Таза аула – ортақ мәдениет пен жауапкершілік

Тазалық – тек қоршаған ортаның көркі ғана емес, ол қоғамның мәдениеті мен әрбір азаматтың туған жеріне деген жанашырлығының көрінісі. Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы осы құндылықтарды қоғам санасына сіңіруге, табиғатқа жанашырлықпен қарауға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамаға айналды.

Ұлттық бағдарламаның басты мақсаты – елді мекендерді, қоғамдық орындарды және табиғи аумақтарды тазарту ғана емес. Оның мәні – әрбір азаматтың өз ауласына, көшесіне, қаласына және тұтас қоршаған ортаға деген жеке жауапкершілігін күшейту. Өйткені таза Қазақстан әркімнің өз үйінің табалдырығынан, өз ауласынан басталады.

Осы бағыттағы бастамаларды қолдау мақсатында Қарағанды хайуанаттар бағы оқушылар арасында «Таза аула – менің қамқорлығым!» атты бейнероликтер байқауын жариялады. Онлайн форматта өтетін байқау жас ұрпақты тазалыққа, еңбекқорлыққа және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға үндейді.

Байқауға қатысушылар өздерінің үлгісі арқылы үйінің айналасын қалай таза әрі жайлы етуге болатынын көрсетуі керек. Ол үшін аула аумағын ретке келтіріп жатқан сәтін бейнероликке түсіру жеткілікті. Қатысушылар қоқыс жинап, аумақты сыпырып, ағаштар мен гүлдердің айналасын тазалап немесе достары және отбасы мүшелерімен бірге ауланы абаттандыра алады.

Дайын бейнеролик Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшаға жарияланып, Қарағанды хайуанаттар бағының @krgzoo парақшасы белгіленуі тиіс. Байқау аяқталғанға дейін қатысушының жеке парақшасы ашық болуы қажет.

Ұйымдастырушылар оқушыларды шығармашылыққа шақырып, игі іске достары мен отбасы мүшелерін де жұмылдыруға үндейді. Бұл – тазалыққа деген көзқарасты жеке адамның міндеті ретінде ғана емес, ортақ құндылық ретінде қалыптастырудың тиімді жолы.

«Таза аула – бәрімізге ортақ жауапкершілік екенін өз үлгілеріңізбен көрсетіңіздер!» дейді ұйымдастырушылар.

Мұндай бастамалардың маңызы зор. Себебі қоршаған ортаның тазалығы әр адамның күнделікті әрекетінен құралады. Бір адамның жинаған қоқысы, бір отбасының тазартқан ауласы, бір сыныптың абаттандырған аумағы – барлығы біріге келе үлкен өзгеріске бастайды. «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасының басты идеясы да осы – тазалықты науқан ретінде емес, өмір салтына айналдыру.

Байқау қорытындысы бойынша үздік бейнеролик авторын Қарағанды хайуанаттар бағының арнайы сыйлығы күтеді. Ең бастысы, бұл байқау жас ұрпаққа туған жердің тазалығына қамқор болу – әр азаматтың ортақ міндеті екенін тағы бір мәрте ұғындыруға мүмкіндік береді.

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