Шөженің толғауын шырқаған

Айтулы әнші Ардақ Мұқышты ертеден білем. 2008 жылдары мектеп бітіріп Қарағандыға кеп жатқанымызда Елебеков атындағы әншілер байқауының бас жүлдесін алып жатқаны есімде. Ол кезде бұл кісілердің даусы жер жарғандай еді. Ғаламат, нағыз даланың үні, алапат үн алыстан қасиетті сарындай баурап алатын. Бұрынырақ бір аста тыңдап едім даусын. Далада, төбенің басына құрылған сахнада аңыратқан. Ән есімде жоқ, даусының қуаты-ай деп ойлағам. Жаяу Мұсаның досы Араптың «Сұрша қызын» жеріне жеткізіп салатын ағам. Онда да стадионда шығып шырқаған. Осы үш сәтіне де кездейсоқ куә боп, «ой, мықты әнші екен-ау» деп түйгем. Қайда-а, мектепті енді бітірген бозбала шағымда бұл.

Кейін Ардақ аға Арқада қазақ өнеріне аянбай қызмет еткенін жіті таныдық. Біздің елдегі Ақадыр кентінде дәстүрлі ән мектебін ашып, шәкірт тәрбиеледі. Тамаша шәкірттер алып шықты. Аймақтық деңгейде дәстүрлі ән байқауларын өткізіп жүрді, облыстық газетте тілші боп жүріп көз көрген соң айтам. Ән мектебі ғана ма, Ақадырда қабырғалы жазушы Өмір Кәріптің қасында жүріп қаншама қазақы құндылықтарды дәріптеді. Соның бірі Шет ауданы көлемінде қолға алып, Ақадырда өтетін ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ еді. Біздің қазақ қоғамы енді кірісе бастаған Қымызмұрындықты (Байқымыз, Қымызфест, т.т. байырғы қымызмұрындықтың заманауи бір қыры ғана) 2012-13 жылдары Өмкең ақсақал мен Ардақ әнші Ақадырда дүркіретіп өткізетін. Қазақтың өзіне еншілі төл мәдениеті ғой, көк көтеріле соған қатысып, көкпар тартып, ән тыңдап жырғап қайтатынбыз. Оны кезінде облыста ешкім елемесе де, қазір ел көлемінде Қымызға қатысты шаралардың бәсі артып келеді. Бұл кісілер сол кезде мұндай шараны елдің тойы ғып ұйымдастыра алды, аудан деңгейінде қап қойды демесек. Сонда ғой, Ардақ аға ел ішінен Соқыр Шөженің әнін тауып алып, орындап жүретін. Кейін үнтаспаға жаздырдым деген. Осындай да еңбектері бар әншінің…

Тағы бірде Кәмел Жүніс ақсақалдың жанында жүретін. Ол кісінің де ел біле бермейтін әндерін алып, үлкенді-кішілі сахналарда салғанын талай тыңдадық. Кәмекең Қақпан ақынның домбырасын кезінде біздің аталас жақындарымыз Жекенұлы Серікболдың шаңырағынан аттай қалап алғанын білемін. Жекен ақсақал сөз ұстаған көшелі адам, арғы аталары Арыстанбек Балапанұлы старшын, Кенесарымен келіссөзге жүрген батыр адам. Мазары Ақадырдан әрі Қотыраба етегінде тұр. Заманында Арсекең Шөже ақынды алдырады екен. Жыр жырлап, ән салып, құмардан шығып қайтарында:

«Баласы Балапанның Арыстанбек,

Дауысың естіледі алыстан кеп.

Мен өзім Кемпірбайдай сұрамаймын,

Бермесең өзің біліп пақырым деп» дейтін көрінеді. Ол кісі ат мінгізіп, мал айдатады екен. Содан құты үзілмеген Жекен ақсақал шаңырағында Соқыр Қақпанның домбырасы қалып, ол Кәмел Жүніс қолына түсіп, онымен осы Ардақ Мұқыш ағам Қақпанның әнін құйқылжытқанын неге жазбасқа, неге айтпасқа?

«Қарқабат, Қаракесек атым Қақпан,

Жүйрікпін шығанақтан шыға шапқан» деп жырлаған ақынның домбырасы Кәмекеңнің музей-үйінде тұрса керек. Әні Арекеңнің жүрегінде ораулы. Иә, Арекең осындай әнші! Қазақ өнерінің жоғын түгендеп ауылда жүрсе де аз қызмет еткен жоқ ұлттық өнерге. Ақадырда дәстүрлі ән мектебін қалыптастырды, дәстүрлі өнер қорына Шөженің әнін қосты. Халық ақыны Самат Мұсабековтің «Қарабұлақ», «Әйел ана», «Мен қазақпын» әндерін тұңғыш орындап, үнтаспаға жазғаны бөлек әңгіме. Осындай Арекең кейінгі жылдары Жезқазғанға барып, Ұлытау облысында еңбек ете жүріп елуге кеп қалғанын естиміз. Ұлытауға барғанда да Ғалым Мұхамединнен соң Тайжанның ел ішіне көп тарала қоймаған әнін тауып алып, оны да орындап жіберді. Сөйтіп жүрген ері елуге кеп жатса да елі үнсіз. Не облыс көлемінде ән кеші өтпеген, концерті берілмеген, әндері тыңдалмаған, аты аталмаған… Өзі атаусыз қалғандарды түгендеп жүргенде өзін де атаусыз қалдырмақ па деп кейідім. Бұл кісі маған тау арасында, ел ішінде жаяу жалпылап әр ауылдан қазақтың дәстүрлі ән өнерін жинап, соны елге насихаттап жүрген өлермендей көрінеді. Астана мен Алматыдағыларды ғана ардақтай бермей, ел жақтағы өнерпаздарға да қарайласып қойыңдар, биліктегілер! Бұлар да жарғақ құлағы жастыққа тимей қазақ өнерін халыққа жайып, үлгі шашып келеді. Кезінде Елебеков атындағы әншілер байқауының бас жүлдесін Қайрат Байбосын ағаның өзі табыстаған Арекеңе, одан соң атақ бұйырды ма, жоқ па, естімедік қой. Нағыз ел ішінің өнерпазына Мәдениет қайраткері сынды бірдеңе неге бұйыртпасқа? Ол еңбегіне татымаса да, мезіреті ғой. Мұндай өнерпазға қимаған атақта құн қала ма? Қазір бүкіл қазақ даласын әнмен кезетін репертуары бар Ардақ Мұқыштың. Соған құлақ түрейік, өнердің қадірін білейік, ендеше!

Жәнібек ӘЛИМАН