ЖАҚСЫДА ЖАТТЫҚ ЖОҚ

Адам өмірден өтсе де оның жарқын бейнесі мен өнегелі өмірі артында қалған ұрпақтарының есінде мәңгі сақталады. Сағыныш уақытпен өлшенбейді, ал еске алып дұға бағыштау – марқұмдарға деген үлкен сый. Сағымбек ата әулетінің ұрпақтары ұйымдастырып отырған ас қарсаңында, марқұмдар Тілеубек ағатайым мен Шынар тәтем жайында естелік жазып отырмын.

Көпшілікке түсінікті болу үшін айта кетейін, менің әкемнің аты-жөні Қалиұлы Қазақ, анам Шынар тәтәмнің сіңлісі Ғайния. Нағашым Болбыр атамыз бен Балажан әжемізден апалы-сіңлілі үш қыз Шынар, Ғайния, Семья болған. Ұлдары Шүкір (соғыста хабарсыз кетті), Төлеген (әкесі қайтқанда іште қалған), Несіпбай атамыздан – Кәріғұл бауырлары.

Нағашы тәтем Шынар мен Тілеубек ағатайымның отбасында бір ғана ұл Манарбек ағамыз болды. Өз жұрты да, нағашы жұрты да Манаржан дейтін. Содан інісі Рымбектен Серікті Манаржанға серік болсын деп, ал бажасы Қалиұлы Қазақтан тәтеме қолқанат болсын деп мені алған екен. Бала жасымыздан Серік бауырыммен бір отбасында өстік деуге болады. Оқу аяқталысымен мені жайлаудағы ауылға алып кететін. Сағымбекұлы Тілеубек ағатайым сиыр фермасының меңгерушісі болды. Астында жорға торы аты болатын. Ауыл тұрғындары сол Айтбай руынан шыққан ағайындар болды. Сағымбек ата мен Шәушенбас апа (сондай жанама аты болды), Есімбек ата-Күлтай апа, Ільяс ата-Үмила апа, Нұрила апа, Имағанбет ата, баласы Сағат-Сәкен, Мәрия апа, қызы Тілеутай, Тонтай ата-Бикен апа, Жамал апа, Қасым ата-Тоқшылық, Хадиша апа т. б.

Халқымыздың салт-дәстүрі бойынша, келіндері ата-енелерінің атын атамаған, сондықтан бұл кісілерге Шынар тәтемнің қойған аттары әке – Сағымбек ата, аққе – Есімбек ата, Көптілеудің әкесі – Қасым ата, Сейтжанның әкесі – Ільяс ата, Рымкүлдің апасы – Күлтай апа, осылайша атайтын.

Әйелдер әрқайсысы 10-15тен екі мезгіл сиыр сауып, флягтармен сүт тапсырады. Молокометрмен өлшеп тәтем қабылдайды. Содан кейін үлкен сүт тартатын машина болатын, сонымен қаймағын айырып, май қылып май зауытына өткізетін. Сүт тартып болғаннан кейін жаңағы машинаның барабанын кілтпен ашып береді, мен табақтарын жуып кептіріп қоямын. Сүт сүзген марляларды жуып кептіремін 8-9 жастамын, Серік бауырым менен 5-6 жас кіші ойнап-ойнап келіп, стол басында тамақ – шәй ішіп отырған тәтемнің емшегін еміп қайта жүгіріп кететін.

Тәтем сондай ұйымдастырушылық қабілетке ие, еті тірі ширақ адам еді. Сауыншылар айтқанын екі етпейтін. Тілеубек ағатайымды ауылдағы ағайындары пір тұтатын, қатты сыйлайтын. Сол уақыттағы ауылдағы ағайындардың тату-тәтті силасымды өмірлерін қазір қызыға еске аламын. Сондай-ақ, Тілеубек ағатайым шертпе күйдің шебері болатын, есімде, киіз үйде төрдің алдында домбыра шертіп жататыны. Сол домбыра тартатыны ұлы Манарбекке, одан немересі Марғұланға да қонған ғой. Ағатайымның бір қара былғары сөмкесі болған, сонда құжаттары бар, журналдары болатын графаларға бөлінген. Отчет жасайды, оны колхозға торы жорғасымен апарып тапсырып отыратын. Сол жорға атқа да сан міндім, керемеет қой жорға ат!

