымен қатар басқа да шетел тілдерін білу әлемдік ақпарат пен мүмкіндіктерге жол ашады. Шет тілін үйрену ана тілінен бас тартуды білдірмейді. Керісінше, өз тілін жақсы білетін адам басқа тілдердің ерекшелігін тереңірек түсіне алады. Қазақ тілі – ұлттық мәдениеттің өзегі болса, шет тілдері – әлемдік кеңістікке шығатын көпір. Осы екеуін қарама-қарсы қоюдың қажеті жоқ.

Жасанды интеллект дәуірінде қазіргі технологиялар кез келген мәтінді бірнеше секунд ішінде аударуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты «енді тіл үйренудің қажеті бар ма?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Керісінше, тіл үйренудің маңызы өзгеше деңгейге көтеріліп отыр. Жасанды интеллект сөзді немесе мәтінді аударуы мүмкін, бірақ адамның сол тілдегі мәдени астарды, әзілді, эмоцияны, контексті және ұлттық ерекшелікті түсінуін толық алмастыра алмайды. Тілді білетін адам жасанды интеллект берген ақпаратты да сауатты бағалай алады, түпнұсқамен салыстырады және мағыналық қателерді байқай алады. Болашақта технология мен тіл білімі бір-біріне қарсы емес, бірін-бірі толықтыратын құралға айналады. Сондықтан бірнеше тіл білу – жасанды интеллект дәуірінде де өзектілігін жоғалтпайтыны белгілі.

Полиглот болудың басты шарты – тілден қорықпау. Көп адам тіл үйренуге кіріскенде «қате сөйлеп қаламын» деп қысылып, алғашқы қадамнан кейін тоқтап қалады. Ал тіл үйренудің табиғи жолы – қателесу, қайталау және қайта қолдану екеніне мән бермейміз. Тілді үйренудің ең тиімді тәсілдерінің бірі – оны күнделікті өмірге енгізу. Кітап оқу, фильм көру, музыка тыңдау, қысқа мәтін жазу, жаңа сөздерді сөйлем ішінде қолдану, сол тілде сөйлейтін адамдармен қарым-қатынас жасау тілдік ортаны қалыптастырады. Сонымен бірге бірден бірнеше тілді қатар үйренуге асықпай, алдымен бір тілді белгілі бір деңгейге жеткізген дұрыс. Саннан гөрі сапа маңызды.

Полиглоттық жарыс емес. Оның мақсаты – «неше тіл білемін?» деген сұраққа жауап беру емес, «сол тілдердің көмегімен қандай мүмкіндікке қол жеткізе аламын?» деген сұраққа жауап табу. Жалпы, қазіргі заманда полиглот болу – жастар үшін сән немесе ерекше қабілеттің белгісі ғана емес, адамның мүмкіндігін кеңейтетін маңызды артықшылық. Бірнеше тіл білу білім мен ақпаратқа жол ашады, кәсіби бәсекеге қабілеттілікті арттырады, түрлі мәдениеттерді түсінуге мүмкіндік береді және адамның дүниетанымын кеңейтеді. Әсіресе жастар үшін көптілділік – болашаққа салынған инвестиция. Бір тіл – бір әлемге апаратын жол болса, бірнеше тіл – бірнеше әлемнің есігін ашатын кілт. Дегенмен көп тіл білудің бастауы өз ана тіліңді құрметтеу және терең меңгеру екенін ұмытпайық!  Өз тілінің қадірін білген адам өзгенің тілін де құрметтей алады.

Көп тіл білу – туған тілді ұмыту немесе одан алыстау емес. Керісінше, нағыз полиглот қанша тілді меңгерсе де, өзінің ана тілінің қадірін терең түсінеді. Бұған тарихта мысал болатын тұлғалар аз емес. Қазақтың ұлы ғалымы Әл-Фараби бірнеше тілді меңгеріп, Шығыс пен Батыс өркениеттерінің ғылыми мұрасын тоғыстырды. Алайда оның рухани тамыры туған топырағымен, түркілік дүниетаныммен сабақтасты. Шоқан Уәлиханов орыс тілімен қоса Шығыс пен Еуропаның тілдерін біліп, бірнеше өркениеттің мәдениетін зерттеді. Ол өзге халықтардың тілін үйрену арқылы қазақ халқының тарихы мен мәдениетін тереңірек танытуға ұмтылды. Ал Абай Құнанбайұлы орыс тілін меңгеріп, Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларын қазақша сөйлетті. Бұл – өзге тілді меңгерудің ана тілінің мүмкіндігін кеңейтуге қызмет ете алатынының жарқын үлгісі. Қазақтың тағы бір ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов әлемдік әдебиетті терең меңгере отырып, қазақ тілінің көркемдік қуатын биік деңгейге көтерді. Оның «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ тілінің байлығын, бейнелілігін, философиялық тереңдігін әлем оқырманына танытты.

Демек, көп тіл білу – тамырыңнан ажырау емес, керісінше, тамырыңды тереңдете отырып, әлемге шығу. Өзге тілдерді үйренген сайын адам өз тілінің ерекшелігін, байлығын, ұлттық болмысын салыстыра отырып жақсырақ түсінеді. Сондықтан нағыз полиглоттың басты ерекшелігі – қанша тіл білетінімен ғана емес, сол тілдердің арасында өзінің туған тілінің орнын қаншалықты қадірлейтінімен өлшенеді.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде жастарға бірнеше тіл білу аса қажет. Бірақ көптілді болудың ең маңызды қағидасы – көп тіл үйрен, бірақ өз тіліңді құрметте; әлемді таны, бірақ өз тамырыңды ұмытпа. Өйткені ана тілі – адамның ұлттық жады, дүниетанымы мен рухани болмысының негізі.

Жұпар Рысқұлқызы ЖАҚАН