Ардагерлердің алғашқы спартакиадасы

Қарағанды облыстық ардагерер кеңесі тамыздың тамылжыған соңғы күндерінің бірінде   облыс орталығындағы Ұлттық және ат спорты түрлерінен «Қайрат» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің базасында өз тарихында тұңғыш рет ардагерлер арасында Ұлттық спорт түрлерінен спартакиада өткізді.

«Қайрат» спорт мектебі директоры Нұрлан Шайхин мен «Қарағанды облысының ұлттық және ат спорты түрлерінің федерацисы» ҚБ басшысы Саян Бакиров біздің өтінішімізді қабыл алып, жарыстардың ережесін жасауға көмек көрсетті, спартакиаданы өткізуге төрешілер тағайындады, сол үшін ағалық алғысымызды білдіреміз. Спартакиада кейінгі кезде елімізде кеңінен қанат жайып келе жатқан Дәстүрлі садақ ату, Асық ату, Арқан тарту және бұрыннан танымал Тоғызқұмалақ түрлері бойынша өткізілетін болды. Кейін арқан тарту түрі кейбір себепке байланысты Қол күресіне алмастырылды.

Жарысқа қатысуға алыстағы Ақтоғай ауданы мен Приозерск қаласынан басқа барлық ардагерлер кеңесі ниет білдірді. Тыңғылықты әзірленіп, командаларын баптай білді. Тіпті Қарағанды (төрағасы Төлеужан Ахметбеков), Балқаш (Тайтөлеу Жұманов) қалалық және барлық селолық аудан төрағалары құрамаларын өздері бастап келді. Осакаров (төрағасы Оразбай Бутеев) және Нұра (Зарлық Мақсұтов) аудандары үшін спартакиада өткізу соншалықты таңсық нәрсе емес. Мұнда үш-төрт жылдан бері өздерінде спорттың төрт-бес түрінен (шахмат, дойбы, үстел теннисі, волейбол, дартс) жарыстар өткізіп қана қоймай бірін-бірі қонаққа шақырып, спорттық бәсеке дами түсті. Қыза-қыза келе көршілес Ақмола облысының әуелі Аршалы, биыл Ерейментау ауданы ардагерлерін сайысқа шақырды, сөйтіп облыста ардагерлер спартакиадасың өткізуге ой салып, мұрындық болды.

Спартакадының өзіне келсек, спорттың қай түрі болмасын қызықты, тартысты өтті. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов сапқа тұрған командалар алдында құттықтау сөз сөйлегеннен кейін клубтың екі-үш залында жарыстар бірден басталып, қыза түсті. Үлкен зал асық ату мен садақ атуға бейімделген екен. Бала кезімізден бәріміз ойнағандықтан ба, әсіресе асық ату жарысының соңғы кезеңі өте думанды болды. Бұл кезде тоғызқұмалақтан басқа жарыстар аяқталып, спортшылар мен жанкүйерлер асықты қызықтады. Сақасы асыққа тигенде сүйікті футбол командасы гол соққандай зал гуілдеп кетеді… Бұқар жырау ауданынан келген шүйкедей Қабдрахман Сейітов ақсақал әр атыстан кейін дамыл таппай дөңгелекті шыр айналып жүгіре береді екен, содан алқынып шаршап та қалды. Дегенмен 3-орын алып, командасына маңызды 9 ұпай әперді (ережеге сай 1-орынға 15 ұпай, 2-орынға 12 ұпай беріледі). Мұнда Шет ауданына келген сабырлы да салмақты Марат Есмағамбетов «алтыннан», абайлық маңғаз жігіт ағасы Серік Сарин «күмістен» алқа тақты. Атап өту керек, командаларын бастап келген Шет және Қарқаралы аудандық кеңестерінің төрағалары Өмірғали Қызылов пен Несіпхан Темірғалиев те балалақ шақтарын еске түсіріп, асық иірісті. Ал Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық кеңесі төрағасының орынбасары, өзі бесаспап спортшы Ислам Мүсілімов командасын баптап, жарыстың бірнеше түрі бойынша бағын сынап, өзгелерге үлгі көрсетті.

Қол күресі жылдам бітті. Мұнда Осакаров ауданынан келген балуан денелі Рамзан Сардалов ешкімге есе жібермеді. 2-3 жүлделер Бұқар жырау ауданының мықтысы Серікбай Нұрмағамбетов пен Қазыбек би ауданының ойыншысы Қанат Оспановқа бұйырды. Садақ атудан қарағандылық ішкі істер ардагері Мейрам Манабай мергендігін танытты, бірақ жасы кіші болғандықтан және ережеде бұл мәселе көрсетілмегендіктен дау туып, ол кісінің нәтижесі командалық есепте ғана ескерілді. Сондықтан бас жүлдені қарқаралылық Қалел Дәрібаев қанжығасына байлады, нұралық Тілеубай Әбілжанов пен осакаровтық Керейхан Абдикерул келесі жүлделерге ие болды.

Тоғызқұмалақ сайысы ұзаққа созылды. Қазақтың бұл көне ойынынан ардагерлер арасында да шеберлеріміз бар екен. Күткендегідей шахтинскілік спорт шебері, жастар тәлімгері Қатиша Утепбева 1-орын, Юлия Фалик (Бұқар жырау ауданы) 2-орын, ал тағы бір спорт шебері Жұмахан Бетчинов (Қазыбек би ауданы) 3-орынды иеленді. Барлық жеңімпаз бен жүлдегелерге дипломдар мен медальдар тапсырылып, ақшалай сыйлық берілді. Командалық есепте жеңімпаз атанған Бұқар жырау ауданы (төрағасы Мұрат Исабаев) мен келесі орындарға ие болған Осакаров және Қазыбек би ауданы командаларына дипломдар мен үлкенді-кішілі кубоктар және қомақты ақшалай жүлде табыс етілді.

Спартакиадаға қатысушылар облыстық кеңес өткізіп тұратын дәстүрлі шахмат, дойбы, бильярд турнирлерімен қатар енді ұлттық спорт түрлерінен додалардың қосылуын жылы қабылдап, жарыстарды жыл сайын жалғастыра беруді тіледі.

Аман ЖАНҒОЖИН,

облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы