БІРТУАР

Дем берер шаршағанда, шалдыққанда,

Әншіні сыйлайды елі сондықтан да!

Кеңшілік Мырзабеков

«Единица болмаса, не болады өңкей нөл?» – деп Абай атамыз айтқандай, тарих доңғалағын алға жылжытатын қалың тобыр емес, жекелеген дара тұлғалар екені – мойындалған шындық. Бүкіл адамзаттың білімі мен ғылымын, өнері мен мәдениетін жасаған – сол кемеңгер тұлғалар. Ал миллиардтап бұл дүниеге келіп-кетіп жатқан қара халық өкілдерінің өркениет дамуына қосқан үлесі шамалы. Олай болса, кез келген халықтың ұлылығы сол халық санының көптігімен өлшенбейді, біртуар тұлғаларының көптігімен ерекшеленеді. Халқымыздың сондай дара тұлғаларының бірі – Арқадағы дәстүрлі ән өнерінің аса көрнекті өкілі Мейірхан інім еді… Мейірхан бауырыммен алғаш таныстығымыз 1960 жылдардың ортасында табиғаты сұлу, асқақ Қарқаралының шалғай өңірі – Томар ауылында басталды. Үкімет орындарында отырған шенеуніктердің басына сол жылдары «бос жатқан жерлерді игеру» идеясы келіп, орталығы Томар ауылы болып белгіленген «Прогресс» деп аталатын жаңа кеңшар ашу жөнінде қаулы шығады. Сол «Прогрестің» директорлығына 1965 жылы менің әкем Төлеуов Қадаш тағайындалады.

Елінің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақ мемлекетінің нығаюы мен көркеюі жолында жан-тәніңді салып еңбек ет деген принципті өмірлік бағдаршам етіп ұстанған әкем Төлеуов Қадаштың өндірістік өмірбаянындағы мазасыз да бақытты жылдары осы «Прогреспен» байланысты.Аз уақыт ішінде «Прогресс» кеңшары экономикасы дамыған, халқының тұрмысы шалқыған шаруашылыққа айналды. Орта мектеп, МТМ үйі, заман талабына сай қос пәтерлі тұрғын үйлер, наубайхана, типтік монша, мал емдеу пункті, бордақылау алаңы, сауда орталығы, мейрамхана, әсем Мәдениет үйі салынып, іске қосылды.Әкеміз бұл жылдар мұғдарында Қапан Бекбосынов, Орынғазы Мақсурин, Елмаған Сырбаев тәрізді мамандардан бір-бір байсалды басшы қалыптасуына ықпал етсе, өз ісінің шебері, еңбекке мығым Адамбеков Сәйдідей шопан, механизаторлардың атағын шығарып, елге танылып, халықтың сыйы мен құрметіне бөленуіне жағдай жасады. Сәйді әкеміз Қарқаралы – Томар өңіріне белгілі, көзі ашық, көкірегі ояу, орта дәулетті, несібелі адам болды.

Мейірхан бауырымның маған айтқан бір әңгімесі қашанда көңілімнен кетпейді.

Сәйді әкеміз мерейлі жасқа келіп, кеңшар директоры Телеуов Қадаш бастаған елдің бірқатар сыйлы азаматтары еңбек озатын мерейтойымен құттықтау үшін шопанның жайлаудағы ауылына келеді.

Амандық-саулық сұраудан кейін ел азаматтары Секеңнің иығына шапан жауып, басына кәмшат бөрік кигізеді. Қазақтың қонақжай дәстүріне сай, мал сойылып, қонақтардың алдына бас, жамбас тартылады. Келген қонақтар мерейтой иесіне жүрекжарды тілектерін айтып, бата жасалып, қонақтар қайтуға қам жасайды.

Осы кезде Қадекең Сәкеннен:

– Қарақасқа тұлпар бабында ма? – деп сұрайды.

– Қарақасқа сол кезде аудан, облыс көлемінде өтетін аламан бәйгенің алдын бермейтін жүйрік екен. Ауыл мақтанышы. Тамаша ат бапкері ретінде жүйрікті күтіп ұстау, баптау Сәйді әкемізге жүктелсе керек. Секең:

– Қадеке, алаңдамаңыз. Қарақасқа күйінде, бүгін бәйгеге қосам десеңіз де дайын, – десе керек. Сонда Қадекең:

– Секе, Томар елінің өсіп-өркендеуіне қосқан еңбегіңізді, мал басын өз төлі есебінен көбейтудегі ерік-жігеріңізді ел біледі. Біз сізді мақтаныш етеміз. Қарақасқа бүгіннен бастап сіздің меншігіңіз болсын. Игілігіңізге мініңіз, – депті. «Сонда бәйге атты ерекше құрметтейтін, еңбегін бағалағанға риза болған әкем көзіне жас алып еді», – деп еске алатын Мейірхан бауырым…

Өмір – уақытша берілген сынақ алаңы, сол сынақ алаңында бәріміз де уақытша тіршілік жасаймыз, уақытша өмір сүреміз. Сондықтан жаныңды жадыратар бір ғана жылы лебізге, жылы сөзге, күйкі тірлікте еш нәрсеге айырбастамайтын сыйластыққа не жетсін!

