Мектеп – білім бұлағы

Томирис – деп аталатын жаңа үйлердің қасында орналасқан №24 жалпы орта білім беретін мектебінде «Таза Қазақстан: Конституция құндылықтары – экологиялық мәдениет пен жауапкершіліктің негізі» тақырыбында 2026-2027 оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиын өткізілді. Салтанатты жиынды мектеп директоры Бектемиров Қанат Айтқожаұлы алғашқы жүрекжарды құттықтаумен бастады. Мерекелік шараға Қарағанды қаласы білім бөлімінің әдіскері Исаева Айнагүл Самыратқызы және Қарағанды облысындағы полиция бөлімінің бастығының орынбасары Зайтов Қанат Қазбекұлы арнайы қатысып, мектеп ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

Жаңа оқу жылының басталуымен мектебіміздің табалдырығын 125 оқушы қуанышпен аттап, білім әлеміне жаңа қадам басты. Әсіресе, мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған бүлдіршіндерімізге алғашқы оқу күндері сәттілік пен жарқын әсерге толы болсын!

Ал биылғы оқу жылында мектебіміздің 40 түлегі білім ордасындағы соңғы оқу жылын бастап отыр. Түлектерімізге оқу жылында жоғары нәтижелер көрсетіп, алдағы сынақтардан сүрінбей өтіп, таңдаған мамандықтары мен армандарына жетулеріне тілектеспіз.

Қадірлі ата-аналар! Құрметті ұстаздар! Сіздерге жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі еңбектеріңізге шығармашылық табыс, зор денсаулық және қажымас қайрат тілейміз. Әр шәкірттің жетістігі – сіздердің маңдай терлеріңіз бен еселі еңбектеріңіздің жемісі болсын! Балаларыңыздың білім жолындағы әр қадамына қолдау көрсетіп, олардың биік белестерді бағындыруына бірге себепкер болыңыздар. Әр шаңыраққа амандық, береке мен бақ-дәулет тілейміз. Қымбатты оқушылар! Жаңа оқу жылын жаңа мақсаттармен, жарқын армандармен бастаңыздар! Білімге құштар болып, ізденуден талмаңыздар. Табиғатты аялауды, қоршаған ортаны таза ұстауды, заңды құрметтеуді, жауапкершілік пен адалдықты өмірлік ұстанымдарыңызға айналдырыңыздар. Әрқайсыңыздың жетістіктеріңіз мектебіміздің мерейін арттыра берсін. Жаңа оқу жылы құтты болсын! 2026-2027 оқу жылы баршамызға толағай табыс, жаңа жетістіктер мен жарқын жеңістер әкелсін!

Білім жолындағы қадамдарыңыз нық, еңбектеріңіз жемісті, болашақтарыңыз жарқын болсын, деген игі тілектер айтылды.

– 2025 жылдың 10 ақпан айында осы жаңа Келешек мектебі ашылды. Сол жылы мектебімізге 500 оқушы қабылданды,  қазіргі таңда 1 100 оқушыға көбейді, – дейді бізбен сұхбатында мектеп директоры Қанат Айтқожаұлы.

Бүгінгі заманның басты ерекшелігі, еліміздегі білім әлемін сапалы түрде дамыту. Білімі мықты елдің ұрпағы білікті болып, тұтас әлемді зерделей алатын – өркениетті елдердің өрелі тірлігінен көріп отырмыз. Бұл жолда ұлттық ерекшелігімізді сақтай отырып, саналы түрде білім сапасын арттырып, дамыған елдердің қатарына қосылу. Жаңа ғасырдың жаңа ұрпағы ой-санасы биік, қарым-қабілеті ерен, алғырлығы айтулы болып қалыптасуы қажет. Ұлттың ұлы болуы, жұрттың жұтынып өркендеуі, ұрпағының тәлімді де тәрбиелі болуына тәуелді. Тіршілік өмірімізді көріктендіретін қазақи әдет-салт үлкенге құрмет көрсету арқылы халқымыз биік мақсаттар мен асыл мұраттарға қол жеткізген.

Бүгінгі білім беру үдерісінде дайын білім беруден гөрі, өздігімен оқып-үйренуге, өзіндік пікірін ұсынуға жетелейтін жоғары деңгейдегі ойлау дағдыларын қалыптастыруға, оқушыларға бағыт-бағдар берген дұрыс па деп ойлаймыз. Дарынды оқушылардың ойлау ерекшеліктерін ескере отырып, өзіндік пікір, ізденімпаздық, шешімдер шығара алатын сыни тұрғыда ойлау қабілетін, дағдыларын дамыту өте қажет.

Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген құнды пікірі бар. Шын мәнінде бүкіл адам болмысы осы тәрбиеге тікелей байланысты. Қазіргі жасөспірімдерді рухани — адамгершілікке тәрбиелеу маңызды мәселелердің бірі. Демек, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып құндылықтары халықтың қоғамдық пікірі арқылы  қорғалып және дұрыс сақталса – ұлттық тәрбие мұралары да жоғары деңгейде болмақ.

Рымтай ШӨКЕЙҚЫЗЫ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

«Қоғам қайраткері» төсбелгісінің

иегері