Шіліңгір шілде. Айнала аптап ыстық. Ұлы ақын Сұлтанмахмұттың: «Түскендей әуе жерге қырық күн шілде…» дегені – тура биылғы жазға келіп тұр. Осындай бұрын-соңды көрмеген керемет ыстықта қазақ жерінің алыс түпкірі – Ақтау қаласына сапар шектік. Бір немере бауырымыз сол Ақтау қаласында көптен бері тұратын. Теміржол бойындағы басшылық қызметте. Сол бауырымыздың баласы үйленіп, тойға шақырған. «Іздегенге – сұраған» дегендей, сапардың сәті түсті. 9 шілде, бейсенбі күні Қарағандыдан кешкілік уақытта Маңғыстау бағытына жүретін пойызға отырдық. «Қарағанды-Маңғыстау» деп аталатын пойыз осы жылдың көктемінде ғана қосылған еді. «Жүрдек» деп аталғанымен, баяу жүрісті «шабан» пойыздың бірі екен. Сонан Жезқазғанды бетке алып, жылжи жөнелдік. Алдымызда алыс нүкте, арман тұнған Ақтау қаласы. Яғни, Ақтау шаhарына сапар! Пойыз түнімен жүріп, Жезқазғанға жеткенде сағат таңғы 7-нің кезі-тұғын. Бұл қалаға бармағалы да жиырма жылдың жүзі болыпты. 2006 жылдың жазында бір тойда болғанымыз бар… Бұрын Жезқазған өзіміздің облыс орталығы болғанда талай рет келгенбіз. Дәм татып, қыдырдық. Бұл сапардың бір ерекшелігі, мені қызықтырғаны – осы Жезқазғанның арғы жағындағы жерлер. Көрмеген-білмеген жерлермен жүру қызықты ғой. Пойыздың екі жақ терезесінен сыртқа үніліп, сыр іздедім… Бірінші кезіккені – Қарсақбай болды. Бала күнімде «Риддер, Доссор, Қарсақбай…» дейтін бір өлең болушы еді. Сонан санамда қалған сол Қарсақбайдың үстінен өтіп бара жаттық. Қаныш атамыздың ашқан Жезқазған – Қарсақбайы ғой. Малға жайлы, иен дала. Жазық әрі қыратты жерлер, ұсақ шоқылары мен кішкене төбелері кездескенімен, елдімекендер өте сирек. Қарсақбайдың станциясы оқшау тұр да, негізгі кент әріректе-ау деймін. Әрі қарай Ұлытау облысының ұланғайыр даласы. «Көктал», «Қоскөл» дейтін теміржол бойындағы ауылдар да осы облыстың аумағында жатыр. Созылған Сарыарқаның сары даласы… Жан-жағымнан Ұлытау тауын іздедім. Алыстан болсын мұнартып көрініп қала ма деп. Жоқ көрінбеді.