Сәйді ақсақалдың кіндігінен алты ұл: Жұмахан, Аманхан, Қайырхан, Мейірхан, Рымхан тараған.

Мейірханның анасы – ақылды, кішіпейіл, жаны сұлу, бойында қазақ әйелдеріне тән әдептілік бар, қонақжай жан еді. Анамыздың тағы бір ерекше қасиеті – домбыра тартып, әнді нақышына келтіріп орындайтын өнерпаз болатын.Аналарынан жұққан табиғат сыйы болуы мүмкін, балаларының бәрі кішкентайынан өнерге жақын болып, ән шырқап, ауыл, аудан тұрғындарының ілтипатына, қошеметіне бөленді.

У.Черчилль бірде Қаныш Сәтбаевқа: «Сіз бойыңыздағы жақсы қасиеттер мен білімді қайдан алдыңыз?» – дегенде: «Өз ауылымнан, өскен ортамнан алдым», – деген екен. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі».Адам ең алдымен жақсы әке, жақсы ана тәрбиесін көріп өскені жөн. Әке, ана тәрбиесімен бойына адамгершілік, ізгілік, қарапайымдылық деген асыл қасиеттерді сіңіреді. Міне, осы қасиеттері арқылы елге сыйлы болып, абыройы артады.Мейірім, нысап, әділет, адал еңбек, таза жүрек, тату дос – өмірде өкіндірмес қасиеттер осылар. Осы қасиеттердің бәрін бір бойына жинай білген Мейірхан бауырым – ән өнерінің ірі өкілі ғана емес, жақсы адам да еді. Ал жақсы адам – елдің тірегі, байлығы туған халқының шапағын шашар көгінде туған жарық күн.

Мейірхан да туған топырағы Томар мен әке-шешесінен, өскен ортасынан алды деп ойлаймын бойындағы бар қасиетін. Қандай сынаққа тап болса да құламай, қайрат таныта білетіндігі сол тамырының беріктігінен болса керек.

Адамның пенде болмаққа да, Құдай болмаққа да хақысы жоқ. Адам – адам болып қалу керек. Басына бақ қонса да, іс түссе де адамдығынан айнымауы керек. Мейірхан өмірінің, әншілік өнерінің ұқтырары – осы.

Арқадағы дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлі Мейірхан кешегі Біржан, Ақан, Мәди, Жүсіпбектерден жеткен қазақ әнін көзінің қарашығындай сақтап, ешқандай өзгеріссіз халықтың жадында сақтап қалу міндетін мойнына алып, киелі өнерге кір келтірмей өтті. «Шайтанкөл», «Сағындым ғой» әндерінің өзі неге тұрады?! Енді бұл әндерді Мейірхан емес, Мейірханды сағынған өнердегі достары, інілері, шәкірттері салады.

Жалпы алғанда, Мейірхан ғажайып әншілігімен, табиғи дарынымен, өмірлік және өнерлік үлкен тәжірибесімен ұлттық ән өнерінің өркендеуіне, ұлттық әншілік мектеп көкжиегінің кеңеюіне мол үлес қосты.Оның бұл еңбегі, өнері лайықты бағасын алып, ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды.

Әнші еңбегінің елеулі бір саласы – ұлағатты ұстаздық жолы. Ол ұзақ жылдар бойы Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінде оқытушы, директор болып қызмет етті. Бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, жас әншілерді өнерге қанат қақтырды. Олардың көпшілігі республикалық өнер ұжымдарында табысты өнер көрсетіп жүр.

Ұлттық өнеріміздің, оның ішінде қазақтың дәстүрлі ән өнерінің өркендеп дамуына елеулі үлес қосушылардың бірі, сахнада да, өмірде де әсемдікті, сымбаттылықты, яғни үйлесім-жарасымды ту еткен көрнекті әнші, ұлағатты ұстаз, біртуар тұлға Мейірхан Адамбековтің өнері сан ұрпақтың рухани азығы болып ұзақ жасайтыны сөзсіз.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,

тарихшы