Жаз жайлауы көбінесе Жыландыбұлақ деген жерде болатын, Ақшатауға жақын. Ақшатаудан Рымбек ағатайым мен Мәмила тәтем (үш аяқты мотоциклы болды), Рымкеш тәтем бала-шағаларымен келіп тұратын, Мейіркүл, Рауана, Кама, Дания. Абысын тату болса ас көп деген, бала болсам да Шынар мен Мәмила аналарымыздың татулығын, сыйластығын аңғардым. Мәмила тәтемнің ата-анасы Дода құда-құдағиымен Тілеубек ағатайым мен Шынар тәтем өте силастықта болды. Ауылда бие байланып (аяғында тұяқтан жоғары ағы бар биелері болды) қара торсыққа қымыз ашытылатын, торсық пісеміз. Дастарқаннан бал қаймақ, таба нан, бауырсақ кетпейтін. Тәтем соның бәріне үлгереді, шәруаны тез істейді. Тағы бір аңғарып көңіл аударған жағдай Рымкеш тәтемнің керемет қатал тәрбиесі, қыздарының шаштарының бір талы шашырамайды, сондай ұқыпты, тап-таза мынтаздай болып жүретін, сүйсінесің! Ільяс атаныкіне баласы Сейтжан екі аяқты мотоциклға бала-шағасын отырғызып алып келетін.

Ағатайымның киіз үйінің жанына әкесі Сағымбек атаның үйі тігілетін, оған жақын Есімбек ата мен Күлтай апа отыратын. Күлтай апаның қыздары Ырым (Аңғардың анасы), Рымкүл (Зәмзәгүл мен Сырымның анасы), олар ержетіп тұрмыс құрып кеткеннен кейінгі қолқанаты Қанаткүл болатын. Манарбек ағатайым Алматыдан оқудан каникулға келгенде тілеуін тілеп отырған атасы Сағымбек жылап «садағаң кетейін» деп, мінген көлікті айналып шығырып салушы еді. Сондай атаның ақ тілегі болар немересі оқуын ойдағыдай бітіріп келіп, шаңырақ көтерді. Ол кез де есімде, 1961 жыл, мен 11 жастамын. Манарбек ағатайым Дәметкен тәтеме үйленді деп, ат шаптырып, көкпар тартып той болғаны. Батыстаудың маңы болар жазық далада көкбар тартысы болды. Сонда аттар соқтығысып үш адам жарақат алып қалғаны есімде, Мағузов Бағдат, Түсіп деген үлкен кісі, тағы бір азамат. Солай бір үрейленіп қалғанымыз бар еді.

Дәметкен тәтем Бәтинә апаның қызы, бауырлары Рая, Сайлан, Күлше, Қайрақбай және Кәріғұл болатын. Дәметкен Алматының қыздар педогогиқалық институтын бітірген жылы Манарбек екеуі отбасын құрды. Келесі жылы 1962 жылы 10 шілдеде Амангелді дүниеге келді деген сүйінші хабар келді. Сол күні жауған жаңбырдың астында Шынар тәтем ата-ене, туған-туыстарынан сүйінші сұрап үйді-үйге жүгіргені есімде қалды. Сағымбек атаның «шөберемді көріп өліп кетсем арманым жоқ» деген асқақ арманы орындалды. Амангелдінің соңынан бауырлары Майгүл, Руслан, Айгүл, Лена, Марғұлан, Динара өмірге келді. Тәтемнің немерелері, қолқанаттары. Серік бауырым екеуміз де ержетіп өз алдымызға үй болып, қонаққа ғана келетін жағдайға жеттік. Осы ағымдағы жылда, Алла қаласа, Серік бауырым 70 жасқа толады. Торқалы той құтты болсын, бауырым! Манарбек ағатайым, дүниеден өтер алдында жанындағы Амангелдіден «Серік қайда?» деп сұрапты, шіркін бауырдың жөні бір бөлек қой! Шынар тәтемді де Ғайния бауыры күтіп, жанында отырып шығарып салған еді. Екі бажаның отбасының (Қазақ Қалиұлы мен Тілеубек Сағымбекұлы) бір-біріне деген сенімінің, қамқорлығының арқасында балалық шағымнан осындай естелік жазып отырмын. Есейгеннен кейін де, Манарбек ағамның отбасымен қарым-қатынасым үзілген емес. Тұңғыш баласы Амангелдінің үйлену тойының бел ортасында жүрдік жолдасым Шынарбек екеуміз. Келініміз Асылсараны қолымызға түсіріп, Ақшағылға жол бастап бардық. Амангелді мен Руслан ата-әжесінің тәрбиесінде болды, мектеп бітіріп жоғарғы оқуға кеткенше. Қазір өздері әке, ата. Амангелді зейнеткер, әлі де еңбек етіп жүр, Руслан болса 60 жаста, облыстық департаменттің белді қызметкері. Ата-әже,әке мен аналарың салып кеткен сара жолдарымен еңбектерің қашанда елеулі болсын бауырларым!

Бірлік Қазаққызы ҚАЛИЕВА,

Қазақстан Республикасының

еңбек сіңірген қызметкері

08.08.2026 ж.