Онан кейінгі тоқтағаны – Қызылорда облысына қарайтын Байқоңыр станциясы. Бұл – Жер мен Аспанды жалғаған, Ғарышқа самғаған ғарышкерлер мекені. Әлемге әйгілі Байқоңыр. Бұл жерде де станцияның өзі жалғыз, елді мекендер көрінбеді. Ғарышкерлер қалашығы – жұмбақ, құпия ғой, маңайдағы қарауытқан төбелердің тасасында қалса керек. Талай жылғы ұшырылған ғарыш кемелері және зымырандардың зардабынан ба, өлі жерлер өте көп… Қара қошқылдау, күлгін түсті аймақ – еңсеңді түсіріп, ойға батырады екен. Анандайдан көрінетін адыр-жоталардың өзі кәдімгі шахтадан шыққан отвалдарға ұқсайды. Үлкен өрттен кейін күйреп қалған атырап секілді. Ұшқан құс түгілі, өсіп тұрған өсімдік те жоқ. Тіршілік нышаны байқалмады. Есіл Байқоңыр… Бәлкім, үн-түнсіз егіліп, жылап жатыр ма, кім білсін?.. Онан әрі қарай да Қызылорданың жерлері… «Мыңбала», «Абай», «Қарашеген», «Сексеуіл» дейтін станциялар бар. Мұның бәрі Қызылордаға қарасты елді мекендер. Бұлардың ішіндегі үлкені – Сексеуіл. Сексеуілде күн күйіп тұрды. Температура – 40 градустың үстінде тұрды-ау деймін. Пойыздан түскен бетте ыстық жалын шарпыды. Мұндай ыстықты бұрын көрмегендіктен кәдімгідей абдырап қалдық. Дала жанып тұрғандай… Қызылорда аймағы Ұлытау жерлеріне қарағанда құмдауыт, құмнан құйылған төбешіктер көп екен. Құмға тән біраз өсімдіктері бар. Жыңғыл мен сексеуіл шығар деп жобаладым. Біздің жақта өспейтін де өсімдіктер бар екен. Бұл аймақта да бос жатқан, елсіз мекендер жетерлік. Шөл мен шөлейт жерлер. Ұшқан құсты кездестірмедім. Анда-санда әр-әр тұстан жылқы мен түйе малы көрініп қалады. Сор, сортаң жерлері, көлшіктердің тартылып қалған орны кездесіп тұрды. Арал теңізі секілді, кішкене бірнеше көлшіктердің орнынан тұзы көтеріліп жатыр. Әр қайсысын көрген сайын мұңға бөккен қайран Арал теңізі ойыма оралады. Судын орны жатыр, өзі жоқ. Қаңсып, кеуіп қалған жерлерді көрудің өзі – көңіліңді азапқа салады екен. Үлкен Аралдың қасіреті – кішігірім, кеуіп қалған көлшіктен де көрінеді екен… Ұлытау облысындағы белгілі Бетпақдалаға жалғасқан Қызылорда аймағы да сусыз, нәрсіз құлазып-ақ жатыр. Құмды шөлдер мен тұзды жерлер көп кездеседі. Ми қайнатар ыстықта көңілің де, көзің де байыз таппай шөлдеп, су іздейді екен. Кейде бір тоған, не кішкентай су иірілген қақты көріп қалсаң, соған мәз боласың. Тағы да ойға оранасың. Неге, осыншама кең сахарада, жазық далада су тапшы деп…
Онан соң келген станциялар – «Тоғыз» және «Шалқар». Бұлар Ақтөбе облысына қарайтын теміржол бекеттері. Шалқар – ірі елдімекен. Аудан орталығы болса керек. Пойыз ұзақ аялдайды екен. Ұлытау мен Қызылорданың шөл мен шөлейт далалары Ақтөбе аймағында да жалғасады. Мұнда да жазық дала, құмға ұқсас төбелер баршылық. География тілінде «Үстірт» дейтін ұғым осы Ақтөбе жерінен басталады екен. Түйелер ғана жүретін жер секілді боп көрінді маған. Анда-санда жайылып жүрген жылқылар кездеседі. Сиыр мен қой малын көрмедім. «Бегімбет», «Шұқыр», «Тассай» атты станциялар да Ақтөбенің еншісінде болуы керек. Біз жүріп өткен Ақтөбе аймағы да жазық, үстірттер, елсіз мекендер. Мұнда да шөл мен шөлейт жерлер жетерлік, өйткені түйе малы көбірек кездеседі. Сулы жерлер көзге шалынбады.
