Мемлекеттік грант жаңа кәсіпке жол ашты

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары көптеген бастамашыл азаматтардың өз ісін ашып, кәсіпкерлікке қадам басуына зор мүмкіндік беруде. Осындай қолдаудың арқасында өз бизнес-идеясын сәтті жүзеге асырғандардың бірі – Айгерім Жайылханқызы Әбубәкірова. Ол мемлекеттік қайтарымсыз гранттың көмегімен заманауи сән үлгісін ұсынатын әйелдер киіміне арналған «RICH BRAND» бутигін ашты.

2025 жылдың шілде айында Айгерім өз жобасын қорғап шығып, бизнес-идеяларды іске асыруға бағытталған қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды. Түскен грант қаражатына ол сұранысқа ие сапалы әйелдер киімі бутигін ашып, бүгінде өз ісін дөңгелетіп, табысты дамытып келеді.

Өз кәсібінің қалыптасу жолы туралы кейіпкеріміз былай дейді:

«Мен, Айгерім Жайылханқызы Әбубәкірова, 2025 жылы қызмет көрсету саласындағы бизнес-идеямды іске асыру үшін мемлекеттік қайтарымсыз грант ұтып алдым. Бизнес-идеямды іске асыру шеңберінде маған грант ұсыну түрінде сапалы мемлекеттік қолдау көрсетілді. Алынған қаражат толығымен менің кәсіпкерлік қызметімді бастауға және оны әрі қарай дамытуға бағытталды.

Жобаны іске асыру кезеңінде Мансап орталығы тарапынан жан-жақты консультациялық әрі ақпараттық көмек берілді. Оның ішінде қаржылық есептілікті дайындау мен тапсыру, қажетті құжаттарды дұрыс рәсімдеу және кәсіпкерлік қызметті ары қарай дұрыс жүргізу мәселелері бойынша мамандар үздіксіз бағыт-бағдар беріп отырды.

Бүгінгі таңда бутигіміз өз қызметін қарқынды жалғастырып, тұрақты тұтынушыларын тауып, табысты жұмыс істеп тұр. Кәсіпкерлік қызмет күн санап өркендеп, оң нәтижесін беруде».

Айгерім бала күтімімен айналысатын азаматтар санатына жатады. Үй шаруасы мен бала тәрбиесін қатар алып жүрсе де, ол өз қабілетін жүзеге асырудан шегінген жоқ. Мемлекеттік қолдау оған жай ғана өз ісін бастауға емес, сонымен бірге өзін-өзі дамытуға, отбасылық бюджетке үлес қосуға және қоғамда белсенді кәсіпкер ретінде қалыптасуына үлкен мүмкіндік берді.

«RICH BRAND» – бұл кәсіпкердің жаңа мүмкіндіктер мен биік мақсаттарға жасаған алғашқы нық қадамы. Мұндай мемлекеттік гранттар мен бастамалар еңбекқор азаматтардың арманын ақиқатқа айналдырып, елдегі шағын және орта бизнестің дамуына нақты серпін беріп отыр.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