Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы бүгінде нағыз бұқаралық қозғалысқа айналды. Бұл бастама елді мекендердің сыртқы келбетін жаңартып қана қоймай, әрбір азаматтың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен экологиялық мәдениетін арттыруға жол ашты. Осы орайда, ауданымыздың іргелі елді мекені — Ақадыр кентінде де жүйелі де ауқымды іс-шаралар жүзеге асуда.
Экологиялық акцияны талапқа сай ұйымдастыру үшін кент әкімдігінің мамандары мен жергілікті мекемелер нақты көшелерге бекітілді. «Таза бейсенбі» акциясы мен дәстүрлі сенбіліктер кезінде мамандар, мекеме ұжымдары және жергілікті тұрғындар тізе қоса отырып, ауқымды тазалық шараларын өткізді.
Кент әкімдігі тұрғындарға аула айналасын ретке келтіру жөнінде алдын ала ескертулер беріп, талаптарды орындамағандарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік айыппұлдар салды. Бөлінген мекемелер жүктиегіштер, тракторлар мен жүк көліктерін жұмылдырып, санитарлық тазалауға белсенді үлес қосты. Нәтижесінде жеке және көпқабатты тұрғын үй аулаларынан жиналған қоқыс арнайы полигонға шығарылды. Жыл басынан бері көктем-жаз айларында елді мекен бойынша 2 500 тонна күл-қоқыс шығарылып, 1 000 түп ағаш пен 10 000 түп гүл отырғызылды. Аталған шараларға бір мезгілде 7 бірлікке дейін арнайы техника тартылды.
Жергілікті аймақтың жасыл желегін көбейту де басты назарға алынды. Саябақтар әкімшілігі жүмыскерлерінің тарапынан егілген 150 жас көшет пен 5 000 түп гүл Теміржолшылар саябағына, ықшамаудандағы және С.Сейфуллин атындағы кіші саябақтарға, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің алаңына, сондай-ақ кентке кіреберіс жолдың жиектеріне көрік беріп тұр. «Жасыл аймақ» апталықтары барысында демалыс орындарындағы орындықтар, жарықшамдар, балалардың ойын алаңдары мен қоршаулары жөнделіп, қайта сырланды.
Абаттандыру ісімен қатар, қоқыс контейнерлеріне арналған алаңдарды қоршау жұмыстары да қолға алынды. Бұл бастаманы «Ержүрек» мүгедектігі бар адамдар қоғамы» іске асырып, 10 арнайы алаңды толық қоршап шықты.
Өкінішке қарай, ауыл ішінде қараусыз жүрген ірі қара мал мен жылқы иелері тарапынан жануарларды жаю қағидаларын бұзу фактілері де тіркелді. Әкімдік мамандары мен жергілікті полиция қызметкерлері бірлесіп, жауапсыз мал иелеріне ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 408-бабына сәйкес тиісті айыппұлдар салды.
Сонымен қатар, инфрақұрылымды жаңарту да қалыс қалып жатқан жоқ. Ж.Қыздарбеков көшесінің бойында аумағы 3 000 шаршы метрді құрайтын жаяу жүргіншілер жолы мен суағар арығы салынып жатыр. Мердігері — Жаңаөзен қалалық «Кәсіпкерлер» қоғамдық бірлестігі. Сонымен бірге, Абай даңғылы мен Ж.Қыздарбеков көшелерінің қиылысы, «Кооператив» ауылының көшелеріне қарама-қарсы аумақ, Ш.Уәлиханов көшесі және М.Мәметова атындағы мектеп ауласындағы бұрынғы футбол алаңының орнына балалар мен жасөспірімдерге арналған заманауи шағын футбол алаңдары бой көтерді.
Ауылдағы тағы бір игі іс — ықшамауданның №5 және №18 үйлерінің аралығында орналасқан екіқабатты тұрғын үйлердің аулаларын бетондау. Бұл жұмыстар бүгінде қарқынды жүргізіліп, аяқталуға жақындап қалды.
Жазда «Жасыл ел» бағдарламасы аясында кенттің 50-ге жуық жасы жұмыспен қамтылды. Олардың қатарында жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары бар. Жұмысқа тартылған жастардың 50 пайызы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан. Жас өрендер ағаш пен бұта отырғызып, гүлзарларды баптау, жол жиектерін арамшөптен тазарту сияқты маңызды істерге өз үлестерін қосты. «Жасылелдіктер» Жастар ұйымының бастамасымен және ұйымдастыруымен «7 бөтелке – бір балмұздақ» атты экологиялық акция өткізді. Шараның басты мақсаты — көшедегі пластик қалдықтарды жинаумен қатар, демалыстағы оқушыларды тазалыққа баулу болды. Әрбір бала 7 бөтелке тапсырып, орнына балмұздақ алды. Нәтижесінде 1 000-нан астам пластик құты жиналып, қайта өңдеуге жіберілді.
Тазалық — тек сыртқы көрініс емес, ол — елдіктің, ішкі мәдениеттің айшықты көрсеткіші. Ақадырлықтардың туған мекенді түлетудегі ортақ ісі келешек ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Бас бастама алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