Бара-бара Бейнеудің үстінен шықтық. Бейнеу – Маңғыстауға қарайды екен. Үлкен елдімекен. 80 мыңдай халқы бар ірі станция. Тоғыз жолдың торабында тұр. Теміржол вокзалын салып жатыр. Айтпақшы, осыған дейін тоқтаған барлық үлкен станцияларға, сонау Жезқазғаннан бастап жаңадан вокзалдардың құрылысы жүруде. Бұл да жақсы жаңалық екен. Бейнеуден бастап Маңғыстау даласына ендік. Қарағандыдан басталған сапардың Қазақстанның бес облысының жерімен өтетіні таңғалдырды. Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау – біріне-бірі жалғасқан аймақтардың әрқайсысында өзіндік ерекшеліктер бар. Бірі – тал-тоғайлы, өзен-көлдерімен, екіншісі – жазық та қыратты даласымен, үшіншісі – шөл-шөлейттігімен, төртіншісі – құмдауыт ой-қырымен, бесіншісі – үстіртті, маң даласымен ерекшеленеді екен. Әр жердің өзіндік тарихы, өзіндік сыры тұнып жатыр-ау. Сонау Жезқазғаннан шыққаннан бері түйелер көп көрінді, жылқылар да кездесіп жатты. Әсіресе, Маңғыстау даласында түйелер тізбектеліп, баяғы әлемдік көш – Жібек жолын еске түсірді. Маң далада маңып бара жатқан түйелерді көргенде кино көріп отырғандай болады екенсің… Маңғыстау даласы – өзінің жазықтығымен, көне дүниені көп жасырған жұмбақтығымен біртүрлі көрінді. Тылсым табиғат. Табиғи террикондар. 362 әулие жатқан киелі де қасиетті мекен. Дала реңі әртүрлі бояулармен бедерленген. Ақ, сұр, қызыл, қоңыр, сары түстер – Маңғыстау өлкесінің табиғи фоны тәрізді. Әр түстің өзіндік сыры, тарихы бар шығар. Боз дала, ақ құм, шағылдар, созылып жатқан үстірттер – өлке табиғатына өзіндік жарасым туғызғандай. Қолдан құйып қойғандай біркелкі, кейбір жерлерінде үлкенді-кішілі төбелер темір жол бойында бұлаңдап біраз жерге дейін ілесіп отырады. Бір ғажабы, Қарағанды облысынан басқа, Ұлытау, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау секілді төрт облыстың жер жағдайында ұқсастықтар да бар екен. Бәріне ортақ бір нәрсе – шөл-шөлейт жерлері және жусан, бетеге, боз, сексеуіл, жыңғыл, сораң, тораңғы тәрізді өсімдіктердің өсетіндігі деуге болады.
Тағы бір таңғалғаным, бес облыстың жерін кесіп өтетін (баруы – 40 сағат, қайтуы – 40 сағат) бұл сапарда менің көзіме бірде-бір киік кезікпеді. Бұрындары осы аталмыш аймақтар, осы ұшы-қиырына көз жетпес жазық мекендер «киіктің отаны» болушы еді ғой. Биылғы аптап ыстықтан ба, әлде былтырғы «екі аяқтылардың қанды қырғынынан ба» екен?.. Әйтеуір, «сахараның бота көздерін» көре алмай, көңіл алаңдап отырды. Әлде, басқа жақтарға ауып кетті ме екен, қайран жануарлар?..
Осылай Маңғыстау түбегін бойлап, вокзалына келіп түскенде 11 шілденің түскі уақыты болды. Әрі қарай машинамен Мұнайлы ауданын жара өтіп, Ақтау шаhарына табанымыз тиді.
Ақтау – Қазақстандағы жас та жаңа қалалардың бірі. Заманауи, кейінгі үлгілермен бой көтеріп жатқан маңызды мекен. Жан-жағын Каспий теңізі қоршаған, айналасын су көмкерген портты қала. Ғаламтордағы Ақтау шаhары жөніндегі деректерге зер салсақ: «Ақтау – Қазақстанның оңтүстік-батысында, Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан ірі портты қала және Маңғыстау облысының әкімшілік орталығы. Бұл жас әрі ерекше сәулетті өнеркәсіптік шаhар 1959 жылы іргетасы қаланып, 1963 жылы қала мәртебесін алған. Каспий теңізі жағалауындағы басты теңіз қақпасы. 1964-1991 жылдары көрнекті ақын Тарас Шевченконың құрметіне «Шевченко қаласы» деп аталған. Басты өндірісі: мұнай, газ, уран. Халықаралық теңіз порты мен әуежай жұмыс істейді…» дейтін біраз мәліметтер алдымыздан шығады.
