СҰҢҒЫЛА, ТҰЛҒА, ҰЛТТЫҢ ТІЛ ЖАНАШЫРЫ

ӘЛИФБИ

Әлифден ай йүзіңе ғибрат еттім,

Би, бәләи дәртіңа нисбәт еттім.

Ти, тілімнән шығарып түрлі әбиат,

Си, сәнаи мәдхия хүрмәт еттім…

***

Я, ярым, қалай болар жауап сөзің,

Мәт – қасың, тәштит – кірпік, сәкін – көзің.

Үтірмен асты-үстілі жазуда бар,

Болуға асты-үстілі көнсең өзің. 

Абай Құнанбайұлы

 

Ұлы Абай данышпанның «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмеген істің бәрі бос» деген тағылымды сөзі бар. Бұл сөз бізді бірлікке, өзара құрметке, елдікке үндейді. Ал сол елдіктің ең басты құндылықтарының бірі – Ана тілі. Тіл халықтың тарихын, салт-дәстүрін, дүниетанымын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін рухани көпір.

Бүгін, өткен екі ғасыр кезеңінде, алуан қатпарлы тарих көшінде халқының басын қосқан, беделін асырған, намысын оятқан, абыройын қорғаған тұлғалардың ой-ісі, өрісі, біздің рухани байлығымыз, ел құрметтеген ар-ожданымыз.

Солардың бірі – ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының рухани көсемі, Алаш қозғалысының көшбасшыларының бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы ең алдымен ұлтымыздың ұлы Ұстазы, елді ілім-біліммен сусындатқан Ағартушы, ана тілімізді түрлеуші Ғалым, қазақ тіл білімі ғылымының Атасы, зерек, данышпан, ақылман қырағы кең адам сұңғыла тұлға.

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне арналған мерекелік күн. Бұл күннің Ахмет Байтұрсынұлының есімімен байланысты себебі – ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің негізін қалаған, ағартушы, ғалым, ақын Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Ол қазақ баласының сауатын ашуға, ана тілінде білім алуға, ұлттық жазудың қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға.

Оның «Қазақ тіл білімінің антологиясы» атты ауқымды ғылыми кітабы, «Тіл – құрал» шығармасы, қазақ тілінің грамматикасы тұрғыдан жүйелеген, қазақ әліпбиін жетілдіріп, оқу-ағарту ісіне арналған алғашқы оқулықтары болып, бастау алған іргелі еңбектердің бірі еді.

Жоғарыда айтып кеткен Абайдың «Әлифби» өлеңі жалпы Шығыс әдебиетінде араб әліпбиі ретімен жазылған өлеңдер дәстүрі бар екенін білдіреді. Соған орай, әрбір тармағы араб әліпбиінің әріптерінен басталатын өлеңде ақынның сезім сипаты суреттелген және өлең қазақ әдебиетіндегі жаңашыл туынды түрінде оқылатынын көрсетеді.

«Әлифби өлеңі» өрнегіндегі әрбір 28 сөз 28 әріптің қалай оқылатынын (дыбысталатынын) аңғартатынын, әліпби оқырманының жадында оны бекіте түсетін дидактикалық мәнге ие екенін көрсетіп білдіреді.

Мысалы, «АБЖАД» (қазақтың сөйлеу тілінде айтылуы – әбжәт) – көне араб әліпбиінің алғашқы төрт әрпінің атынан құрастырылған сөз: алиф, бә, жим, дәл дегенін көрсетеді.

Ең бастысы, қазақ тіл білімі, жалпы түркітануда ерекше із қалдырғанын қазіргі дәуірге дейін, қазақ тілі біліміндегі «Байтұрсынов кезеңінің» табиғатын ашып, ғылыми зерттеу жүйесінде айтылып, мысал келтіруде.

Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Бүгінгі заман – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дарежеге жеткен заман десе, ХХI ғасырдың зымыраған кезеңінде, жаңа технологияның көрініс таспасы, жазбасы, сөйлеу әдістерінің құрлымы мүлдем басқа. Бірақ, сонда да, сөйлеу білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі онанда артық деп, – жазған «дыбыс жүйесі мен түрлері» 1-ші тіл танытқыш «Тіл – құрал» кітабында белгілі білімпаз Байтұрсын ұлы Ақымет, 1925 жылы (Қызыл-Орда қаласында).

Ал, тура жүз жыл аралығында біздің күйіміз қандай?

