Бүгінгі қоғамда ана тіліміздің мәртебесі туралы сөз қозғалғанда, көңілге қуаныш пен өкініш қатар ұялайды. Бір жағынан, мемлекеттік тілдің қолданылу аясы бұрынғымен салыстырғанда кеңіп, жастардың ана тіліне деген ықыласы артып келеді. Қазақша контент көбейіп, кино, музыка, подкаст салаларында тіліміздің тынысы ашылды. Дегенмен, тереңірек үңілсек, қазақ тілінің әлі де қоғамда толыққанды «өмірлік қажеттілікке» айнала алмай отырған ең басты өзекті мәселелерін байқауға болады.
Басты өзекті мәселе – қолданыс деңгейі төмен. Мемлекеттік мекемелерде құжат айналымы қазақ тіліне көшірілгенімен, олардың басым бөлігі әлі де орыс тілінен механикалық түрде аударылады. Бұл тілдің табиғи қолданысын бұзып, құрғақ, ресми бюрократиялық тілді қалыптастырды. Ал бизнес, IT, медицина, ғылым және қаржы салаларында қазақ тілінің үлесі әлі де жарытымсыз.
Тілдің қолданылуындағы негізгі кедергілер мен себептеріне тоқталсақ, экономикалық және заңдық қажеттіліктің жоқтығы. Азаматтар қазақ тілін білмей-ақ жоғары табысты жұмысқа орналаса алады, қызмет көрсету орындарынан өз тілінде жауап алады. Тіл қажеттілікке айналуы үшін ол ақша табудың, мансап қуудың және сапалы қызмет алудың басты құралы болуы тиіс.
Қазақ тілінде ғылыми және цифрлық контент тапшы. Өзекті оқулықтар, әлемдік бестселлерлер, бағдарламалау тілдері мен кәсіби әдебиеттердің қазақ тіліндегі сапалы нұсқалары әлі де жеткіліксіз. Сұраныс бар жерде ұсыныс болмаған соң, тұтынушы басқа тілдегі ақпаратқа жүгінеді.
Оның үстіне тұтынушылық талап төмен. Қоғам тарапынан «маған қызметті қазақ тілінде көрсет» деген талаптың бұқаралық сипат алмауы. Біз көбіне ыңғайлылықты таңдап, өзге тілге тез көшіп кетеміз.
Бір жағынан жарнама мен көрнекі ақпараттың сапасы көңіл көншітпейді. Көшедегі жарнамалар мен тақталардағы сауатсыз аудармалар тілдің беделін түсіріп, оған деген құрметті азайтады. Қазақ тілін ұранмен немесе курстармен ғана емес, нақты нарықтық және заңдық механизмдермен қажеттілікке айналдыру керек.
Бүгінгі күнгі жағдайға байланысты заңның үстемдігі жоғары болғаны жөн. Мемлекеттік қызметке, халыққа қызмет көрсету салаларына орналасуда тіл білу талабын қатаңдатса, біраз шаруа оңтайынан шешілері даусыз және бизнес саласын ынталандыруды қолға алса, қазақ тілінің әлеуеті артар еді. Қазақ тілінде сапалы өнім мен қызмет ұсынатын бизнес өкілдеріне салықтық немесе әкімшілік жеңілдіктер қарастырғанның да артықшылығы көп. Ғылыми, техникалық және балаларға арналған контентті заманауи трендтерге сай дамыту да бүгінгі күні алда тұрған міндеттердің бірі.
Тіл ұлттың жаны ғана емес, ол заманауи бәсекеге қабілетті құрал болуы тиіс. Ана тіліміз әрбір азаматтың күнделікті өміріндегі, кәсібіндегі ең басты қажеттілігіне айналғанда гана мәселе толық шешімін таппақ.
Аңғар СМАҒҰЛ,
Облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті
қоғамдық бірлестігінің» алқа мүшесі
