Интеллектуалдық иммунитет

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын ұлт» идеясы – мәдени бастама ғана емес, елдің интеллектуалдық және рухани қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселе. Білмеген у ішеді деген бар. ал оқырман ұлт дайын ақпаратты жұта салмайды. Оң-терісіне үңіледі. Мұндай елдің жауапкершілігі жоғары.

Осы орайда Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабы бастамасын іспен бекіткендей құндылық. Бұл еңбек мемлекет пен қоғамның дамуына қатысты өзекті мәселелерді жүйелі түрде қарастыруға мүмкіндік береді. Қазір қызу талқыланып жатқаны сондықтан. Кітап 21 тақырыпқа бөлініп, онда заң мен тәртіп, білім мен ғылым, ұлттық құндылықтар, жастар, цифрландыру, мемлекет пен қоғамның дамуы секілді кең ауқымды мәселелер қамтылған. Демек, белгілі бір саланы ғана емес, елдің бүгіні мен болашағын түрлі қырынан пайымдауды көздейді. «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» деген атауында тұр. Бір жағында әділетті қоғам құру тұрса, екінші жағында әділетке жетудің рухани негізі шыншыл сөз жатыр. Шындық қайдан туады, шыншыл мінез бен рухтан жаралады. Қоғамдық мәселелерді жасырмай талқылау, жауапкершілікті сезіну идеясы осы жерден көрінеді. Әділет туралы айтқан ғана оңай, әдетке айналдыру үшін қоғамдық сананы өзгерту қажет. Ал сана өзгерісі білімнен, тәрбие мен мәдениеттен, кітаптан басталады.

«Кітап оқитын ұлт» деген сөздің астарына үңілгенде, мәселе тек кітап санына келіп тірелмейді. Адамның қанша кітап оқығанынан бұрын, сол кітаптан қандай ой түйгені маңызды. Бір кітап адамның мамандығын өзгертуі мүмкін. Бір шығарма оның туған халқына деген көзқарасын қалыптастыруы мүмкін. Бір тарихи еңбек елдің өткенін жаңаша түсінуге жол ашады. Бір ғылыми кітап жаңа ізденіске себеп болуы мүмкін. Сондықтан кітап оқу – адамның интеллектуалдық иммунитетін қалыптастыратын құрал.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