Қазіргі күні орыс тілінің емес, мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғау өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Әлеуметтік желілерде бұл жөнінде алыпқашпа әңгімелер көп. ХХІ ғасырдың құндылықтар парадигмасында біз үшін қазақ тілі басты орын алуы қажет. Өйткені тіліміз ұлттық мәдениет пен руханиятты үнемі, ұдайы жаңғыртып отырудың бірден бір көзі.

Ал бұл, біріншіден, қазақ тілін еліміздегі тілдік саясаттың басты бөлігі ретінде қарастыруға кепілдік береді.

Екіншіден, егемен еліміздің тіл саясатында мемлекеттік тілге берілген басымдық мемлекеттің тұтастығын айқындайтын мемлекеттік ұлт саясатының маңызды бөлігі. Зиялылардың бұған неқұрайды қарай алмай, БАҚ-та, әлеуметтік желілерде ой бөлісіп, пікір таластырып жататыны соның айғағы.

Үшіншіден, әрбір елдің қуатты күші, байлық-бақыты экономикалық даму деңгейімен ғана емес, сонымен бірге мәдени, рухани өрісімен де айқындалады, ал мәдени өре, рухани талғам халықтың ақыл-ойының көрінісі – тілге тікелей тәуелді. Қаншама, ұлттың болмысын айқындайтын ең асыл құндылығы – тілі десек те, қазақ тілінің қазіргі ахуалы көңіл қуантарлық емес. Әсіресе мемлекеттік мекемелерде, сот жүйесінде, әкімшілікте, тіпті білім беру саласында ана тіліміз әлі күнге екінші орынға ысырылады. Мемлекеттік мекемелер мен құзырлы органдарда қазақ тілі көбіне ресми қағаз бетінде ғана бар болғандай. Тіл туралы заңымыздың қағидалары жиі ескерусіз қалады.

Тіл мен мәдениеттің дамуындағы – қоғамдық бірлестік, биліктің арасындағы делдал болатұра, екі араны жалғайтын маңызды көпір болып, тұрақтылығын нығайту тұсында атқарар салмағы зор.

Қазақ тілі – тек қана бір ұлттың емес, тұтас мемлекеттің, ондағы әр этнос өкілдерінің де тілі екенін түсінетін кез келді. Қоғамдық орындарда, сауда орталықтарында, көлік жүргізушілері мен жолаушылар арасында орысша сөйлесу әдетке айналған. Бұл жағдай тек тілдің мәртебесіне емес, ұлттың болмысы мен рухына да зиянын тигізеді. «Тілі өлген елдің өзі де өледі» деген даналар сөзінің ақиқатын күнделікті өмірімізде сезініп жүрміз.

«Халықаралық қазақ тілі қоғамының» қызметі құралып жатқан кезде оған балама ретінде 2016 жылы қаламызда ғасыр адамы, марқұм Темірғали Көкетай біз қазір қызмет етіп жүрген облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті қоғамын» құрған еді. Кейінгі төрт-бес жылдың жүзінде бұл ұйым қаламыз ғана емес, өңір-өңірлердегі тіл мәселесіне, руханиятқа, тұрмыстық ахуалға қатысты көптеген шараға арасалып, өз ұстанымын айғақтап келеді. Қоғам мүшелерінің қатары күнбе-күн толысу үстінде, жүрек әмірімен тіл тағдырына алаңдайтын азаматтар кілең. Әлеуметтік желілерде парақшамызды ашып, уақыт қажеттілігіне сай сайтымызды іске қосып отырмыз.

Жергілікті биліктегі тіл басқармасына қазіргі күні кең өріс алып отырған тіл заңнамасын бұзушылыққа қатысты заңға негізделген әдістемелік нұсқаулық та дайындалып, шара үстінде қолданып жүрсе де, көп нәрседен қағажу көріп келе жатқанымыз рас.

Мемлекеттік мекемелерде, көшелерде қазақ тілінің қолданысын қадағалауды қоғам мүшелері Сәкен Келдібаев, Аңғар Смағұл ағаларымыз, тағы басқа тіл жанашырлары өздерінің басты міндетерінің бірі санайды. Қоғамдық бірлестіктің жауапты хатшысы Жұпар Жақан түрлі шараның басы-қасында мұрындық болып жүргендігін түртіп айту керек. Сөзжасамға байланысты толықтырулар бойынша қоғамдық бірлестіктің мүшесі Жаңабек Нар өз үлесін қосып қоғамға пайдалы жұмыстар атқаруда.

Жалпы білім беру мекемелерінде қоғам мүшелері білім алушылармен, ата-аналармен кездесуді мықтап қолға алуда.