Негізінен, тұрғын халқы да өсіп келеді ғой, дегенмен, бұл мекенге келетін, ала жаздай үзілмейтін турист дейтін де халық бар. Сол көп туристің бірі – біз едік. Әрине, алғашқы күні Ақтаудың тойын көріп, балаларымызға бақыт тілеп, қызық-қуанышқа кенелдік. Ертеңінде құдалықта болып, Каспий теңізінде яхтамен серуендедік. Үшінші, төртінші күндері арман болған Ақтаудың ары жақ, бері жағын аралап, Каспий теңізін жағалап, суға түстік. Енді Каспий жөнінде бірер сөз қозғайық. Буырқанған бұл теңіздің тарихы әріден басталады. Ертеде Хазар деген атаумен көне тарихқа таңбаланса, кейін Каспий аты көпшілікке белгілі. Хазар туралы ғаламторда мынадай дерек бар: «Хазар теңізі – қазіргі Каспий теңізінің орта ғасырлардағы тарихи атауы. Бұл атау – ІІ-Х ғасырларда осы аймақта өмір сүрген қуатты Хазар қағанатына (мемлекетіне) байланысты араб және түркі жазбаларында қолданылған. Сол дәуірдегі саяхатшылар мен ғалымдар теңізді «Хазар теңізі» деп атап кеткен». Каспий теңізімен шектесетін елдер: Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Иран, Түркіменстан. Каспийдің суы – тұзды әрі суық. Тұрғындардың айтуы бойынша, тамыздың басына таман жылиды екен. Білетіндерден естігенім, Солтүстік жақтан суық ағыс, Иран жағынан жылы ағыс келіп қосылатын сияқты. Теңіз болған соң, ішкі және сыртқы ағыстардың болуы, олардың тоғысуы – табиғи заңдылық болар.
Каспий – Қазақстандағы ең үлкен теңіз. Мемлекетке мейлінше үлес қосатын маңызды аймақ. Көп адамдарға көруге арман болған осы теңіздің жағалауын ел қыдыратындай ерекше жасап қойған. Келген туристер күнімен, түнімен сол жағалауда қыдырып-серуендейді. Ұзыннан-ұзақ созылған демалыс орындары қызмет етеді. Онда іздеген нәрсеңнің бәрі де бар…
Бірінші күні аялдаған үйге жақын болған соң, теңіздің ел түспейтін жағын көріп, суға аяғымды салып, 5 минуттай отырып едім, суығы шекемнен бір-ақ шықты. Күннің аптап ыстығы жайына қалды. Сонан бір күндей тізем қақсап жүрді. Онан кейін қаланың сырт жағында көпшілік «Дубай» деп атап кеткен бір жеріне бардық. Ол арада жан-жақтан келген адамдар суға түсіп жатты… Суы сәл салқындау болғанымен, маңайында жұмсақ құмы бар, біршама жағдайлар жасалған. Әжетханасы бар, басқа да құрылыс нысандары салынып жатыр. Үшінші күндері қаланың шетіндегі «Сарбаз немесе жауынгер жағажайы» («Солдатский пляж») (тағы бір атаулары бар-ау деймін) деген тұсына барып түстік. Тұрғындардың көбі, сырттан келгендердің барлығы сол жерге келеді екен. Бір жағынан қалаға жақын, екінші жағынан суы басқа жағына қарағанда жылылау. Бұл жердің бір ерекшелігі, жағалаудан басталған саяздық – 150-200 метрге дейін, онан да әріге созылатын сияқты. Әйтеуір, тобықтан, тізеден келетін су біразға дейін барып, әрі қарай сәл тереңдей береді. Әсіресе, балалар мен жүзу білмейтін жандарға өте қолайлы екен. Жүруге жараған балалардың бәрі сол суда жүр, тіпті бір жасқа толмаған сәбилерін де теңіз суына «ырым болсын» деп, малып-малып алып жатқан әйелдерді көрдік. Жағалай теңізді қызықтап, суға шомылған адамдар, жан-жақтан келген