Экологиялық мәдениетке бастар жол

Қоршаған ортаны қорғау мәселесі бүгінде қоғам өміріндегі маңызды бағыттардың біріне айналды. Осы орайда елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы табиғатты қорғау ісіне жаңа серпін беріп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстарды біріктіріп отыр.

Бастама аясында елді мекендерді абаттандыру, заңсыз қоқыс орындарын жою, аумақтарды көгалдандыру және қалдықтарды тиімді басқару бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Мұндағы басты мақсат – тек айналаны тазарту емес, табиғатқа жанашырлықпен қарауды қоғамның күнделікті дағдысына айналдыру.

Қазіргі таңда экологиялық мәселелерді шешуде заманауи технологиялардың мүмкіндігі кеңінен пайдаланылуда. Мәселен, заңсыз қоқыс орындарын анықтау үшін ғарыштық мониторинг пен түрлі цифрлық жүйелер қолданылады. Бұл ел аумағындағы экологиялық жағдайды тұрақты бақылап, проблемалы учаскелерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Қабылданған шаралардың нәтижесі де байқала бастады. Биыл анықталған рұқсат етілмеген қоқыс орындарының басым бөлігі тазартылып, олардың 77 пайызы жойылған. Дегенмен мәселені тек салдарымен күресу арқылы шешу жеткіліксіз. Сондықтан қалдықтардың пайда болуын азайту, оларды сұрыптау және қайта өңдеу жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

Осы бағытта өңірлерде қалдықтарды сұрыптау және өңдеу кешендерін дамыту жоспарланған. Кейбір жобалар тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, одан энергия өндіру мүмкіндігін де қарастырады. Мұндай тәсіл қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтып қана қоймай, бұрын қажетсіз деп есептелген қалдықтарды пайдалы ресурс ретінде пайдалануға жол ашады.

«Таза Қазақстан» бастамасының тағы бір маңызды бағыты – елді мекендерді көгалдандыру. Ағаш отырғызу, жасыл аймақтарды көбейту және табиғи аумақтарды қалпына келтіру жұмыстары қоршаған ортаның сапасын жақсартуға ықпал етеді. Жасыл желек – қаланың көркін арттыратын сән ғана емес, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыратын маңызды табиғи фактор.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Дәулет Есмагамбетовтің айтуынша, экологиялық мәселелерді шешуде әрбір азаматтың жауапкершілігі маңызды.

– Тазалықты сақтау белгілі бір мекеменің немесе мемлекеттік органның ғана міндеті ретінде қабылданбауы керек. Қоршаған ортаға ұқыпты қарау әр адамның күнделікті өмір салтына айналғанда ғана нақты нәтиже болады. Сондықтан инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, халықтың экологиялық мәдениетін көтеру де басты назарда, – дейді ол.

Бұл ретте жас ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісі де ерекше маңызға ие. Табиғатты аялау, қоқысты кез келген жерге тастамау, ресурстарды ұқыпты пайдалану сияқты қарапайым қағидалар бала кезден қалыптасуы тиіс. Сондықтан білім беру ұйымдарында экологиялық мәдениетті насихаттау бағытындағы жұмыстарды күшейту көзделіп отыр.

Қоршаған ортаның тазалығы – баршаға ортақ жауапкершілік. «Таза Қазақстан» бастамасы осы түсінікті қоғам санасына орнықтыруды мақсат етеді. Заңсыз қоқыс орындарын жою, қалдықтарды қайта өңдеу, елді мекендерді көгалдандыру және экологиялық сауаттылықты арттыру – бір-бірімен сабақтас бағыттар.

Таза әрі жайлы орта өздігінен қалыптаспайды. Ол мемлекет, қоғам және әрбір азаматтың ортақ әрекеті арқылы жасалады. Сондықтан «Таза Қазақстан» – бір күндік сенбілік немесе уақытша акция емес, табиғатқа деген көзқарасты өзгертуге бағытталған ұзақ мерзімді қоғамдық бастама.

Өмір БАЙБОСЫН