Өңірлерде зейнетке шыққан, бірақ еңбектері еленбеген бірталай мұғалімдерге қоғам атынан төсбелгілер дайындап, тапсырдық.

Жоғары оқу орындарындағы студеттермен кездесулер жоспар бойынша өткізіліп тұрады.

Әсілінде, мемлекеттік органдар мемлекеттік тілге мойын бұрмай-ақ келеді. Мәселен, ҚР Бас Прокурордың 2020 жылғы 10 шiлдеде шыққан «Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы» № 85 бұйрығы шыққан. Онда «Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі» (ӘІБТ) деген тіркес кездеседі. Бұйрық мәтіні қазақша болса да, бұйрықтың электрондық тасымалдағышында, яғни мобильді қосымшасынның хаттама бөлігінде «Единый реестр административных правонарушений» (қысқаша ЕРАП) деп, орыс тілінде берілген. Біле білгенге бұл, арға – сын, намысқа – сызат түсіретіндей хәл. Осыған орай неге «ЕРАП», неге қазақша «ӘІБТ» емес деп, құзырлы органға Қоғам атынан шағым түсірдік. Сол шағым баянды болды. Шағымымыздан соң, Бас прокуратура орысшасын әзірлеушілерге (разработчиктерге) қайта тапсырма беріп, қазақшаға түзетті. Бұл да біз үшін үлкен жеңіс. Қазақтілді қоғам үшін. Тіл қолданыста ұсақ-түйек болмауы керек.

Жергілікті жазушы Өмір Кәріптің 85 жас мерейтойына орай, өңірлік «Arqa Aqshamy» газетінде мақалалар ұйымдастырып, айқарма бет арнадық. Қазақ әдебиетінде жазушылардың дені ауылдан шыққандар десек те, олар туған жерінен алған әсерін ұлт мұрасына айналдыра алды ма, гәп сонымен өлшенбек. Ондай жазушылар қазақ әдебиетінде некен-саяқ, солардың бірегейі Өмір ағамыз екенін айттық.

Қазақ тілінің заң тілі, ғылым тілі ретіндегі атқарып отырған қазіргі жай-күйінің анық көрінісі, қалпы осындай.

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығымен бірлесіп Бұқар жырау ауданында «Ұлттық диктант» өткізуге Гүлдана Жаркеева атсалысып, қоғамдық бірлестіктің атынан Алғысхат табыстап қайтты.

Қоғам мүшесі Темірғали Аршабеков «Қарағанды қаласының годонимдері: ескі және жаңа атаулар» атты кітап шығарды. Бұл ретте кітапты шығаруға селбес болған Тіл басқармасына көптен-көп рақметімізді айтамыз. Қаламыздың шежірелік сипаты көше атауларын да көрініс тауып жататыны бар. Өзгелерге ұқсамайтын басты ерекшелігі, олар қала тарихымен етене тығыз байланысты келеді. Бұрынғы кеңес дәуірінде жергілікті халықтың қалауынан тыс, үстем саяси көзқарастардың ықпалымен берілген атаулар қаламызда әлі де мейлінше көп екендігі туралы жазылды.

Қазір тіл төңірегінде даулы істер көп. Анайы сөз айтып, ар-ұжданым қорлады деп сотқа жүгінетіндер баршылық. Осы «анайылықты» анықтайтын тәуелсіз линвистикалық сараптама орталығы құрылған абзал деп көп жылдан бері айтып-ақ келеміз.

Тіл қоғамдық құбылыс болғандықтан, оның түйіткілді мәселелері қоғаммен бірге талқылаумен, біте қайнасып жатса ғана шешіледі. Қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ететін бақылау органдарының жұмысы күшейтілуі тиіс. Қоғамдық насихат бір сәтке де үзілмеуі керек.

Егер әрбіріміз қазақша сөйлеп, балаларымызды қазақ мектебіне беріп, күнделікті өмірде ана тілімізді қолдансақ, қазақ тілі өз тұғырына көтерілері анық. Ұлттың ұяты – тілінде, намысы – дәстүрінде емес пе?!

Ендеше, қазақ тілін құрметтейік, оны күнделікті өмірде қолданайық, балаларымызға үйретейік. Тіл — халықтың жаны. Тіл бар жерде – ұлт бар.

Қазақстан халқы тілдері күнімен құттықтаймын!

Серік Хамзаұлы МҰСТАФИН,

саясаттанушы, қоғам белсендісі, Қарағанды облысы «Қазақ тілі және мәдениетті дамыту» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Саран қаласы «Ақсақалдар кеңесінің» мүшесі