турист-қонақтар. Бәрі де демалып, табиғи ем алуда. Каспий жағалауын аралап, екі-үш жерінде суға түскенімізде бір байқағаным, бұл жерлерде де тазалық жақсы жолға қойылмаған екен. Судың жиегінде, жағадағы құмдарда шашылған күл-қоқыс көп. Арнайы жинап жүргендер көзге шалынбады. Теңізге келушілердің де мәдениеттерінің төмендігі көрінді… Сосын үлкен теңіздің жағасында тұрғандықтан ба, ауасы ауыр сезілді. Тұманды Альбион жағалауы секілді бір дымқыл ауа қаланың барлық жерінен байқалды. Теңізден көтерілген бу – алып тұманға айналып, қаланы шарлап, үйдің ішіне дейін кіріп кетеді екен. Үйлерде, барлық ғимаратта ауа баптағыш (кондиционер) қолданылады. Онсыз өмір жоқ сияқты. Әрине, жетістік бар жерде, кемшілік те кездеседі ғой. Осындай аздаған олқылықты айналып өтіп, тағы да жетістікке жол берсек, мынаны айтар едім. Маңғыстау, Ақтау жеріндегі Адай елі – қазақшылығы жақсы сақталған, ұлттық тілді қадірлеген, бірлігі бекем, берекелі ел екен. Төрт күн Ақтауда болғанда бірде-бір орысша сөзді естігенім жоқ. Адамдары ақжарқын, танымаса да амандасып жүреді, жөн сұрасаң – жөндеп жауап беретін мейірімді көрінді. Соған қуандым. Басқаларға үлгі болса екен деп тіледім. Қала ішіндегі автобуста электронды билет – 70 теңге, ал ақшалай төлесеңіз – 100 теңге. Бізден екі есе арзан. Таксидің бағасы да төмен, қолжетімді. Газдың да литрі – 72 теңге. Көліктің бәрі газбен жүреді. Қала тұрғындарының еңбек жалақысы жоғары, өмір сүру деңгейі мен тұтыну тауарларында осындай жеңілдіктер бар. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр, жаңа ықшам аудандар бой көтеруде. Бір қызығы, Ақтау қаласындағы көшелерде атау жоқ, үйлер мен мемлекеттік, жеке меншік ғимараттардың төбесінде, үстіңгі жағында нөмірлік сандар қойылған. «Пәленінші микрорайон» (шағынаудандар) деп айтады екен. Соған қарап айырады.
Иә, сөйтіп, мақтауға тұрарлық Ақтау қаласында төрт күн қонып, Маңғыстау вокзалынан бері қарай сол пойызбен қайта жылжыдық. Қайтар жолда да сол жерлер, сол станциялар, сол уақыт… Сол картина қайталанды… Біз ылғи да «қазақтың жері кеңбайтақ, әлем бойынша тоғызыншы орындамыз» деп даурығамыз ғой. Мен соны өз көзіммен көріп, іштей марқайдым да, ата-бабаларыма алғыс айттым. Егер менің орнымда бір қытай немесе жапон отырса: «Әй, мына Қазақстанның жартысында ел тұрмайды-ау…» дейтін ауыр ойда қалуы да мүмкін ғой, ә?..
Қалай айтсақ та, жеріміздің кеңдігі, еліміздің ниет-пейілінің дұрыстығы жасай берсін! Ұлы Даланың қадір-қасиетін жортқан жолаушы білер! Сапарларымыз сәтті, жолымыз қашанда ақ болсын!
Осылай биылғы демалыс пен саяхаттың сәті – Қазақстанның батыс өлкесіне жататын Ақтау қаласы мен қарт Каспийге түсті. Жақсы демалыс, сәтті саяхат болды. Жылқы жылындағы алыс сапар жайлы жазған жазбам осы әзірше… Амандық болса, келесі жылы еліміздің шығыс аймағына сапар шеккім келеді. Бір Алла, бәрімізге ғұмыр берсін! Ұланбайтақ қазақ жері, кеңпейіл қазақ елі аман болсын!!!
Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ
Қарағанды – Ақтау – Қарағанды
9-17 шілде, 2026 жыл
