Үлкенге құрмет – ұрпаққа өнеге

Қазақ «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді. Аға буынға құрмет көрсету – халқымыздың ежелден қалыптасқан асыл дәстүрінің бірі. Үлкеннің батасын алып, ақылын тыңдау, қажет кезінде қол ұшын созу – кейінгі ұрпақтың парызы. Бүгінде бұл дәстүрді жаңғыртып, қоғамдағы өзара жанашырлықты арттыруға жастар да белсенді атсалысып келеді.

Осы бағытта «Әділет» партиясының Жастар қанаты 7 қыркүйектен бастап еліміздің барлық өңірінде «Ардагерлерді ардақтайық» акциясын өткізіп жатыр. Игі бастамаға жастар қанатының 100-ден астам белсендісі қатысып, бүгінге дейін 200-ге жуық қартқа көмек көрсеткен.

Акция аясында ерікті жастар ардагерлер мен жалғыз тұратын зейнеткерлердің үйлеріне барып, күнделікті тұрмысына қолғабыс етеді. Үй мен ауланы жинастырып, азық-түлік пен қажетті заттарды жеткізеді. Яғни жастардың көмегі нақты іске бағытталған.

Алайда бұл бастаманың мәні тұрмыстық қолдаумен ғана шектелмейді. Жастар қарттардың хал-жағдайын сұрап, әңгімесіне құлақ асады. Өмірден көргені мен көңілге түйгенін тыңдайды. Өйткені аға буынның әрбір естелігі – кейінгі ұрпақ үшін өмірлік сабақ, ал олардың жүріп өткен жолы – үлкен тарихтың бір бөлшегі.

Жастар қанаты жетекшісінің орынбасары Ержан Хамитовтың айтуынша, бұл акция бір реттік шара ретінде емес, тұрақты түрде жалғасатын игі дәстүрге айналуы тиіс.

«Біз аға буынға қолдау көрсетуді жастар арасында жақсы дәстүрге айналдырғымыз келеді. Мұндай кездесулер күнделікті тұрмыста көмек көрсетіп қана қоймай, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға, үлкендердің өмір жолы туралы әңгімелерін тыңдап, тәжірибесінен үлгі алуға мүмкіндік береді», – дейді ол.

Шын мәнінде, мұндай кездесулердің екі тарапқа да берері мол. Жастар үлкенге көмектесе отырып, мейірімділік пен жауапкершілікті бойына сіңіреді. Ал қарттар өз кезегінде кейінгі буынның ықыласын сезініп, қоғамнан тыс қалмағанын аңғарады.

Қарағандылық ардагер Владимир Мамин де жастардың назарын ерекше бағалайтынын айтады. Оның пікірінше, егде жастағы адамдар үшін материалдық көмектен бөлек, жылы сөз бен қарапайым адамдық қарым-қатынастың өзі маңызды.

«Кейде бізге көп нәрсе де керек емес. Жылы сөз бен шынайы ықыластың өзі жеткілікті. Жастар келіп, жағдайымызды сұрап, көмектессе, біз үшін оның маңызы зор», – дейді Владимир Мамин.

Бүгінгі қоғамда адамдардың бір-біріне деген жанашырлығы мен қамқорлығы аса маңызды. Әсіресе жалғыз тұратын қарттардың жағдайына назар аудару – ортақ жауапкершіліктің көрінісі. Мұндай игі істер көпшілікке үлгі болып, қайырымдылықты күнделікті өмір салтына айналдыруға жол ашады.

«Ардагерлерді ардақтайық» акциясының тағы бір маңызды қыры – ұрпақтар сабақтастығын нығайтуында. Қарияның үйін жинастыруға көмектескен жас оның өмірлік әңгімесін де тыңдайды. Бір қарағанда қарапайым көрінетін осы сәттердің өзінен үлкен тағылым түюге болады.

Аға буын – елдің кешегісі болса, жастар – оның ертеңі. Екеуін жалғайтын алтын көпірдің бірі – өзара құрмет пен ықылас. Сондықтан үлкенге көрсетілген әрбір көмек, айтылған әрбір жылы сөз қоғамдағы адамгершілік құндылықтарды бекемдей түседі.

«Ардагерлерді ардақтайық» акциясы еліміздің барлық өңірінде жалғасын табады. Партия мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Демек, бұл бастама бір күндік науқаннан гөрі жастардың үлкенге деген құрметін нақты іспен көрсететін тұрақты дәстүрге айналмақ.

Ерік РЫМҒАЛИЕВ